Әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері марапатталды
Өңірде көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды қолдайтын 10 орталық жұмыс істейді. Одан бөлек, төрт қалада Ten Qogam әлеуметтік бейімдеу орталығы ашылған. Жалпы алсақ, аймақта 100-ден астам мекеме әлеуметтік қызмет көрсетеді екен. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында үздік сала мамандарына Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы сыйлығымен марапаттады.
Айта кетейік, өңірде көмекке мұқтаж жандарды қолдау үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Аймақ басшысы сала мамандарының еңбегін баса айтып, Алғысын білдірді.
– 72 арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тоғыз мыңға жуық адам көмек алуда. Облыстың барлық аудандарында «Инватакси» сервисі жұмыс істейді. Мүгедектер арбасын жөндеу бойынша жаңа жоба жүзеге асырылуда. Психикалық ауытқулары бар балалар шипажай-курорттық ем ала алады. Құрметті әлеуметтік қорғау жүйесінің қызметкерлері, Сіздердің еңбектеріңізді сандармен немесе көрсеткіштермен өлшеу мүмкін емес. Адамдар үшін істеп жатқан жақсылықтарыңызға баға жетпейді. Сіздерге рахмет айтамыз, – деді аймақ басшысы.
Мерекелік жиында Абай ауданының әлеуметтік қызметкері Айгүл Сейфуллина бас аталым «Мамандыққа адалдығы үшін» сыйлығының лауреаты атанды. Ол өмірінің 22 жылын осы мамандыққа арнаған білікті маман.
Сонымен қатар, Бұқар жырау ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ардагерлермен және мүгедектермен жұмыс секторының бас маманы Оксана Есенбекова «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің үздік қызметкері», Балқаштан келген әлеуметтік қызметкер Мереке Кәрімова «Үздік әлеуметтік қызметші» аталымында жеңіске жетті.
Айта кетейік, Қазақстанда әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің күні қазан айының соңғы жексенбісінде атап өтіледі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz