Үлгілі үрдіс
Өлшеулі өмір жалғасуын жазғанда еліне адал қызметімен танылып өткен аяулы азамат Аманбек Әбдіханов алдағы аз уақытта 70-ке толар еді.
Балқаштың маңындағы «Қарабұлақ» кеңшарында еңбек жолын бас экономист болып бастап, Жаңаарқа, Абай аудандары әкімі міндетін атқару кезінде жұртты риза еткен игі ісі есте сақталып келеді. Дүниеден озғанына он жылдан асқан асыл жанды ұмыттырмаушы үлгілі шараның бірі жыл сайын осы кезде өткізілетін еске түсіруге арналған волейболдан ерлер командалары арасындағы облыстық ашық біріншілік саналады. Өзі де спортты сүйіп, соған үйіріп жүретін азаматтың құрметіндегі жарыс биыл жетінші рет Астана қаласы мен Қарағанды аймағы белгілі волейболшылары өнерін сынға салды.
Он команда қатысқан тартыста теміртаулықтар бірінші орыннан көрінсе, ақжалдықтар мен астаналықтар үзеңгілес болды. Оларға осынау турнирді ұйымдастырушылар тарапынан ақшалай сыйлықтар берілумен бірге «Үздік шабуылшы», « Үздік қорғаушы», «Волейбол спорты ардагері» атанған Юрий Сенкевич, Азамат Балағазинов және Марат Оспановқа сияпаттар көрсетілді.
Бұл жарыстың арқасында облысымызда волейбол ойынын дамытуға үлкен қозғау салды. Әбдіханов атындағы турнирде танылған жігіттердің біразы таңдаулы командалар құрамына тартылып, халықаралық біріншіліктерде көзге түсіп жүр. Жастар ойына серпінділік, бойына сергектік беретін мұндай шаралар демеушілерге үлгі болуын, үрдіске айналуын тілейміз,– дейді бас төреші Болат Дүйсебаев.
Осынау игі бастаманы көтеруші Әбдіхановтар әулеті жарыс аясын кеңейтуді ойлайды. Алдағы жылы республикалық біріншілікке ұластыру, Қарағанды аймағын волейбол спорты ордасына айналдыру негізгі мақсат. Өтуі – бір түстік, есте қалуы бір күндік жиын-тойлардан гөрі мәні мен сәні бөлек осындай турнирлер түрін өзге жанашырлар да өрістете түссе, нұр үстіне нұр-ақ қой.
Айқын Несіпбай.