Руханият

«Өлі разы болмай…»

Мемлекет және қоғам қайраткері, «Алаш» партиясы мен «Алашорда» қозғалысы жетекшілерінің бірі – Әлімхан Ермековтің мәңгілік мекені осы Қарағандыда екені белгілі бір уақытқа дейін көпшілікке беймәлім болып келгені жасырын емес. Осыдан 5 жыл Арқаның белсенді азаматтары Алаш алыбының зираты осында деп сүйіншілеген. Содан кейін журналистер мен зиялы қауым өкілдері алтын адам қорымын тапқандай тайлы тұяғымен сонда ағылды. Телеарналар мен басылымдар және әлеуметтік желі біршама уақыт дүрлікті. Кеш ескергеніміз һәм елегеніміз үлкен өкініш, кемшілік, әрине. Қалайша білмедік, ескермедік деген сауал талайын мазалады сол жылы. Бірақ, баба зиратын көргеннен кейін ел болып жерге қарағанымыз тағы бар. Себебі, зираттың маңайын қоқыс басқан, көктасы тозып, жазуы өшуге айналған. Бір сөзбен айтқанда, сол зиратта мынау жарық жалғаннан күйбең тірліктің илеуіне түсіп, елеусіз көшкен әлдебіреу жатқандай сезімде қалдық. Іле-шала «Алаш ардақтысының зираты неге қараусыз?» деп, тілшілер жарыса жазып, мәселе көтерген. Қаққан дабыл естілді.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Расында, Әлімхан бабамыздың зираты елеусіз қалғаны – елдігімізге сын. Бар заманның шуағына шомылған егемен Қазақстанның жас ұрпағы тәу етіп баратын жер еді ғой. Бұл шаруаны сол уақытта қалалық мәслихаттың төрағасы болған Құдайберген Бексұлтанов қолға алған еді. Ол депутаттар мен қала билігінің және қоғам белсенділерінің назарын осы мәселеге аудартқан. Әуелі кәсіпкерлерді жұмылдырып, маңайындағы күл-қоқысты тазартты. Содан кейін бірнеше жиын өткізіп, зиратты абаттандырудың жобасын әзірледі. Бұл күнде Әлімхан Ермековтің бейіті гранит тастармен қоршалған. Қарағандыға келген меймандар, тарихшылар және ел тарихына бейжай қарамайтындар қазір баба басына барып, тәу етеді. Жыл сайын 31 мамыр – қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнінде Алаш ардақтысының зиратында құран оқылады.

– Дана халқымыздың «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген сөзі бар. Өкінішке қарай, біраз жыл Әлімхан атамыздың зираты қараусыз жатты. Кейбір азаматтар бабамыздың сүйегін басқа жерге апарып жерлейік деген ұсыныс айтқан еді. Бұдан басқа да ұсыныстар айтылды. Бірақ, біз аруақты мазаламауды жөн көрдік. Қарағандыдағы ірі кәсіпкермен бірлесіп, сәулетші таптық. Сол маманмен бірге абаттандырудың жобасын әзірледік. Бұл күнде баба зиратына барып тәу етуге барлық жағдай жасалған. Зиратқа адастырмай апаратын жолнұсқағыштар орнатылған. Граниттен жаңа құлпытас орнатылды.

Әлімхан бабамызды жас ұрпақ үнемі жадында һәм жүрегінде сақтауы тиіс. Біз – есіл ердің алдында қарыздармыз. Әр азамат Әлімхан Ермековтің ғұмырынан тағылым алып, ұлт үшін аянбай еңбек етсе дейміз, – деді Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов.

Қазақтың тұңғыш математигі, профессор, ғұлама ғалым, белгілі ағартушы, қазақ тіліндегі тұңғыш «Жоғарғы математика курсы» оқулығының иесі Әлімхан Ермеков Қарағандының Михаилов деп аталып кеткен бөлігінде, ДСК зауытының іргесіндегі қорымда жатыр.

Ерік НАРЫН,
ҚАРАҒАНДЫ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button