Әлеуметтік сала қызметкерлері құрметтелді
Әлеуметтік сала қызметкерлері күні қарсаңында К.Станиславский атындағы театрда салтанатты жиын өтті. Мамандығына адал және үздік қызметкерлер құрметке бөленіп, алғыс хаттармен және облыс әкімінің арнаулы сыйлықтарымен марапатталды.

Екінің бірі әлеуметтік салада қызмет ете алмайды. Мұнда кәсібиліктен бөлек темірдей төзім мен адалдық және адамға деген мейірім керек. Міне, осы бір қиын салаға өзінің бар күш-жігерін арнап жүрген мамандар құрмет төрінен көрінді.
Салтанатты жиынның алғысөзін облыс әкімінің орынбасары Ораз Тәуірбеков айтты. Ол мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, саланың ел үшін маңыздылығын айшықтады.
– Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Сіздердің жауапкершіліктеріңіздің, жанашырлық пен кәсіби біліктіліктің арқасында мыңдаған тұрғын қажетті көмекпен қатар, үміт пен сенімге ие болуда. Әлеуметтік сала ардагерлеріне мамандыққа адалдықтың, кәсіби тәжірибенің жарқын үлгісін көрсетіп отырған аға буынға алғысым шексіз. Облыста әлеуметтік қорғау жүйесін жетілдіруге нақты қадамдар жасалып жатыр. Аймақта 55 мыңнан астам мүгедектігі бар азаматтар тұрады. Олардың 95%-ы қажетті оңалту құралдарымен қамтылған. Жыл сайын әлеуметтік қолдауға 9 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл кейінгі 5 жылда екі есеге артқан. Инватакси қызметі облыстың барлық өңірінде жұмыс істейді. Биыл алғаш рет мүгедектігі бар азаматтарды жоғарғы қабаттарға көтеру жобасы іске қосылды. Менталды ауытқушылығы бар балаларды кәсіпке баулу бастамасы жүзеге асуда, – деді Ораз Тәуірбеков.
Облыс әкімінің орынбасары аймағымыздағы жұмыссыздық деңгейі 4%-ы құрайтынын және бұл – республика бойынша ең төменгі көрсеткіш екенін атап өтті. Жыл соңына дейін 48 мыңнан астам адамды жұмыспен қамту жоспарда бар. Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында пилоттық жобалар жүргізілуде. 33 мемлекеттік және 4 үкіметтік емес ұйым лицензия алған. 6 белсенді ұзақ өмір сүру орталығының есігі зейнеткерлерге айқара ашық. 7 мың адамға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетіледі. Биыл 4 орталықты жөндеуге 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлініпті. Желтоқсанда менталды ауытқушылығы бар балаларға арналған 125 орындық жаңа орталық ашылмақ. Кезекте тұрған психоневрологиялық диагнозы бар азаматтардың мәселесі жүйелі шешім тауып, соңғы он жылдағы кезек жойылған.
Атаулы саланың 10 қызметкеріне көпжылдық адал еңбегі, әлеуметтік салаға қосқан елеулі үлесі және мамандығына деген адалдығы үшін Қарағанды облысы әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты табысталды.
Аймағымызда кәсіби мерекеде табысталатын ең жоғарғы марапат – облыс әкімінің сыйлығы. «Рухы биік тұлға» аталымында Бәкел Айнұр, «Үздік әлеуметтік қызметкер» аталымында Роза Оспанова, «Әлеуметтік қорғау саласындағы үздік үкіметтік емес ұйым» аталымында Халықты дамыту және әлеуметтік көмек орталығы «Менің Үйім» қоғамдық бірлестігі сыйлыққа лайық деп танылды. «Еңбек мобильділігі орталығы мен оның филиалдарының үздік қызметкері» – Жетпісбай Жұмакелді, «Еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үздік қызметкері» – Анжела Литош, «Арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік қызметкері» – Ерлан Төлеуов. «Белсенді өмірді насихаттағаны үшін» аталымында Дастан Үмітқалиев, «Әлеуметтік осал топтармен жұмыс істеу бойынша үздік маман» аталымында Айжан Байдельдинова, «Жомарт жүрек» аталымында Балқаш қалалық «Үлкен жүрек» қоғамдық бірлестігі топ жарды.
Ал, «Мамандығына адалдығы үшін» деп аталатын ең басты сыйлығына Есенов Усеин лайық деп танылды. Басты сыйлықты облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов табыстады.
Ерік НАРЫН
«Ortalyq Qazaqstan»