Жаңалықтар

Әлеуметтік қолдау – жан-жақты

Вирус әлемді өзгертті. Карантин жағдайына бейімделуге тырысқан өмір сүру салтымызды айтпағанда, айналаның бәрі өзгеше кейіпке енді. Өзгеріссіз қалғаны, тіпті, төтенше жағдайда еселене түскені – ізгілік пен қайырымдылық. Себебі, мемлекет қана емес, өңіріміздің жомарт жанды азаматтары мен еріктілердің тұрмыстың қиын жағдайына тап болғандарға жасаған көмегі бір төбе. Осы арқылы Үкімет ешкім назардан тыс қалмайтынын көрсетті. Аймағымыздағы әлеуметтік көмек түрлері жайлы облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Атаулы әлеуметтік көмек

Мемлекет тарапынан жасалатын көмектің бірі – атаулы әлеуметтік көмек. Оның көлемі облыс бойынша жан басына шаққанда – 19 849 теңге.

– 2020 жылы көмектің осы түрі бойынша 3,7 млрд. теңге қарастырылған. Наурыздың өзінде 3677 отбасы, яғни, 17820 адамға 287,1 млн. теңге төленді, – дейді Абзал Нүкенов.

Төтенше жағдайға байланысты Үкімет шешімімен атаулы әлеуметтік көмек алушылар құжат тапсырмайды. Яғни, мерзімі автоматты түрде екінші тоқсанға ұзартылады. Облыс әкімінің орынбасары тұрғындарды құжат тапсырамын деп, әуре болмауға шақырды. Ал, жергілікті жерлерде egov арқылы өтініш тапсыратындар электронды сандық қолтаңбаны алу үшін әкімдіктерге жүгінулері тиіс.
Абзал НҮКЕНОВ, облыс әкімінің орынбасары:

– ЭСҚ алу бойынша аудандардағы жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері, болмаса, жергілікті жерлердің әкімдері тиісті көмек жасайды әрі барлық сұрақтарға жауап береді. Жұмысты әкімдіктер арқылы ұйымдастырып отырмыз.

Әлеуметтік пакет немесе азық-түлік себеті

Көмектің тағы бір түрі – кепілдендірілген әлеуметтік пакет. Облыс бойынша оны қазірдің өзінде 2330 отбасы алып отыр. Азық-түлік-тұрмыстық жинақ ақша түрінде шоттарына аударылады. Отбасының әр мүшесіне бөлінетін қаржы мөлшері – 5567 теңге.
АӘК алушылар отбасыларынан 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға, I, II және III топтағы мүгедектерге, мүгедек балаларға, мүгедек баланың күтімімен айналысатын ата-аналарға, ресми тіркелген жұмыссыздарға берілетін жәрдем алу үшін де құжат тапсырудың қажеті жоқ. Жергілікті атқарушы орган тізімді өзі қалыптастырады.

– Облысымызда наурыз айының өзінде кепілдендірілген атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардағы 6316 балаға ақшалай төлем түрінде азық-түлік-тұрмыстық жинақ төленді. Оған бөлінген қаржы көлемі – 35,1 млн. теңге. Ал, сәуірдің соңына дейін 427 млн.теңгеге 76 мыңнан астам адамды азық-түлік-тұрмыстық жиынтықпен қамтамасыз ету жоспарда, – дейді Абзал Нүкенов.

Табысынан айырылғанға – 42 500 теңге

Бұл төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылған немесе табысы азайған азаматтарға берілетін әлеуметтік жәрдемақы.
Алты санатқа төленетін бұл қаржыны алдымен жеке кәсіп өкілдері алады. Ал, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатындар бұл көмекке жүгіне алмайды. Егер олар белгілі бір себептермен ақысыз демалысқа жіберілетін болса, заң бойынша демалысқа жіберген кәсіпорын төменгі жалақы мөлшерін өзі төлеуі керек.
Облыс бойынша 42500 теңге алуға 475 587 адам өтініш берсе, оның 202 842-іне беруден бас тартылған екен. Ал, 200 мыңнан астам адамның өтініші құпталған.
Облыс әкімінің орынбасары кері қайтарылған өтініштер қайтадан қарастырылып, сәйкес шаралар қолданылатынын айтады. Одан бөлек, облысымызда қателесіп өтініш беріп, 42 500 теңгені кері қайтарғандар да бар екен.

– Екі-үш күнгі ақпарат бойынша 100 мыңнан астам адам ақшаны қайтарған. Бұл тұрғындарымыздың сана-сезімдерінің жоғары екенінің дәлелі. Қателесіп өтініш бергендер, шынымен мұқтаж жандардың осы ақшадан қағылмауы үшін қайтарып беруде. Бұл – өте лайықты шешім, – деді Абзал Нүкенов.

Коммуналдық төлемге – 15 мың теңге

Карантиндік аймақтарда әкімдіктер тұтынушылардың абоненттік шоттарына 2 ай қатарынана 15 мың теңгеден жіберіп отырады. Бұл көмекті алатындар қатарында 1, 2, 3 топтағы мүгедектер, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, көп балалы отбасылар, Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және мүгедектер мен оларға теңестірілген адамдар, Ұлы Отан соғысының қатысушылары, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерді орындау кезінде, әскери қызметте, ғарышқа ұшуға дайындық немесе оны орындау кезінде, адам өмірін сақтау кезінде, заңдылық пен құқықтық тәртіпті қорғауда қайтыс болған адамдардың отбасылары, ең төменгі зейнетақы немесе одан төмен зейнеткерлер, атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғызбасты зейнеткерлер бар.
Абзал Нүкеновтың айтуынша, өздерінің пәтерлерінде тұратындарға 15 мың теңгені алу қиындық туындамайды. Ал, пәтер жалдап тұратындар тез арада жалға берушілермен хабарласып, келісім-шартқа отырып, абонетттік есеп шот алуы керек.
Төлемді алу үшін тұтынушы ақпараттық жүйелер немесе call-орталық арқылы жеке сәйкестіндіру нөмірін, әлеуметтік дәрежесін және дербес шот деректерін көрсете отырып, әкімдікке өтініш береді. Деректер тексерілген соң коммуналдық қызметтер тұтынушысының абоненттік шотына қаржы аударылады.

«Birgemiz» қорынан – 50 000 теңге

«Мемлекеттен бөлек, қоғам тарапынан жасалып жатқан көмекті айта кету керек. Одан бөлек, еріктілеріміз де үлгі болатындай жұмыстар атқарды» дейді Абзал Нүкенұлы.
Қазірдің өзінде облыстағы 11 мыңға жуық отбасы, яғни, 43 мыңнан астам адам еріктілердің көмегіне ие болған.
Елбасының бастамасымен құрылған «Birgemiz» қоры арқылы «Nur Otan» партиясы тарапынан жасалатын қаржылық көмекті де айта кету керек. Бұл Қарағанды, Теміртау және Жезқазған қалаларының тұрғындарына беріледі. Қазірдің өзінде 13 мыңнан астам мұқтаж адам 50 000 теңгеден алса, ендігі кезекте 18 000 адамға беріледі деп күтілуде.

Салтанат ІЛИЯШ

Басқа материалдар

Back to top button