Әлеуметтік салаға – әлеует керек
Билік назары биылдан бастап денсаулық сақтау және білім беру нысандарында болмақ. Облыс бойынша жалпы сомасы 7 миллиард теңгені қажет ететін 60 денсаулық сақтау нысаны бар екенін ескерсек, қолға алынып жатқан игі іс халық денсаулығын көтерумен қатар, Қарағанды медицинасының республика бойынша озық орында тұрғанының тағы бір дәлелін көрсетпек.
Қолда бар мүмкіндіктерді ескергенде, жөндеу жұмыстары 2-3 жыл аралығында толық аяқталады деп жоспарлануда.
Сәрсенбінің сәтінде Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қаладағы денсаулық сақтау мекемелерінде болып, олардың жай-күйімен танысты.
Алғаш ат басын бұрғаны – облыстық клиникалық аурухананың терапевттік бөлімі болды.
Күрделі жөндеу жұмыстары 1986 жылы жүргізіліп, кейіннен аурухана қызметкерлерінің өз күштерімен, «арқанға кендір байлап», ғимараттың кетеуін кетірмеуге тырысып отырғандығының арқасында, емделушілерді қабылдап, қызмет етуде. 2013 жылы жергілікті бюджет есебінен 225 млн. теңгеге жөндеу жұмысы жүргізілгенімен, ол бүгінгі таңда өзекті болып отырған аурухана проблемасын түбегейлі шешуге қауқарсыз. Жөндеу жұмыстары барысында су және кәріз, электр желісі мен желдеткіш, терезе, есіктер алмастырылғанымен, төбеден аққан су, жыртылған линолеум, сылана-сылана қабыршақ болған қабырғалар мәселені төтесінен шешуді талап етіп отырғаны даусыз.
Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, 1962 жылы жатақхана ретінде қызмет атқарған палаталардың өздері стандартқа сай келмейді екен. Облыс көлемінде ғана емес, республиканың өзге де өңірлерінен емделушілерді қабылдайтынын ескерсек, орын жетіспеушілігі салдарынан бір кісілік палатаға екі төсектен қойып, тығырықтан шығуда. Жөндеу жұмысы үй-жайға ғана емес, бар аурухананың қажетін ашып отырған лифтге де керек дейді. Көпбейінді медицина мекемесінде жыл сайын әр түрлі ауру түрлерімен жыл сайын 12 мыңнан астам емделушілер мамандандырылған медициналық көмек алатындығы аталмыш аурухана мамандарының да жоғары біліктілігінің дәлелі. 760 қызметкер еңбек ететін клиникада 124 дәрігер болса, оның 4-і медицина ғылымдарының кандидаты.
Облыстық клиникалық аурухана директоры Марат Әбеуов диагностикалауда да проблемалар бар екенін қынжыла айтты. Ол үшін емделушілерді аурухананың басқа корпусына, тіпті, Астана қаласына да жіберуге тура келеді.
Дәрігерлерді мұқият тыңдаған аймақ басшысы Ерлан Қошанов ауқымды жұмыс атқарып отырған аурухананың көңіл қуантарлық жағдайының жоқтығына тоқталып, күрделі жөндеу жұмыстарын талап ететінін айтты.
– Мен бұл жерде 15 жыл бұрын болғанмын, қазіргі жағдайы сол кезден де нашарлап кеткен екен. Осындай жағдайда мойымай, адамдарды емдеумен айналысып отырған сіздерге орден беру керек, – деп, медицина мекемесі қызметкерлеріне алғысын білдірді.
Облыстық клиникалық аурухананың терапевттік корпусына іргелі жөндеу жұмыстары 2017 және 2018 жылдары жүргізілетін болады. 500 миллион теңгеден астам қаражатты талап ететін жөндеу жұмыстарына бөлінетін соманың жартысы биылғы жылдың өзінде бюджеттен бөлінбек. Жалпы ауданы 9 мың шаршы метрді құрайтын терапевттік корпусқа жөндеу жұмыстарын бір уақытта жүргізу мүмкін болмауы себепті, кезең-кезеңмен жасалады.
♦ ♦ ♦
Қаладағы «Луч» нейроқалпына келтіру орталығы да Қарағанды облысы ғана емес, Республика бойынша бірден-бір бірегей медициналық мекемелердің бірі. Заманауи медициналық құрал-жабдықпен жабдықталып, ай сайын 60 стационарлық, 95 амбулаториялық емделушіге қызмет көрсететін орталықта жоғары санатты 4 дәрігер, 8 медицина бикесі және тағы да басқа медициналық қызметкерлер бар. Жыл сайын аталмыш орталықта емделуге мүдделі 3500 адам бар екенін ескерсек, кезек ағымдағы жылдың мамыр айына дейін жазылған.
Орталықтың бас дәрігері Руслан Беляев облыс әкімінің билік тарапынан қандай көмек қажет деген сұрағына, клиникаға бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемі ұлғайтылса деген тілегін жеткізді. Бұл орайда Ерлан Қошанов Медициналық қызметтің сапасын бақылау жөніндегі комитеттің облыстық басқармасының басшысы Марат Тнимовке аталған қызметтің халыққа қажеттілігіне байланысты, орталыққа бөлінетін мемлекеттік тапсырыс көлемін арттыруды қарастыруға тапсырма берді.
Қарағанды облыстық туберкулезге қарсы диспансердің директоры Ноян Бидайбаевтың айтуынша, Қарағанды облысы – туберкулез ауруы бойынша республика бойынша 7-ші орында. Ал барлық көрсеткіштер бойынша балалар арасында туберкулез ауруы 38,3 пайызға төмендеген. Бұл – аталмыш саладағы қарағандылық дәрігерлердің еңбектерінің жемісі. Бірақ, проблемалық мәселелер де жоқ емес. Ол әсіресе инфекциялық бақылаудың сақталмауынан көрініс береді. Тұрақты және аса тұрақты формадағы емделушілердің 250 орынға арналған бір корпуста жатқызылуына байланысты аурудың бір біріне жұғуы салдарынан жүргізілген емнің зая кетіп, жасалған ем тиімділігін төмендетеді. Сол себепті жұқпалы және мәжбүрлі түрде емделетін ауруларға арналған жеке ғимарат салу – облыстағы туберкулез ауруының таралуын азайтатыны анық. Бұл үшін арнайы смета жасалып, 600 млн. теңге шамасында қаражат талап ететін жұмыстар жайлы кеңесіп, келесі жылдан бастап оны да қолға алатынын жеткізді облыс басшысы.
Облыстық онкологиялық диспансерінің директоры Мұратбек Жұмақаев қарағандылық онколог дәрігерлердің аурумен күресудегі жетістіктерімен қатар, қолбайлау болып отырған кемшіліктермен де бөлісті. Ақпарат заманымен бірге жедел дамып отырған медицина саласы да заманауи технологияларды қажет етеді. Дәрігер, химиялық терапияның өзіне тұрақтылық танытатын онкологиялық аурулар бүгінгі таңда арнайы генетикалық зерттеуді талап етеді. Емдеу шеберліктері Қазақстан ғана емес, шет елдерге де таныла бастаған қарағандылық онколог дәрігерлердің зерттеулер жүргізу үшін білімі мен біліктіліктері жеткілікті. Ал, ол үшін арнайы генетикалық зертхана корпусын салу қажет. Бұл мәселе де облыс басшысының назарында болады.
♦ ♦ ♦
Бұл күні облыс үшін мерзімі жеткен мәселе – көпсалалы аурухана салу мәселесі де Ерлан Қошановтың назарынан тыс қалған жоқ.
1991 жылы аурухана салу мәселесі көтеріліп, құрылыс базасы дайындалғанымен, қаражат тапшылығына байланысты ұзақ уақытқа жабулы күйінде қалған болатын.
Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама өзектілендіру үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлініп, келесі жылдан республикалық бюджеттен қаржы бөлу мәселесі келісілетін болады. Аурухана құрылысын салу құны 12,5 миллиард теңге көлеміндегі қаражатты қарастырса, оның 4 миллиарды құрылыс жұмыстарына, ал қалғаны заманауи жабдықпен жабдықтауға жұмсалады деп жоспарлануда. Аурухана бірнеше медициналық корпустан тұратын болады, сонымен қатар, тікұшақ қонатын орын да қарастырылған.
Құрылыс жұмыстары 2019 жылдан басталады деп жоспарлануда. Жобамен танысқаннан кейін өңір басшысы Ерлан Қошанов оны жүзеге асыру үшін барлық күшті жұмылдыруға тапсырма берді.
Облысқа көпбейінді ауруханаға аса қажет. Бұл мәселемен айналысатын боламыз, – деді ол.
♦ ♦ ♦
Жоғарыда атап өткеніміздей, білім беру саласы, әсіресе, мектеп жасына дейінгі балаларды балабақшамен қамту мәселесі әлі де болса шешімін таппай тұрған мәселе. Обыстық білім басқармасының басшысы Асхат Аймағамбетов мемлекеттік жеке серіктестіктің арқасында бұл мәселе де шешімін тауып, егер мемлекет тарапынан қолдау болатын болса, жекеменшік балабақша ашуға мүдделі кәсіпкерлердің бар екенін жеткізді.
Салтанат ИЛЬЯШОВА