Жаңалықтар

Әлеуметтік салаға – қомақты қаржы

Облыстық мәслихат хатшысы Серік ӨТЕШОВТІҢ төрағалығымен облыс мәслихатының ІХ сессиясы өтті. Сессия отырысына облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК, облыс әкімінің орынбасарлары, басқармалар басшылары, құқық қорғау органдары өкілдері қатысты. Кезекті сессияда депутаттық корпус 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджетті қабылдап, тұрақты комиссияның отырысында талқыланды. Бұған дейін қаражаттың нақты қай салаға бөлінетіндігі айтылды.

 

Күн тәртібінде 2022-2024 жылдарға арналған облыстық бюджет, Қарағанды облыстық мәслихат хатшысының 2021 жылы атқарылған жұмыс туралы есебі, «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беру, Қарағанды облысының 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары, Қарағанды облыстық мәслихатының 2017 жылғы 29 қыркүйектегі X сессиясының «Қарағанды облысы бойынша іске асыру жоспарланған жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін бекіту туралы» № 220 шешіміне өзгеріс енгізу, Қарағанды облысы Қарағанды және Балқаш қалаларының кейбір құрамдас бөліктерін қайта атау, Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына Қарағанды облысының кейбір білім беру ұйымдарына атау беру және қайта атау туралы ұсыныстар енгізу, 2022-2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспары, Қарағанды облыстық мәслихатының 2016 жылғы 19 ақпандағы «Қарағанды облысында ортақ су пайдалану Қағидалары туралы» №479 шешіміне өзгеріс енгізу, тағы басқа маңызды мәселелер қаралды.

2024 жылға дейін бекітілген бюджеттің 50 пайызы немесе 180 млрд. теңге әлеуметтік салаға бағытталмақ. Облыстық бюджеттен 8,6 млрд. теңге өңірлерге бөлінбек. Экономиканың негізгі қозғаушы күші болып отырған шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға қомақты қаражат қарастырылған. Сонымен қатар, трансферттер мен бюджеттік кредиттерді өтеу мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ. Жалпы бюджеттің бағыты жөнінде облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина егжей-тегжейлі айтып өтті.

Білім, денсаулық, мәдениет саласымен қатар жастар саясатын дамытуда жоспарлы жұмыстар жүзеге аспақ. Өңірлерді дамыту мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы, ауыл шаруашылығы бағдарламаларының тиімділігін арттыру, еңбекақы, коммуналдық қызметтер, азық-түлік бағасын тұрақтандыру, дәрі-дәрмек және оқулық тапшылығын жою да бюджеттік бағдарламаның басым бағыттары болып отыр.

Қарағанды, Қаражал, Шахтинск қалаларында, Нұра және Ұлытау аудандарында білім беру, денсаулық сақтау және спорт нысандарының құрылысы жалғасатын болады. Абай, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарында үш ветеринариялық пункттің, тұрғын үйдің, жылу энергетикасы және коммуналдық шаруашылық объектілерінің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Сондай-ақ, облыс өңірлерінде автомобиль жолдарына күрделі, орташа және ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат жоспарланған.

– Бүгінде жергілікті атқарушы органдар мен депутаттық корпустың алдында тұрған негізгі міндет – облыстық бюджетті Мемлекет басшысының Жолдауларында және оның Сайлауалды тұғырнамасында белгіленген міндеттердің уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз ететіндей етіп қалыптастыру. Бұл «Жұмыспен қамту жол картасының» әлеуметтік маңызды бағыттарын – денсаулық сақтау, білім беру, спорт және тұрғын үйкоммуналдық шаруашылықты іске асыруға қатысты, – деп атап өтті бюджет және жергілікті басқару мен өзін-өзі басқаруды дамыту жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Қадиша Оспанова.

Сессия барысындағы хабарламалар мен баяндамаларда басымдық халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеруге бағытталған. Олардың іскерлік бастамаларын жан-жақты қолдау қажеттігі мен жоспарлы жұмыстарды жүйелеу, әрі олардың орындалысын қадағалау да басты назарда болмақ.

– Облыстық бюджеттің негізгі сипаттамасы «әлеуметтік бағдарланған» деген анықтама бо лып қала береді: шығыстардың 50%-дан астамы бұрынғысынша білім беруге, денсаулық сақтауға, жастар саясатына, халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған. Облыстық бюджеттің барлық жүргізілген нақтылаулары, бірінші кезекте, қалыптасқан үнемдеуді қайта бөлумен және қаражатты облысты дамытудың бірінші кезектегі мәселелерін шешуге бағыттаумен байланысты болды. Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру, тұрғын үй-коммуналдық және жол-көлік инфрақұрылымын кешенді дамыту, тиімді әлеуметтік саясатты жүргізу бойынша облыста жүзеге асырылып жатқан шаралар сессияның басым мәселелеріне айналды, – деді облыстық мәслихат хатшысы Серік Өтешов.

Сессия барысында депутаттар облыстық мәслихат хатшысының 2021 жылы атқарылған жұмыстар туралы есебін тыңдап, Қарағанды облысының 2021- 2025 жылдарға арналған даму жоспарын, 2022- 2024 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекітті.

Жиын барысында облыс тұрғындары – Ерқара Балқараұлы Аймағамбетовке, Сергей Викторович Лохвицкийге, Сағындық Үсенұлы Қожамсейітовке «Қарағанды облысының Құрметті азаматы» атағын беру де мақұлданды.

Облыстық мәслихаттың сессиясына арнайы қатысқан облыс әкімі Жеңіс Қасымбек 2022 жылдан бастап «Отбасы банкімен» бірге тұрғын үй сатып алуға жеңілдікті несиені іске қосуды айтты.

– Келер жылға бірқатар маңызды жобалар жоспарланып отыр. Қарағандыда дәрігерліксауықтыру диспансері ашылады. Облыстық балалар ауруханасының, онкологиялық диспансердің операциялық блогының құрылысын аяқтау қажет. Үшінші жылу құбырының құрылысы және халықты газдандыру жұмыстары жалғасады. Жезқазған өңірінде сапалы ауыз су мәселесін шешу үшін ҮйтасАйдос суағарын қайта жаңартуды бастау жоспарлануда. Бюджет қаражатын тиімді жоспарлау және ұтымды пайдалану біздің жұмысымыздың бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады. Облыс бюджеті әлеуметтік бағдарланған күйінде қалып отыр. Біздің басты мақсатымыз – облысты одан әрі дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру, – деп атап өтті Жеңіс Қасымбек.

Сессия соңында депутаттар стратегиялық құжаттарды бекітті. Сонымен қатар, өңірлерді дамыту салаларына 80-нен астам өзекті мәселелер мен ұсыныстар енгізілді.

Сағыныш ӘБІЛ.

Басқа материалдар

Back to top button