Руханият

Үлгісі ұлттық қайнардан

Қабдеш ЖҰМАДІЛОВТІҢ «Қапастағы бұлбұлдар» атты мақаласы бар. «Сталин заманында өмір сүрген ақындардың көрген күнін Құдай басқа бермей-ақ қойсын» деп бастайды да, соғысқа дейін және кейін Қасым заманында өмір сүрген Тайыр ЖАРОКОВ, Ғали ОРМАНОВ, Абдолла ЖҰМАҒАЛИЕВ, Жұмағали САЙЫН, Қапан САТЫБАЛДИН сынды ақындарды атайды. «Осылардың ішінде табиғат берген таланты дайын қалыпқа сыймай, асып-төгіліп, кейінгі ұрпақпен тіке тіл қатысқан ақын – Қасым Аманжолов қана» дейді жазушы. Расында «Қасым солай болмаса, несі Қасым?» (Мұқағали).

Иә, «Қасым деген қалғыған жанартау ғой, жанартау ғой, жанды да кетті өртеніп» деп әспеттеп алып жөнелуге болар еді. Қызыл сөзден мүйіз шықса? Мұқаңның бұл өлеңі ақынның бағасын дәл беріп тұр дегенімізбен, түптің түбінде бір өз шындығымыз жатуы керек қой. Сөйтіп, қайдағы-жайдағыны ойлап отырғанда, сол кездің аспауы тиіс межесінен Қасым қалай шығып кетті деген сұрақ туады. Мағжанның баласы, Абайдың мирасқоры Қасым алғашқы өлеңдерінің өзінде өмірді ақындық сертпен сүргендігі айқұлақтанады. Шамырқанған шумақтарының қай-қайсы болсын асаудай тұлан тұтып, жер тарпып тұрады. «Серінің сертке таққан семсеріндей, өлеңнің өткірін бір алшы менен» демей ме өзі де? Ақындық дерттен гөрі ақындық серттің десі басым қашанда. Ұлттық ұстын мен адамзаттық сертке апаратын ұлы сапар ол. «Шарлаған жолым жатыр жер бетінде» деп айтуға да дүниенің асау толқындарынан тайсалмас асқақ рух керек. Бойыңда рух болмаса, басқасы бекер. Алған білім, жиған малдың құны көк тиын екен. Эрнест Хемингуейдің «Шал мен теңізіндегі» буырқанған жойқын толқындар мен жыртқыш балықтар арасында қалса да, беріспей тайталасып, «Тәңірінің берген өнерін» ту еткен қайсар мінез сол рухтан туады. Қиырсыз теңіз беті тіршілік айдыны болса, соққан дауыл мен долы толқындар – замана, сондай сұрапылдың арасында қалт-құлт еткен қайықпен қалған балықшы қарт – Қасым делік. Қанжығасында ешбір балықшы аулап түсіре алмаған аса сирек кездесетін алып алтын балық – «Тәңірінің берген өнері» бар. Оған қолы жеткенше тек соны бағып, іштей тек сонымен арбасып күн кешкен «балықшы қартта» басқа қандай арман болсын? Қалайда жағаға жеткізу керек Алланың бергенін. Долданған дауыл мен тау толқындар һәм жан-жағынан анталаған жыртқыш балықтардан аман алып өту – серт. Анау-мынау емес, ақындық, адамзаттық серт! «Сертің осы – азат жігіт, азат қыз!» (Қасым). Қасым осы серттен таймады. Өле-өлгенше сертін ұстап өтті өжет ақын. Бірбеткей, біртуар ақын поэзиясынан Махамбет мінез бен Мағжан рухтың лебі есетіні, сондықтан.

Жауған оқ пен жанған оттың ішінен бұқпантайламай тік өткен Қасым – болашақпен, уақытпен диалог құра алған ақын. Заманды күн тудырған саясат шеңберін бұзып-жарып шығып кетіп отыруының тағы бір себебі – сол. Тайсалмау. Абай «Көк тұман алдыңдағы келер заман» десе, Мағжан: «Мен жастарға сенемін», Қасым «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ» деді. Ақын Қасым бұлай десе, батыр Қасым Қайсенов «ол – өзін-өзі білген ақын» дейді естелігінде. Рас. Өйтпесе, болашақпен сөйлесе ме? Келер ұрпақпен сырласып, «сертің – осы, азат жігіт, азат қыз!» деп бұйыра ма? Ұлы қағанаттың ұзанынша «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы. Танисың ба сен мені, мен қазақтың баласы?!» демес еді олай болмаса.

Бала кезінде небары 6-7 жасына дейін ғана ауылда болды. Туған жері Сарыобалыдағы Қызыл, Көшен биіктерінен Қарқаралы да, Ақсораң да алыс емес. Кент тауы да тиіп тұр. Қасым уызына жарып өскенімен, жетімдік тағдырды ерте тартты. Қарқаралыдан Семейге еріксіз тағдырдың айдауымен жөнеді. Алаш арыстары ең бірінші ту тіккен Қарқаралыдан Абай топырағы бала Қасымды өзі тартып алған сияқты болады да тұрады. «Қарқаралы басына шыққан жанға, Шыңғыс таудың шыңдары көрінеді…» демей ме Ғалым Жайлыбай?! Егер ол Қарқаралыда тумаса, туған ауылынан Ақсораңға көз талдырып өспесе, Семейде білім алып, дүниетанымының іргетасы Абай топырағында қаланбаса, жанартау ақынға айналмас еді. Қарқаралы мен Семейден кейін Алаш арыстары ең көп шоғырланған киелі қазақ топырағының бірі – Орал. Қасымның алғашқы өлеңдері Семейде жазыла бастағанымен, ақындық қуатының айқындала бастаған жері – осы Орал қаласы. Қасым туған топырақ – алғаш қазақ даласында Алаш идеясы ту көтерген жер. Азаматтық көзқарасы қалыптасқан Семей топырағы – Алаш ақыл-ой мен парасатының бесігі, Абайдың елі. Алашорда үкіметінің астанасы. Азаматтық келбетін қалыптастырған Орал даласы да – Алаш арыстары көп шоғырланған ұлы мекен. Қасым сонда түгелдей Алашорда ізімен жүріп өткені айқындалып шыға келеді… Қазақ даласының шығысынан (Семей) батысына (Орал) бір-ақ өткені тегін емес. Тағдырының айдауы, дауылпаз ақынды өнердің тұнығына бастап отырған Тәңірінің ұлы емеуріні болса керек. Оның өлеңдері Абай мектебінен тамыр тартып, Мағжан рухымен үндесетіні – содан.

Өзінен кейінгі ақындар арасында Қасым мектебін үлгі тұтпағаны жоқ. Тәкен Әлімқұлов «оны елі дауылпаз ақын» атайды екен десе, Ғафу Қайырбеков 1991 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне жазған мақаласында «Қасым Аманжолов – қазақтың ұлттық ақыны» деп кесіп айтады. Онсыз да көрмеген көрешегі жоқ Қасымның кезінде неге «ұлтшыл» болып айыптала бергенін Ғафекең жеріне жеткізе түсіндірген әлгі мақалада. Ақын рухына жақындау үшін оның өмірі мен шығармашылығына қатысты толымды еңбек қалдырған Есмағамбет Смайылов пен Жайық Бектұровтың терең сырлы мақалаларын оқыған абзал. Публицист, әдебиет сыншысы Амангелді Кеңшілікұлы Қасым сынды ақындар қазақ әдебиеті былай тұрсын, әлем әдебиетінде азын айтады. Қарағандыдағы Гоголь атындағы облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының ұйымдастыруымен өтетін Қасым оқулары уақыт озған сайын жаңғырып келеді. Қазақстанның түпкіртүпкірінен қатысады талапкерлер. «Қасым» сериясымен «Мағжан» баспасынан қазақ және әлем әдебиетінің үздік шығармалары жаңадан басылып, интернет дүкендері арқылы нарыққа шығып, республика көлеміне тарап жатқаны тағы бар. Былтыр Оралда ақын тұрған үйге ескерткіш тақта қойылып, әдебиет үйі болып жаңартылды. Ұлттық арна деректі фильм түсірді. Қасымға құрмет, оның шығармашылығын насихаттау – қазақ мәдениеті мен руханиятына тиген үлес деген сөз. Елдің рухын бір биікке көтеру болып табылады. Ал, рухы биік елді ешбір жау ала алмайды. Қасымдардың жолы ұзағынан болсын, ендеше.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button