«Үлгілі отбасы» облыстық байқауы өтеді
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының тапсырысымен Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының және Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Қарағанды облыстық филиалының қолдауымен «Тіл – қазына» әлеуметтік жобасы аясында «Үлгілі отбасы» облыстық байқауы өтеді.
Отбасылық құндылықтарды дәріптеу, бала тәрбиесіндегі ата-ананың, немере тәрбиесіндегі ата мен әженің рөлін көрсету арқылы ұлттың тарихи құндылықтарын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылып отырған байқауға облыс аумағында тұратын толық отбасынан (кемінде 5 адам: атасы не әжесі, әкесі мен анасы, 2 баласы) құралған команда қатыса алады.
Байқау іріктеу және қорытынды кезеңдерден тұрады.
Іріктеу кезеңінде отбасылар байқауға қатысуға өтініммен қоса портфолио ұсынуы тиіс.
Қазылар алқасының шешімі бойынша іріктеу кезеңінен өткен отбасылар қорытынды кезеңге жіберіледі.
Қорытынды кезең 18-қазанда өткізіледі деп жоспарланып отыр.
Тіл мен әдебиет, мәдениет, тарих салаларының білікті мамандарынан, ғалымдардан, зиялы қауым өкілдерінен құралған қазылар алқасының шешімімен жеңіске жеткен отбасылар ұйымдастырушылар бекіткен жүлде қоры мөлшерінде арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталады.
Толығырақ ақпарат алу үшін төмендегі көрсетілген байланыс телефондарына хабарласуға болады. (87011703376, 87019530937)
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ