Үлгілі отбасы – тәуелсіз елдің тірегі
Жаңа Майқұдық мәдениет үйінде Қарағанды облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «Тіл қазына» әлеуметтік жобасы аясында «Үлгілі отбасы» облыстық байқауы өтті. Оған Шет, Бұқар жырау, Осакаров ауданы мен Қарағанды Шахтинск қаласынан жеті отбасы қатысты. Байқау қорытындысы бойынша Осакаров ауданынан келген Хавдрасал отбасы жеңімпаз атанды.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Бірінші кезең – таныстыру. Яғни, әр отбасы әулетін таныстырып, қазақтың дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын көрсетті. Ал, екінші кезең «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деп аталады. Мұнда команда мүшелеріне салт-дәстүр, қолөнері мен әдет-ғұрып жайында түрлі сұрақтар мен тапсырмалар берілді. Айта кетейік, облыстық кезеңге жолдама алған жеті отбасы да аудандық, қалалық кезеңнің жеңімпаздары.
– Байқау жоғары деңгейде өтті. Дайындық барысында көптеген нәрселерді еске түсірдік. Әрі білмейтінімізді де көкейде тоқыдық. Ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Ұлттық құндылықтарды дәріптейтін осындай іс-шаралар көбірек болса деймін, – деді Хавдрасал отбасының отағасы.
Байқау қорытындысы бойынша қарағандылық Өтешовтер отбасы І орын иеленді. ІІ орынды Бұқар жыраудан келген Мырзахановтар, ІІІ орынды Шет ауданынан Арыстанбековтер отбасы еншіледі.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Қалған қатысушылар көтермелеу сыйлықтарымен марапатталды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz