Білім

Үлгілі үйірмелер

Абай қаласындағы А.Құнанбаев атындағы №5 мектеп-гимназиясында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасын іске асыру мақсатында 1-11 сынып оқушыларының ата-аналарына арналған іс-шара өткізілді. Шараға 270-ке жуық ата-ана қатысты. Бұл шара мектептің тәрбие жұмысының біртұтас жүйеге негізделгендігін және балалардың жан-жақты дамуына бағытталғанын көрсетеді.

Сурет автордан

Шара мектептің әр қабатында ұйымдастырылған түрлі үйірмелер мен жобалар арқылы өтті. Келген ата-аналарды құрметпен қарсы алып, мектебіміздің екінші қабатында «Жас бүркіт» әскери-патриоттық клубының ең кіші тобы, 7-сынып қыздары мылтықты жинап, оны ретімен бұзуды көрсетіп, өз шеберліктерін танытты. Мылтық жинаудағы жылдамдық 22 секундты құрап, көрермендер назарын аударды. Бұл қойылым арқылы оқушыларымыздың шеберлік деңгейі мен тәртіптілік, жылдамдыққа деген қабілеттері айқын көрініс тапты. Мұндай іс-шаралар оқушылардың әскери-патриоттық рухын көтеріп, олардың болашақта еліміздің қорғаушысы болуға деген ұмтылысын арттыруға ықпал етеді.

Сонымен қатар, бағдарламамыздың келесі бөлімінде «Абайтану» курсының білім алушылары Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқып, көрермендерді тамсандырды. Оқушылар ақынның терең ойлары мен көркем сөздерінен шабыт алып, оның рухани мұрасына деген құрметтерін білдірді. Абайдың өлеңдері арқылы балалар өздерінің әдеби білімдерін шыңдап, ақынның өмірі мен шығармашылығының мән-маңызын терең түсінді. Бұл шара оқушылардың ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілігін арттырып, Абай мұрасын танып-білуге бағытталған маңызды қадам болды.

«Мен және экология» үйірмесінің қатысушылары пластик қалдықтардан жасалған шығармаларын ұсынып, Жандос Құрмет есімді оқушы жобасын таныстырды. Бұл жоба экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған маңызды қадамдар туралы ой тудырды. Оқушыларымыз табиғатты қорғау мен экологияға деген жауапкершілікті шығармашылық арқылы көрсетіп, пластик, қағаз, ағаш секілді экологиялық материалдардан түрлі бұйымдар жасады. Бұл балалардың қоршаған ортаға деген жанашырлықтарын, сонымен қатар, қолөнердегі шеберліктерін дамытуға зор мүмкіндік берді.

Алтын ОНТАЕВА,
А.Құнанбаев атындағы №5 мектеп-гимназиясы

директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Абай қаласы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button