«Ішімдіксіз ауылға» ізгілік ұялайды
Қазіргі таңда облыс аумағында 60-тан астам ауыл ішімдіксіз, саламатты өмір салтына көшкен. Нәтижесі де оң. Нақтырақ айтсақ, бір жыл ішінде бірде-бір қылмыс тіркелмеген.
Бұл туралы облыс әкімдігі жанындағы Жастар ісі жөніндегі кеңесте полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров егжей-тегжейлі айтып берді. Отырыста жастар арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері де талқыланды.
– Аймақта «Ішімдіксіз ауыл» жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде 63 елдімекенде тұрғындар алкоголь сатудан және салтанатты іс-шараларды спирттік ішімдіктермен өткізуден толығымен бас тартты. Қабылданған шешімнің сақталуын ауыл ақсақалдары бақылап отыр. Жоба жақсы нәтиже беріп, жыл басынан бері бұл елдімекендерде қылмысқа жол берілмеді, – деді Жасқайрат Қайыров.
Оның мәлімдеуінше, «Ішімдіксіз ауылдар» облыстың барлық жеті ауданында бар. Көпшілігі Ақтоғай, Қарқаралы және Осакаров аудандарында.
Жиында бұл тәжірибені аймақ бойынша кеңейту ұсынылды.
Құқық бұзушылықтарды көбінесе адамдардың мас күйінде жасайтыны атап айтылды. Бірақ, жанжалдар алкоголь тұтынғанда ғана туындамайды. Сондықтан да, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу, кәсіпкерлікті қолдау, бос уақытты ұйымдастыру сынды әлеуметтік шаралар назардан тыс қалмауы тиіс.
Жасқайрат Қайыров азаматтар мен жұртшылықтың құқықтық тәртіпті қорғауға қатысуы туралы да айтты. Мәлімдеуінше, жоғары оқу орындарында алты студенттік жасақ жұмыс істесе, ауылдық жерлерде 14 жасақ учаскелік инспекторларға көмектеседі. Облыста құқық қорғау бағытындағы 144 қоғамдық құрылым бар.
Сонымен қатар, биыл қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етуге белсенді қатысқаны үшін 30-дан астам адам ақшалай сыйақы алған.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев жастар қылмысының алдын алу бойынша барлық тиімді жобалар мен шараларды тиімді түрде қолдану қажеттігін айрықша атап өтті. Ішімдіксіз ауылдың ілгерілейтіні де тілге тиек етілді.
– Жасөспірімдер мен жастар арасындағы қылмыстың алдын алу – мемлекеттік жастар саясатының басым бағыттарының бірі. Бұл жұмысқа жастар ұйымдары мен үкіметтік емес ұйымдар да тартылуы керек, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.
Жәлел ШАЛҚАР,
Ortalyq.kz