Жаңалықтар

Әлеужелідегі  әлем

Төтенше жағдай жарияланғаннан бері әлеуметтік желі – әлеуметтің «көзі, құлағы һәм тіліне» айналды. Жылы лебіз де, ақ тілек те, балалардың бал тілі де, аналардың ызалы күлкісі де, бірін-бірі жұбату да, қорқыту да – осында. Әсіресе, кейінгі уақытта дәрігерлер мен ұстаздарға елдің әр түкпірінен айтылған WhatsApp-тағы ақ тілек жүрегіңізді жылытады. Шынайы, боямасыз, жүрекжарды, тап-таза тілектер. Бүгін басылым қазіргі жағдайға байланысты жаңа жоба ұсынады. WhatsApp мессенджерінде қолдан-қолға өтіп жатқан аудио тілектердің жазбаша нұсқасы. Авторлары да беймәлім. Бірақ, айтылған алғыс пен тілек – шын. Мұндай риясыз ықыласты қазыналы қариядан бастап, тілі былдырлаған балаға дейін жолдап отыр. Қаз-қалпында ұсынылды. Ескерте кетейік, еліміздің қай түкпірінен жолданғанын, кім екенін нақты айта алмаймыз. Бірақ, айтылған алғыс, ыстық ықылас шекара мен өңірге бөлінбейді деп білеміз.

Бейтаныс азаматтың алғысы:
…Ағайынды айналаға жиып ап,

Біздер үйде отырғанда тынышта.

Медиктерің емханада, байқаңыз,

Ойы олардың «үйге қашан қайтамыз?»

Біздер үшін терін төккен жандарға,

Басымызды иіп алғыс айтамыз!

Фейсбук желісіндегі жазбадан:
Құрметті ұстаздар! Біздің төртінші тоқсан төтенше жағдайларға байланысты онлайн түрде қашықтықта өтуде. Онлайн сабақтар
жақсы, керемет өтуде. Бірақ та Сіздердің өздеріңіздің өткізген сабақтарыңызға ештеңе жетпейді! Біз сіздерді сағынамыз! Біз біргеміз! Біз үйдеміз! Біз үйде оқимыз!

Тілі былдырлаған балдырғаннан жеткен тілек:
Құрметті дәрігерлер! Сіздерге көпкөп алғыс білдіреміз! Сіздерге көп-көп алғыс білдереміз! Біз қол жуып, біз маска тағамыз!

Қазыналы қариядан алғыс:

Айналайын, ұстаздар! Сіздерге рақмет! Біз мына 3-4 баланы оқытамыз деп, миымыз ағып, шіріп кетті. Сіздерге «низкий поклон!» Сіздерге алтын медаль тақса да болады екен! Сіздердің мына балаларға білім бергендеріңізге мыңдабір рақмет. Алла тағаладан қайтсын еңбектеріңіз! Мына коронавирустан аманесен құтылып, балаларымыз алтын ұя – мектебіне бара қойсын! Айналайын,
рақмет сендерге!

P.S: Құрметті оқырман! Қазіргі күрделі кезеңде бірбірімізге жылы сөз, қолдау – күш, қуат береді. Осынау сын сағатта ажалмен бетпе-бет айқасқан ақ халатты дәрігер қауымға, күні-түні күзетте тұрған полицияға, санитарлық шараларды жүргізуге білек сыбана кіріскен сарбаздарға, кедергілерге қарамастан білім беруге барын салған ұстаздарға, осы індетті жеңуге жұмыла кіріскен ел азаматтарына, бірбірімізге жылы тілектер арнаймыз десеңіздер, мархабат! «Орталық» осы жоба аясында ондай ізгі тілек, ілтипаттарды жариялауға әзір. Жақсы сөз – жан жылытады. Дертке – дәру. Біз біргеміз!

Топтаманы әзірлеген Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button