Жаңалықтар

Әлеуметтік желіде қазақстандықтарға жаңа заңдарды қарапайым тілмен түсіндіретін парақша ашылды

Құқықтық мемлекеттің қалыптасуы халыққа құқықтық білім беру процесін дамытумен тығыз байланысты. Сондықтан халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруге мемлекет тарапынан баса назар аудару маңызды болып отыр. Қазақстанда әрбір мемлекеттік орган құқықтық түсіндірме жұмыстарымен айналысады, алайда ведомствоаралық үйлестіру жұмысын ұйымдастыру Әділет министрлігіне жүктелген. Аталған ведомство азаматтардың құқықтық сауатын көтеру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы бөлісті, деп хабарлайды ortalyq.kz Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап.

Сурет: adyrna.kz

Әділет министрлігі халықты құқықтық ақпаратпен қамтамасыз ету сапасының өзектілігін ескеріп, мемлекеттік органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, 2024-2026 жылдарға арналған құқықтық түсіндіру жұмыстары жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеген. Жоспардың іс-шаралары әр түрлі мақсатты аудиторияға бағытталған 4 тарауға бөлінген. Біріншісі – ұйымдастыру іс-шаралары.

Ведомство мемлекеттік аппараттың құқықтық түсіндіру жөніндегі барлық жұмысына, сондай-ақ қоғамның неғұрлым өзекті сұраныстарын анықтау үшін азаматтардың өтініштеріне талдау жүргізеді, одан әрі құқықтық түсіндіру бойынша жаңа тәсілдерді әзірлейді.  Бұл жұмыс мемлекеттік органдардың, БАҚ-тың ресми сайтында орналастырылған ақпарат, «Е-өтініш» бірыңғай платформасы арқылы, сондай-ақ халыққа арнайы жасалған екі сауалнама бойынша жүргізіледі.

Бірінші сауалнама құқықтық түсіндіру жұмысының деңгейін және ақпараттың неғұрлым сұранысқа ие көздері мен түрлерін анықтауға бағытталған. Осылайша министрлік халыққа құқықтық ақпаратты қалай дұрыс әрі оңай алуға болатынынын біледі. Бүгінгі таңда сауалнамаға 1783 респондент қатысты.

– Респонденттердің көпшілігі, яғни 71,8 пайызы өздерінің құқықтық білім деңгейлерін «орташа» деп бағалаған. Яғни олардың негізгі заңдар туралы түсініктері бар және қажет болған жағдайда оларды қызықтыратын сұраққа жауап таба алады. Қазақстандықтар құқықтық ақпаратты мемлекеттік органдардың сайттары мен базаларынан (83%) алады. Сауалнамаға қатысқандардың көпшілігі – 90 пайыздан астамы азаматтардың құқықтық мәдениетін орта және жоғары оқу орындарында тәрбиелеу және оқытудан бастау керек деп санайды, – деп мәлімдеді Әділет министрлігі.

Екінші сауалнама аймақтық әділет органдары арқылы құқықтық көмек алатын азаматтардың пікірін есепке алуға бағытталған.

Кері байланыс сауалнамасының көмегімен министрлік ақпарат беру сапасын қадағалайды. Яғни азаматтарға кеңес беру қалай жүргізілетінін, олардың сұрақтарына толық жауап беріле ме, өтініш берушілер жауапқа қанағаттана ма, жоқ па соны талдайды. Бұл сауалнаманы ай сайын ауылдарда өтетін «Заң көмегі күндері» іс-шарасы аясында толтыруға болады. Ай сайынғы акцияны аймақтық әділет органдарының қызметкерлері адвокаттармен, нотариустармен, заң кеңесшілерімен және сот орындаушыларымен бірлесіп ауыл халқына құқықтық көмек көрсету үшін ұйымдастырады.

Сауалнамаға қатысқан респонденттердің саны 1066 адамды құрады. Жалпы, азаматтар тарапынан АӘО, РАА, РНП, РП ЖСО және ҚР өкілдерінің жұмысына қатысты ескертулер болмаған.

Екінші блок азаматтарға ақпаратты өз бетінше зерделеу мүмкіндігін жасай отырып, құқықтық ақпарат беруде мемлекеттің белсенді рөлін күшейтуге бағытталған.

Көбіне қазақстандықтар заңдағы өзгерістер немесе жаңа заңның дайындалып жатқанын сол заң қабылданып қойғаннан кейін бір-ақ біледі. Ал бұл кезде бір нәрсе өзгерту тым кеш. Заңға сәйкес, Қазақстан азаматтары құжатты әзірлеу сатысында қандай да бір нормативтік-құқықтық актіге өз ұсыныстарын енгізуге құқылы.

– Бұл үшін мемлекет азаматтардың пікірін ескеру мақсатында «Ашық НҚА» порталын құрды. Алайда бұл портал туралы барлық азамат біле бермейді. Сондықтан мемлекет осы порталдың жұмысына мүмкіндігінше көп азаматтарды тартуға мүдделі. Осыған байланысты біз @zan.onai Instagram парақшасын ашып, оны қазақ және орыс тілдерінде жүргізіп жатырмыз. Мақсаты: «Ашық НҚА» порталында осы НҚА-ға тікелей сілтеме жасай отырып, әзірленіп жатқан НҚА жобалары туралы қарапайым тілмен түсіндіру, сондай-ақ азаматтарды нормашығармашылық процеске тарту. Сонымен қатар, парақшада ИНФОГРАФИКА, бейне рилс, нұсқаулар түрінде өмірдегі түрлі жағдайлар туралы басқа да құқықтық ақпарат жарияланады, – деді Әділет министрлігіндегілер.

Министрлік Instagram-нан бөлек, «Е-өтініш» жүйесінде «жиі қойылатын сұрақ-жауап» блогын құру, «Әділет» сайтында және НҚА эталондық бақылау банкінде қарапайым түсінікті тілмен заңнаманы түсіндіру және тағы басқа жолдар арқылы құқықтық ақпаратты ұсыну мәселесін пысықтамақ.

Іс-шаралар жоспарының үшінші тарауы өскелең ұрпақты, жастарды құқықтық тәрбиелеу бойынша жүйелі жұмысқа арналған.

Қазіргі таңда мемлекеттің назары өскелең ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға бағытталып отыр, өйткені құқықтық тәрбие ерте жастан басталады.

Сондықтан Әділет министрлігі оқушыларға берілетін ақпарат күрделі тілде жазылғанын және оқушылардың жасына және нақты қажеттіліктеріне сәйкес келмейтінін ескеріп, мектептердегі «Құқық негіздері» оқулығының мазмұнын қайта қарау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр. Себебі оқушылар мен мұғалімдер үшін мұндай ақпараттарды қабылдау көптеген қиындық тудырып келді.

Бұдан басқа, осы пән бойынша оқыту әдістемесін тұтастай қайта қарауды, сынып сағаттары, қосымша сабақтар аясында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді, сондай-ақ жастарға кеңес беру үшін Жастар ресурстық орталықтарын тартуды жоспарлап отыр.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button