Әлеуметтік қолдау кемімейді
2024 жылы облыстық және республикалық бюджеттерден әлеуметтік салаға 20 млрд 028 млн бағытталды. Халықты жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында өткен жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілді. Оған сәйкес 55 мыңнан астам адам жұмыспен қамту шараларымен қамтылды.
50 мыңға жуық адам жұмысқа орналастырылды, оның ішінде, жеке бастамалар аясында 14 529 жұмыс орны, іске асырылып жатқан Ұлттық жобалар мен тұжырымдама шеңберінде 4 559 жұмыс орны құрылды. Әлеуметтік осал топтардың бизнес-идеяларын іске асыру үшін 400 АЕК көлемінде 178 грант берілді. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 2 025 адам оқытылды. Қысқа мерзімді курстарға 506 адам жіберілді. Ал, Skills Enbek платформасы арқылы 2 746 адам оқытылды.
Облыста 2024 жылдың маусым айынан бастап «JUMYS TAP» жобасы іске қосылды. Жоба аясында оқуын аяқтап, 339 адам сертификат алды. Оқыту бес колледжде, 28 мамандық бойынша жүргізілді. Оқыту ұзақтығы мамандығына қарай 5 күннен 1 айға дейін.
Былтыр арнайы жұмыс орнын жарақтандыру және мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс берушілерді ынталандыру үшін кәсіпорындарда жалақысын субсидиялай отырып, 13 арнайы жұмыс орны құрылды.
Бұдан басқа, мүгедектігі бар адамдар мен оларға күтім жасайтындар үшін облыста 2024 жылдан бастап Террикон алқабы базасында IT саласынан мамандықтарды оқыту бойынша жаңа жоба іске асырылуда. Жоба аясында үш жыл ішінде 300-ден астам адам оқытылады. Өткен жылы 110 адам оқудан өтті, қазіргі уақытта 13 адам IT мамандарын даярлау студиясында тәжірибеден өтуде. Сабақтарды цифрлық сала мамандарын оқытуда тәжірибесі бар халықаралық технопарктердің сертификатталған мамандары жүргізеді (онлайн және офлайн режимде).
Өңіраралық еңбек ұтқырлығы шеңберінде 2024 жылы облысқа 43 адам қоныс аударды. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында 134 бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Оларға 1 735 жұмыс беруші қатысты, 689 адам жұмысқа орналастырылды. Жұмыспен қамту механизмдерін түсіндіру мақсатында мобильді топ 457 рет шара ұйымдастырды. Тұрақты негізде жұмыссыз тұрғындармен БАҚ, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Жалпы, жұмыспен қамту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар жұмыссыздық деңгейін – 4,1% деңгейінде сақтауға мүмкіндік берді. Бұл республикалық көрсеткіштен 0,5%-ға төмен.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар» жылы деп жариялады. Жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру, оларды жастар арасында танымал ету және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту мақсатында жұмысшы кәсіптер жылын өткізу жөніндегі облыстық жоспар бекітілді. Ол бойынша жұмыс берушілердің қатысуымен жоғары оқу орындары мен колледждер базасында бос орындар жәрмеңкелерін, азаматтардың барлық санаттарын жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу бойынша Ашық есік күндерін өткізу, түлектер үшін кәсіпорындарға экскурсиялар ұйымдастыру жоспарланған.
Биылдан бастап зейнеткерлік жастағы адамдар үшін «Алтын жас» жаңа жобасы іске асырылуда. Оған облыста тұратын және тіркелген жасына байланысты зейнеткерлер қатыса алады. Қатысу мерзімі 24 айдан аспайды. Жоба аясында кемі мың адам қамтылмақ. Жалақы белгіленген жалақы мөлшерінің 50% мөлшерінде, бірақ бір ең төменгі жалақыдан аспайтын мөлшерде субсидияланады.
Аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау мәселесінде де үлкен жұмыс жүргізілуде. Жыл сайын біз аз қамтылған азаматтар санының азайғанын байқаймыз. Бұл олардың жұмыспен қамту шараларына қатысуына және табыстың артуына байланысты.
2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша облыста 1 417 аз қамтылған отбасы немесе 6 613 адам 619,1 млн теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31%-ға аз. Былтыр бұл кезеңде аз қамтылған 9 640 адам болған. Халықтың кедейлік деңгейі 3,3%-ды құрады. Бұдан басқа, коммуналдық қызметтерге арналған шығыстарды төлеу бойынша шығындарды ішінара өтеу үшін тұрғын үй көмегін төлеу жүзеге асырылады. Есепті кезеңде аталған мемлекеттік қолдау 2 820 отбасыға көрсетілді, оған 46,6 млн теңге бөлінді.
Облыста көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға заңгерлік, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсету мақсатында отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Өткен жылы 9 688 адамға 10 679 түрлі қызмет көрсетілді. Биыл тағы екі орталықтың ашылуы жоспарланған.
Әлеуметтік саясаттың басым бағыттарының бірі – ерекше қажеттіліктері бар адамдардың проблемаларын шешу. Облыста мүгедектігі бар 55 мыңнан астам адам тұрады. Бұл облыс халқының 4,9%-ы. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және көрсетілетін қызметтермен қамтамасыз ету республикалық, облыстық, жергілікті бюджеттердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Былтыр бюджеттен 9,4 млрд теңге бөлінді. Жыл қорытындысы бойынша мүгедектігі бар адамдарды қамтамасыз ету – 95,1%.
Мүгедектігі бар адамдар 2021 жылдан бастап әлеуметтік қызметтер порталы арқылы оңалтудың техникалық құралдарына тапсырыс береді. 2023 жылы мүгедектігі бар адамдар әлеуметтік қызметтер порталы арқылы 35 337-ден астам тапсырысты жүзеге асырды. Әлеуметтік және көлік инфрақұрылымының 210 нысаны бейімделді.
Инватакси қызметі облыстың барлық өңірінде 120 автокөлікпен тегін көлік қызметін көрсетеді, оның 15-сі арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Былтыр Инватакси қызметімен 2 218 адам қамтылды, оның ішінде, 800 мүгедектігі бар бала аталған көмекке қол жеткізді.
Азаматтық қоғаммен тығыз қарым-қатынас жасау мақсатында облыстың барлық қалалары мен аудандарында мүгедектігі бар адамдардың істері бойынша әкімдердің кеңесшілері тағайындалды.
Бүгінгі таңда облыста тоғыз ҰОС ардагері, оларға теңестірілген 2 067 адам, 3 067 тыл еңбеккері тұрады. 2024 жылы облыстың қалалары мен аудандарының бюджеттерінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ұсынымына сәйкес біржолғы материалдық төлем жүзеге асырылды. Мәселен, соғыс ардагерлеріне 2 млн теңге, концлагерьлердің кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына, жалдамалы құрамдағы адамдарға, Ленинград қаласында блокада кезеңінде жұмыс істеген азаматтарға 200 мың теңгеден, тыл еңбеккерлеріне 100 мың теңге, ҰОС жылдарында қаза тапқандардың жесірлеріне 50 мың теңгеден берілді.
204 ардагер Түркістан облысының «Ақсу Демі» санаторийінде дем алды. Оған 52,2 млн теңге бөлінді. Былтыр қоларбаларды жөндеу жобасы іске асырылып, нәтижесінде 300 қоларба жөнделді.
Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру шеңберінде басқарма «Жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беру немесе ұзарту», «Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту» мемлекеттік қызметтерін көрсетеді. 2024 жылы Қандас мәртебесін 530 адам алды, шетелдік жұмыс күшін тартуға 316 рұқсат берілді. Сонымен қатар, пана іздеуші ретінде 10 адам тіркелді.
Басқарма өткен жылды қорытындылап, 2025 жылға жаңа міндеттер қойып отыр. Жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру бойынша жұмыстар жалғасын табады.
Төлеу МҰХТАР,
Қарағанды облыстық жұмыспен қамтуды
үйлестіру және әлеуметтік
бағдарламалар басқармасының басшысы