Үлгілі үйірме
Қазақ жұртында сахна өнері, оның ішінде, би өнері бұрыннан ерекше қошеметке ие. Бұл өнер талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіліктің көрінісін айшықтайды. Оған қоса, жұрттың эстетикалық болмысын әспеттейді. Көрерменге айтар ақпаратты би тілімен көрсету үшін өнерпаздың тума дарыны, ерекше табиғи қабілеті болуы шарт.

Музыкалық ырғаққа сай дене қимылы мен қозғалыстары арқылы мың бұралған сан түрлі образдарды бейнелеуге болады. Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын дәлме-дәл жеткізуді мақсат етеді. Тіпті, тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады. Одан бөлек, бұл өнердің денсаулыққа тигізер пайдасы да орасан зор. Ол адамның арқа, іш, аяқ бұлшық еттерін нығайтады әрі сергектік сыйлайды, буын мен омыртқадағы зат алмасуын жақсартуға септігін тигізеді. Мамандар бишілік өнер адамға мықты қуат береді деп есептейді.
Саламатты өмір салтын насихаттау, оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану, эстетикалық талғамдарын қалыптастыру мақсатында қаламыздағы №14 мектеп-гимназиясында хореография үйірмесі екі жылдан бері жұмыс атқарып келеді.
Үйірме тегін және бастауыш сынып мұғалімі Майгүл Өмірбаеваның жетекшілігімен 2 сынып оқушыларына өткізіледі. Үйірменің екі жылдық ғұмырында жеткен жетістіктері де аз емес. «Наз» хореографиялық тобы Астана қаласында өткен «Baby talant» Халықаралық би фестивалінде І орын, Қарағандыда өткен «Мен жұлдызбын» республикалық хореография байқауында ІІ орын, «Сәлем, Астана!» халықаралық фестиваль – байқауында ІІ орын, облыстық «Би әлемі» байқауында ІІ орын және жақында «Аврора» мәдениетті қолдау қорының ұйымдастыруымен өткен «Биле! Жаңа жылдық маусым!» республикалық би байқауында жүлделі І орынды иеленді және Өзбекстан мемлекеті, Ташкент қаласында өтетін «Tashkent music festival» халықаралық байқауына жолдама ұтып алды. Жалпы бишілік өнер – бөлек әлем. Оның дамуында шек жоқ.
«Әрбір бала бір жұлдыз, жарқырауына жәрдем бер…» дегендей, бүлдіршіндерімізге жол қаражаты, костюм, сахналық образ жасауда демеушілік көрсетіп отырған ата- аналарымызға, оқушыларды байқауға дайындап, маңдай терін төгіп жүрген сынып жетекшісі Майгүл Рымханқызына ризашылығымызды білдіреміз.
Би өнері – эстетикалық құрал. Би арқылы түрлі ұлт өкілдерінің өзіндік ерекшеліктері, іс-қимылдары көрініп тұруы қажет. Сезім мен ой тереңдігін, өмірге деген құштарлықты тілсіз жеткізетін «Наз» би ансамблінің алар асуы әлі алда. Көк байрағымыздағы қыран құс сынды қанатын кеңге жайып, жыл өткен сайын репертуар қоржынын толықтырып, өз өнерлерімен жұртшылықты қуанта береді деп сенеміз.
Орынкүл ЕСЕБАЕВА
№14 мектеп-гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі