Облыс бюджетінің 64,6 пайызы әлеуметтік блокты дамытуға арналған
Облыстық мәслихат депутаттары алдағы үш жылға арналған облыс бюджетінің жобасын мақұлдады. Жоспарланған құжат аймақтың әлеуметтік бағытын күшейтуге негізделіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған салаларға басты назар аударылған. Жалпы қаржы көлемінің 64,6 пайызы әлеуметтік блокты дамытуға арналған. Бұл қаражат білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау шаралары, инфрақұрылым сапасын жақсарту және тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге бағытталған жобаларға жұмсалады.

2026-2028 жылдарға арналған жоба облыстық бюджет комиссиясының, облыс әкімдігінің және Қоғамдық кеңестің отырыстарында жан-жақты қаралды. Сонымен қатар, ол бес салалық комиссияда және облыстық мәслихаттың барлық тұрақты комиссияларының бірлескен отырысында, бюджеттік бағдарламалардың барлық облыстық әкімшілері мен өңір өкілдерінің қатысуымен егжей-тегжейлі талданған.
Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Людмила Башаринаның айтуынша, жалпы қазына көлемінің 64,6%-ы әлеуметтік салаға бағытталады. Нақты экономиканы қолдау мен тұрақты дамуын қамтамасыз ету, сондай-ақ, бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 23,4% қаражат бөлінетін болады. Құқық қорғау қызметін қамтамасыз ету, төтенше жағдайлардың алдын алу, азаматтық қорғауды ұйымдастыру және пробация қызметінің жұмысын қаржыландыруға 5% жоспарланған. Ал, жалпы мемлекеттік шығыстарға бюджеттің 6,2%-ы қарастырылған.
Әлеуметтік-мәдени даму және әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова депутаттар тек дайындалған бюджет жобасын талқылап қана қоймай, оны алдын ала құру кезеңінде де белсенді қатысқанын хабарлады. Талқылау барысында халық қалаулылары 25 бастамашылық ұсыныс енгізген. Оның 20%-дан астамы 2026 жылға арналған бюджетте ескеріліп, қалғандары кейінгі жылдары жүзеге асыруға жоспарланып отыр.

Депутаттар бірқатар маңызды әлеуметтік мәні бар мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, салық салынатын базаны кеңейту, білім беру ұйымдарында жөндеу жұмыстарын жүргізу, спорт және білім беру мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайту, денсаулық сақтау саласын қамтамасыз ету, жастар саясатын дамыту, ақпараттандыру және басқа да бірқатар бағыттарды дамыту мәселелері қаралды.
– Облыс бюджетінің жобасы мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының басымдықтарына негізделіп, тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз етуге, халықтың өмір сапасын арттыруға, инфрақұрылымды дамытуға және жергілікті өзін-өзі басқару әлеуетін нығайтуға бағытталған. Депутаттар бюджеттің негізгі бағыттары бойынша шығыстарды қарады. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, инфрақұрылымдық жобалар, кәсіпкерлікті қолдау және ауылдық аймақтарды дамытуды көздейді. Әсіресе, бюджеттік тәртіпке, шығындарды оңтайландыруға, бюджеттің теңгерімділігіне және қалалар мен аудандарға жеткілікті деңгейде трансферттерді қамтамасыз етуге баса назар аударылған, – деді Қадиша Оспанова.
Жергілікті атқарушы органдар мен депутаттық корпус алдындағы негізгі міндет – бюджетті Мемлекет басшысы қойған тапсырмалар мен міндеттердің уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ететіндей қалыптастыру. Бұл қаражатты өңірлерде сұранысқа ие және жергілікті дамуға ең тиімді жобаларға бағыттауға мүмкіндік береді. Осындай механизм уәкілетті органдардың жауапкершілігін арттыруға және салалық даму басымдықтарын дұрыс айқындауға ықпал етеді.
Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларына қаражат нормативтік талаптар шеңберінде белгіленген, қосымша ресурстар тек жұмыс жағдайын жақсарту және қызмет сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Мемлекеттік бағдарламалар бизнестің және халықтың тұрақты қолдау алуын, саланың біртіндеп дамуын қамтамасыз етуі қажет.
Аймақта инвестиция тартуды және кәсіпкерлік белсенділікті, соның ішінде, мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) арқылы дамыту қажеттігі бар. Бюджеттік қаражатты сапалы жоспарлау мен тиімді пайдалану ерекше назарға алынуы тиіс.
Сонымен қатар, 2026 жылы облысқа республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер мен бюджеттік кредиттер бөлінуі жоспарланып отыр. Трансферттерді бөлу жергілікті бюджеттердің теңгерімділігін қамтамасыз етеді. Республикалық бюджет қаражаты есебінен жылу және газбен жабдықтау саласындағы жобалар, сондай-ақ, агроөнеркәсіп кешенін кредиттеу арқылы қолдау көрсетілетін болады.
Өз кезегінде депутаттар 2026-2028 жылдарға облыстық бюджет пен аудандар мен қалалардың бюджеттері арасындағы жалпы трансферттер көлемі туралы шешім жобасын мақұлдады. Бұл трансферттер бір-бірімен өзара байланыста болады. Аудандар мен қалалар бойынша олардың көлемін анықтау кезінде өңірлердің өз кірістері мен шығыстары ескеріліп, жаңа Бюджет және Салық кодекстерінің енгізілуі есепке алынды.
Осы құжаттарға сәйкес, 2026 жылдан бастап, өңірлердің бюджеттеріне корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы бойынша түсімдер толық көлемде беріледі. Ал, әлеуметтік салық бойынша түсімдер 50% көлемінде белгіленген.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»



