Жаңалықтар

Әлеуметтік қолдау жалғасын табады

Былтыр өңірде әлеуметтік саясаттың бас­ты өзегі – халықты жұмыспен қамту, табысын арттыру және әлеуметтік осал топтарды қолдау болды десек, артық айтпағанымыз. Бұл бағытта облыстық және республикалық бюджеттерден әлеуметтік салаға 24 млрд 403,1 млн теңге бағытталып, кешенді шаралар іске асырылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесі еңбек нарығындағы тұрақтылықтан, әлеуметтік түйткілдердің тарқатылуынан және азаматтардың мемлекетке деген сенімінің артуынан айқын көрінді.

Сурет басқарма басшысының жеке мұрағатынан

Халықты жұмыспен қамту мақсатында бекітілген өңірлік карта аясында 54 733 адам түрлі бағыттағы әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылып, олардың 51 039-ы нақты жұмысқа орналасты. Жеке бастамалар арқылы 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылса, ұлттық жобалар мен салалық бағдарламалар аясында ауыл шаруашылығы, жол, құрылыс, өнеркәсіп, білім беру, цифрландыру секілді бағыттарда 2 124 жұмыс орны ашылды. Әлеуметтік осал топтарға кәсіп бастауға мүмкіндік беру мақсатында 225 адамға қайтарымсыз грант берілді.

Кәсіби дағдыны арттыру мен қайта даярлау да назардан тыс қалған жоқ. «Бастау Бизнес» жобасы арқылы 1 740 адам кәсіпкерлік негіздерін меңгерсе, 602 адам қысқа мерзімді курстарда еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын игерді. Skills Enbek платформасы арқылы 3 094 адам онлайн білім алды. Ал «JumysTap» жобасы аясында колледждер базасында 150 адам тігінші, дәнекерлеуші, сантехник, электрик секілді жұмысшы мамандықтарына оқытылды.

Мүгедектігі бар азаматтарды жұмыспен қамту да жүйелі түрде жүргізілді. Жұмыс берушілерді ынталандыру арқылы жалақысы субсидияланатын 15 арнайы жұмыс орны құрылды. Өңіраралық еңбек ұтқырлығы бағдарламасы аясында облысқа 47 адам қоныс аударып, тұрақты түрде жұмысқа орналасты.

Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары еңбек нарығындағы белсенділікті арттыруға ықпал етті. Жыл бойы 145 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізіліп, оған 1 560 жұмыс беруші қатысып, 24 562 бос жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 513 адам жұмысқа орналасты, оның ішінде мүгедектігі бар азаматтар да бар. Сонымен қатар, ауылдық елдімекендерге 375 рет мобильді топтар шығып, жұмыспен қамту тетіктерін түсіндірді. Бұл іс-шаралар облыста жұмыссыздық деңгейін 4,0% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Айта кетейік, бұл республикалық көрсеткіштен төмен.

Әлеуметтік қолдау бағытында да оң өзгерістер байқалады. Соңғы жылдары атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны тұрақты түрде азайып келеді. 2025 жылы АӘК 992 отбасыға тағайындалып, 4 640 адамды қамтыды. Төлемдердің жалпы көлемі 535,7 млн теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 30 пайызға қысқарды. Бұл – азаматтардың жұмыспен қамтылып, табысының арта бастағанының айғағы. Сонымен бірге бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған қосымша төлемдер сақталды.

Коммуналдық қызметтерге жұмсалатын шығындарды өтеу үшін 1 329 отбасыға тұрғын үй көмегі көрсетілді. Қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарды қолдау мақсатында облыста 11 Отбасын қолдау орталығы жұмыс істеп, жыл қорытындысы бойынша 6 316 адамға 6 920 қызмет көрсетті. Бұл орталықтарда құқықтық, психологиялық, әлеуметтік және білім беру бағытындағы көмектер ұсынылады.

Қаржылық тұрақтылықты арттыруға бағытталған «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 56 мыңнан астам адам қаржылық сауаттылық курстарынан өтті. 38 мыңнан аса азамат тегін заңгерлік көмек алып, қарызды қайта құрылымдау, банкроттық рәсімдеу, шоттарға салынған тыйымдарды алу секілді мәселелер бойынша нақты қолдауға ие болды. Облыс әкімінің бастамасымен іске асырылған «Қайта бастау» жобасы да нәтижелі болды: жобаға тартылған 1 450 адамның 822-сі жұмыспен қамтылды, оның басым бөлігі тұрақты жұмыс орындарына орналасты.

Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарды қолдау әлеуметтік саясаттың басым бағыты болып қала береді. Облыста тұратын 54 880 мүгедектігі бар адамның 98 пайызы оңалту құралдары мен қызметтеріне қол жеткізді. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 211 нысаны бейімделіп, инватакси қызметі арқылы 2 432 адамға, оның ішінде 754 балаға, тегін көлік қызметі көрсетілді. Сонымен қатар, 300 кресло-арба жөнделді.

Ардагерлерге де жан-жақты қолдау көрсетіледі. Облыста тұратын ІІ дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне біржолғы материалдық төлемдер беріліп, 259 ардагер санаторий-курорттық емделуге жолдама алды. Енді әрбір ардагер өз таңдауы бойынша шипажай таңдай алады.

Жалпы, өткен жылғы қорытындылар өңірде жұмыспен қамту мен әлеуметтік қорғау саласындағы саясаттың нәтижелі екенін көрсетті. Алдағы уақытта да халықтың тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталған жұмыстар жалғасын табады.

Төлеу МҰХТАР,
Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Back to top button