«Әлі де жүрек сыздайды, дене мұздайды»
Арада қырық жылға таяу уақыт өтсе де, 1986 жылғы желтоқсанда Алматы қаласында орын алған қасіретті де қасиетті оқиға ұлт тағдырына бей-жай қарай алмайтын әрбір адамның санасын сілкіп, қазақ ұлтына отаршылдықтың төндірген азабы мен мазағын қайтадан сараптауға ұмтылтады. Желтоқсанның ызғарына тоңып, коммунистік-фашистік идеологияның қуғынына түскендердің бірі – қарқаралылық азамат, аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Сләмиден Нұркенов. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында осы азаматпен хабарласып, осыдан 39 жыл бұрын өзі куә болған оқиға туралы естелігін айтып беруді өтіндік. Төменде Сләмиден Қамашұлының әңгімесін назарларыңызға ұсынып отырмыз:

– Республикамыздың сол кездегі астанасы Алматыға еліміздің әр түпкірінен арман қуып келіп, студент атанғанымызға да көп болған жоқ еді. Екі жыл кеңес әскері қатарында қызмет етіп, 1986 жылдың күзінде Алматы зооветтехникалық институтының зооинженерлік факультетіндегі оқуымды екінші курстан жалғастырдым. Бірінші курсты бірге оқып, одан кейін көпшілігіміз бір әскери бөлімде екі жыл бірге қызмет еткендіктен болар, курстас жігіттер бір-бірімізге кәдімгідей бауыр басып, достығымыз нығая түскен. Ол кездегі жастардың арасында жүзге, руға бөліну болмайтын. Туған жерінің, елінің, ата-анасының аманатын арқалап келіп, жоғары оқу орнында оқып жүрген жастар өздерін келешекте ауыл зиялысы болуға жан-жақты дайындап жүретін.
Желтоқсанның 16-сы күні, түстен кейін әр студенттің бөлмесіндегі қабырғада ілулі тұратын ең жедел ақпарат жеткізетін радиоқабылдағыштан Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің пленумы өткені жайында хабар тыңдап, ол жерде Дінмұхаммед Қонаев орнынан босатылып республикаға Ульянов обкомының бірінші хатшысы Геннадий Колбин тағайындалғаны туралы естідік.
Тың игеру кезінде, 1956-шы жылы құрылған Абай атындағы совхозда туып-өсіп, «халықтар лабораториясының» әсері мен «әсемдігіне» көзім жеткен және қайда барсаң да «кіші» халықтың өкілі екендігің бетіңе басылатындықтан бұл біз үшін бұл ыза мен реніш туғызатын хабар болды. Бөлмедегі жігіттердің ойын «Неге қазақ емес? Ұлттар өзін-өзі билеуі керек деген принцип неге аяқ асты болды? Еліміздің тізгінін ұстайтын бір азамат қазақ арасынан табылмады ма?» деген сұрақтар шабақтап жатқаны хақ.
Иә, бұл кезде КСРО-да империялық амбиция барынша қарқын алып, орыс шовинизмі асқынған еді. Себебі, сол кездегі шыққан кітаптарда да, түсірілген киноларда да орыстан басқа ұлттардың өкілдері екінші қатардан ғана көрінетін. Орта Азия халықтарының өкілдері бейнелене қалса, олар орыс тілін шала-шарпы ғана білетін, ұдайы күлкі мен мазаққа ұшырып жүретін кейіпкерлер деңгейінде ұшырасатын. Осы жағдайлар әрбір қазақ баласының ар-намысына тиіп, ашу-ыза шарасынан асып төгілетін деңгейге жетіп еді.
Сол 16-шы желтоқсан күні кешкілік жігіттер вахтаға жиналып, «бұл қалай болды, енді не істесек екен?» деп ақылдасып отырғанымызда жатақханаға бейтаныс үш жігіт кіріп келді. Біреуі басына бөрік киген, мұртты, реңді, сұңғақ бойлы, театр актеріне ұқсайтын жігіт екен. Өздерін консерваторияның және ҚазМУ-дың жоғары курс студенттеріміз деп таныстырды. Жөн сұрасқаннан кейін төтесінен «бүгінгі жағдайдан хабардарсыңдар ма, не ойларың бар?» деген сауал тастады ортаға. Азын-аулақ кеңесіп, ертең таңертең сағат 8.00-де Орталық алаңға жиналамыз деп уағдаластық.
Жалындап тұрған жиырма жастағы 50-60 жігіт 17-ші желтоқсан күні сағат сегіз болмастан алаңға жетіп келдік. Жатақханамыз алаңға алыс емес. Бізді көрген милиция сержанттарынан құралған патрулі жанымызға келіп: «Не істеп жүрсіңдер таң атпай? Бұл жерде тұруға болмайды, кетіңдер!» деді. Көп кешікпей жанымызға милиция офицерлері келіп, талаптарымызды тыңдап тұрған еді, жанымызға бір қара «Волга» тоқтап, ішінен генерал түсіп, бізге қарай беттеді. Балалықтың әсері де болар және қазақтан шыққан генералды тірідей алғаш рет көргендіктен бе, оған ішіміздегі барлық ойымызды ақтарыла айтып бердік. Ол кісі әкелік қамқорлық танытқаны ма, әлде жүйені өзгерту мүмкін еместігіне шынайы сенімді ма, әйтеуір бізге «Қайтыңдар. Бекер оқудан шығып қаласыңдар. Санкциясыз митинг өткізген үшін қылмыстық жауапкершілік бар» деген сөзін қайталаумен болды. Біз онсыз да қайда бара жатқанымызды, әрекетіміз үшін бізді не күтіп тұрғанын білгенбіз. Себебі, ата-бабаларымыз көрген қуғын-сүргіннің зардабы санамызға сіңіп қалған. Бір реттік акциямен кеңес өкіметі құламайтыны анық және КСРО-ны құлатып тастайық деген мақсатымыз да болған жоқ.
Алаңға жиналған жастардың қарасы аз боп көрінгендіктен, спортта «бәсекелес, бақталас» ауыл шаруашылық институтының балаларын көре алмағандықтан біздің топ алдымен ауыл шаруашылығы, одан кейін педагогикалық институттардың студенттерін қосып алмақ болып, солардың жатақханаларына қарай беттедік. Оларды қатарымызға қосып, қайтадан алаңға келдік. Әрі қарай оқиға тура деректі фильмдегідей өрбіді.
Ерекше есте қалған дүние: жанымызда сол кезде елуді еңсерген, Қазақстанның Халық қаһарманы, қазақстандық және бұрынғы кеңес театр, кино және опера режиссері, қоғам қайраткері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов болды. Ол кісі биліктің ұйымдастыратын арандатушылығына берілмеуге шақырып, акцияны бейбіт шеру ретінде өткізіп, талаптарымызды өркениетті түрде жеткізуіміз керек екендігін айтумен болды. Алайда, мемлекеттік машина мен бейбіт шерушілердің мүмкіндігі бірдей болуы мүмкін емес қой.
«Жаным – арымның садағасы» деген тұжырымды әр қазақ бойына сіңіріп өскен ғой. Біздің курстың студенттері алаңда бір топ болып жүрдік. Зоология факультетінің 2-ші курс студенттерін жеке-жеке атау артық емес. Солардың ішінде иық тірестіріп бірге жүрген достарым: Алмас Кенжебеков, Ерғалы Битембаев, Нөсерғали Сейілханов сияқты жігіттердің табандылығын ерекше атап өтер едім. Бір-бірімізді түгендеп, әскерден қорғап, көз алдымызда ұстап әкетпек болған жастарды күшпен құтқарып, тартып алып отырдық. Кез келген күш кереғар күшті туғызады. Биліктің күштік құрылымдары бізді аямады, біз де оларға аяушылық жасамадық. Сол сәттер еске түскенде әлі де жүрек сыздайды, дене мұздайды.
Текетірес аяқталып, ақыры жатақханаларымызға тарастық. Ерекше есте қалған жағдай: көңілде сол баяғы құлдық психологияны өзінің бойынан сығып шығара алмай жүрген, отарлықтың уы генетикалық үрейге ауысқан қазақтардың мінездері мені таңғалдырған жоқ. Жастарға «ат қойып, айдар тағып» оларды бұзақылар, ішкіш, нашақорлар деген біздің ұлтымыздың бетке ұстарлары империядан кешірім сұрағандай болып, баспаға қолдарын қойып, үндеу жариялап жатты. Сол уақытта тергеу жұмыстары да жүргізіле бастады. Қолдан жасаған дәлелдер, фотомонтаж, сол сияқты басқа да әдістер қолданылды. Осындай жаланың құрбаны болып курстас досымыз Жәлел Әуезов бес жылға бас бостандығынан айырылып, мерзімінің жартысынан көбін өтеп, одан кейін ақталып шықты. Қаншама өрімдей жастың тағдыры талқандалды. Студент жастардың өздері ғана емес, ата-аналары мен ағайын-туыстары да ұшырады. Көпшілігіміздің аман қалғанымыз сол кездегі институт ректоры Қалдыбек Сәбденұлының пәрмені және сол кісінің абырой-беделі деп білеміз.
Ермек БАЛТАШҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
Қарқаралы ауданы



