Әлеуметтік жоба жүзеге асуда
«Қақпа алдында кездесу» әлеуметтік жобасы аясында жазасын өтеушілердің денсаулық жағдайын, білім деңгейін, жұмыспен қамтылуын, тұрғылықты жерінің болуын, сондай-ақ, оған көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмектің көлемін анықтау үшін қажетті мәліметтер, жеке тұлғасын зерттеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық ҚАЖД бастығының орынбасары Ғазиз ТАКЕШЕВ мәлім етті.
– Қарағанды облысының аумағында Кешенді стратегияны іске асыру шаралары пробация қызметінде «Қақпа алдындағы кездесу» әлеуметтік жобасын жүзеге асыру мақсатында атқарылуда. Аталған жоба аясында бостандыққа жаңа шыққан жандарға олардың туыстарының және пробация қызметінің өкілдері мен өзге де мемлекеттік органдардың қатысуымен әлеуметтік-құқықтық көмек көрсетіліп отыр. Әлеуметтік бейімдеу, қылмыстың қайталануына жол бермеу үшін және кәсіби білім алу, біліктілігін арттыру, жұмыспен қамту, кепілді медициналық көмек беру, құқықтық көмек, құжаттарын қайта қалпына келтіру іске асырылып жатыр. Мәселен, аталған шара аясында биылғы жылы 13 сәуірі күні С.Ермаков амнистияға ілігуіне байланысты АК159/20 мекемесінің дарбазасынан күтіп алынды. Ол Қарағанды қаласы Октябрь ауданының пробация қызметі тарапынан тіркеуге алынып, жүздескен уақытта қоғамға бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Содан кейін Архитектурная көшесіндегі әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ, жұмысқа тұрғызылып және психологиялық көмек алды,– деді Ғазиз Такешев.
Сонымен қатар, осы іспеттес көмек жобаға іліккен 80 адамға көрсетілгендігін айтты. Түзеу мекемесінен босап шыққандарды бостандықтағы өмірге бейімдеу – бұл қылмыстық-атқару жүйесі органының ғана міндеті еместігін сөз етті. Аталған бағытта барлық уәкілетті органдар мен үкіметтік емес ұйымдар кешенді ынтымақтастық жасау арқылы көмек көрсете алады.
Нұрдос КӘРІМ,
«Орталық Қазақстан»