Бас тақырып

Әлеуметтік сала – әлеуеттің көрсеткіші

Әлеуметтік қорғау – қашаннан басым бағыттардың бірі. Мемлекет және жергілікті атқарушы орган тарапынан зор көңіл бөлінеді. Бірінші жартыжылдықты қорытындылаған облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, биылға арналған әлеуметтік қорғаудың барлық шаралары толық көлемде орындалуда.

Сурет zakon.kz

Жұмыспен қамту – бірінші кезекте

Жұмыспен қамтуды жүзеге асыру мақсатында Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілген. Оған сәйкес 51 мың адамды жұмысқа орналастыру жоспарлануда. Тарқатып айтар болсақ, түрлі жобалар аясында 3,6 мың, бос жұмыс орындарына 22 мыңнан астам, жеке бастамалар бойынша 16 мың адам жұмыспен қамтылуы тиіс. Жоспарға сәйкес, 40 мыңнан астамы тұрақты жұмыспен қамтылуы тиіс.

– Алты айдың қорытындысы бойынша 18 мың адам жұмыспен қамтылды, – деді Әсем Жүніспекова өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте. – Бұл – жоспардың 36,6%-ы. Оның ішінде, 7 мың адам жаңа жұмыс орындарына орналастырылды. «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты», «Күміс жас» сынды жобаларға, әлеуметтік жұмыс орындарына 5 мыңнан астам адам жіберілді. Жұмыспен қамтылғандардың 3 мыңға жуығы – жастар болса, 536 адамның мүгедектігі бар.

Әсем Айтжанқызының айту­ынша, аймақта бірінші тоқсандағы жұмыссыздық деңгейі – 4,2%. Ел бо­йынша бұл көрсеткіш – 4,7%. Жас­тар арасындағы жұмыссыз­дық аймақта – 2,7%, респуб­лика­да – 3,1%.

Жыл басынан бері 69 бос жұмыс орны жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оған 1 151 жұмыс беруші қатысып, 3 703 бос жұмыс орыны ұсынғанын да айта кету керек.

Қосымша қолдау тетігі

Кәсіпкерлік негіздерін үйрететін «Бастау Бизнес» жобасын 1 363 адам оқып шықты.

– Жастар кәсіпкерлігін дамыту үшін биыл 2,5%-бен 339 жеңілдетілген несие беруді жоспарлап отырмыз. Оған жалпы сомасы 1,695 млрд. теңге бөлінді. Несиенің көбісі ауыл жастарына берілсе, қалған 102-сі қала жастарына беріледі. Қаржыландыру тамыз айына жоспарланған.

Бұдан бөлек, халықтың әлеуметтік осал топтарына кәсібін бастау үшін берілетін гранттар бар. Қазіргі уақытта сомасы 118,121 млн. теңгеге 80 грант. Жоспар бойынша – 183 грант. Спикердің айтуынша, қалған 103 грант кестеге сәйкес 15-26 шілде аралығында табысталады. 400 АЕК көлеміндегі грантты көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар адамдар, мүгедек бала асырап отырғандар, асыраушысынан айырылған және атаулы әлеуметтік көмек алатындар алады.

– Мүгедектігі бар адамдар мен оларға күтім жасайтын адамдар үшін облыста террикон алқабы базасында IT саласындағы кәсіптерге оқыту бойынша жаңа жоба іске асырылуда. Жоба аясында үш жыл ішінде 300-ден астам адам оқытылады, олар болашақта платформалық жұмыспен қамтылады. Қазірдің өзінде 50 адамды оқытып жатыр. Жылына 100 адам оқудан өтеді деп жоспарланған, – деді басқарма басшысы.

Жаңа жоба жұмыссыздықты жояды

Аймақта «JUMYS TAP» жобасының жүзеге асырыла бастағанына аз уақыт өтсе де хабарласып, оқыту курстарына жазылғандар қатары айтарлықтай. Спикер Call орталықтарға 128 адамның қоңырау шалғанын, ал кеңес беру орталықтарына 237 адамның жүгінгенін жеткізді. Нәтижесінде оқыту курстарына 247 адам жазылған.

– Бүгінгі таңда курсқа дәнекерлеуші, токарь, электрик, кондитер, сайт жасау­шы, видеомонтаждау, мобилография, тігінші, аспаз, шаштараз, СММ және басқа да мамандықтар бойынша жазылды. Оқыту 1 тамыздан бастап, колледждер базасында және комьюнити орталықта жүргізіледі, – деп атап өтті Әсем Айтжанқызы.

Қазіргі уақытта Қарағанды қаласында «Таир», «Ұмай» сауда үйлерінде, Пришахтинскіде «Ежик» дүкенінде және Теміртау қаласының базарында кеңес беру орталықтары ұйымдастырылған. Жоба аясында жұмысы жоқ адамдар да, жұмысы барлары да, басқа кәсіпті игеріп, жұмыс орнын ауыстырғысы келетіндер де оқып, жұмыс таба алады.

Әлеуметтік көмек – тұрақты

Ал, аймақта атаулы әлеуметтік көмек алатын 1 152 отбасы, яғни, 5 352 адам бар.

– Бұл – шілденің басындағы дерек. Атаулы әлеуметтік көмек төлеуге 273,23 млн. теңге бағытталды. Төленген көмектің орташа мөлшері – 10 407 теңге.

Бір жастан алты жасқа дейінгі әрбір балаға қосымша төлемдер жасалды. Оны 1 584 бала алды. Төлемге 35,1 млн. теңге бөлінді, – деді Әсем Жүніспекова.

Астана қаласындағы «Жанұя», Алматыдағы «Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталықтары тәжірибесі негізінде өңірде он орталық жұмыс істеп тұр. Оларда құқықтық, психологиялық, әлеуметтік, білім беру, тұрғын үй және басқа да бағыттар бойынша кеңес беріледі, түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Курстар да ұйымдастырылады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша орталықтар 5 мыңға жуық қызмет көрсеткен.

Осал топқа назар ерекше

Әсем Айтжанқызы атап өткендей, мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қолдау – басқарма жүргізіп отырған жұмыстың басым бағыттарының бірі. Облыста 54 932 адам осы санатқа жатады. Бұл – жалпы облыс халқының 4,9%-ы.

– Әлеуметтік кодекске сәйкес мүгедектігі бар адамдар оңалтудың дербес бағдарламасы аясында қажетті құралдармен және оңалту қызметімен қамтылады. Осы бағдарлама негізінде протезді-ортопедиялық, сурдо-тифлотехникалық құралдар, гигиеналық құралдар беріледі. Санаторлы-курорттық ем алу, жеке көмекші көмегін, ыммен түсіндіру қызметін алу мүмкіндіктері қарастырылады. Қазіргі уақытта барлық қызметтерді әр адам әлеуметтік қызметтер порталы арқылы өзі алады. Дербес оңалту бағдарламасын медициналық-әлеуметтік сараптама органдары рәсімдейді, – деді спикер.

Оңалту құралдары мен қызметтерден басқа, мүгедектігі бар адамдарға және жүріп-тұруы қиын мүгедектігі бар балаларға «Инватакси» қызметі ұсынылады. Облыстың барлық өңірінде «Инватакси» қызметі бар. Барлығы 118 машина қызмет көрсетеді, оның 17-сі мүгедек адамдардың қоларбаларына арналған арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған.

Облыс бойынша «Инватакси» қызметтерін 1 569 адам пайдаланады.

– Былтырдан тегін көлік қызметін пайдаланушылар санатының тізімі кеңейтілді. Соның арқасында аутизм спектрі бұзылған және Даун диагнозы қойылған балалар «Инватакси» қызметін пайдаланады. Мұндай көмек облыс бойынша 393 балаға көрсетіледі. Әлеуметтік кодекске сәйкес мүгедектігі бар баланы алып жүрушіге санаторлы-курорттық емделуге кепілдендірілген соманың 70%-ы өтеледі. Сонымен қатар, облыс әкімдігінің шешімімен 1 топ мүгедектеріне санаторлы-курорттық емдеуге алып жүретін адамға ақы төленеді, – дед ол.

3 өңірде «Ten Qogam» мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік бейімдеу орталығы жұмыс істейді. Онда мүгедектігі бар адамдарға психологиялық, заңгерлік консультациялық көмек көрсетіледі. Жақында облыс тұрғындарына қоларбаларды жөндеуден өткізу мүмкіндігі жасалды.

Қандастар назардан тыс қалмайды

Бүгінгі таңда облыста шетелдік жұмыс күшін тартуға 333 рұқсат әрекет етеді. Шетелдік жұмысшылар – Қытай, Үндістан, Түркия және басқа елдерден келгендер.

Қандас мәртебесі 163 адамға берілді. Көбісі – Өзбекстаннан келгендер. Одан бөлек, Моңғолия, Қытай және Ресейден бар. Қандастар ең көп қоныстанған қала – Теміртау мен Қарағанды.

– Келгендердің ішінде экономикалық белсенді халық саны – 92 адам, кәмелетке толмағандар – 55, зейнеткерлер – 16. Қазіргі таңда облыста 11 отбасы пана іздеушілер ретінде тіркелді. Олар негізінен Қарағанды, Теміртау, Саран қалалары, Абай ауданында қоныстанды, – деді басқарма басшысы.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button