«ӘЛЕУМЕТТІК ӘМИЯН». Естуіңіз бар ма?
Естімеуіңіз де ғажап емес. Себебі, ол – енді ғана қолға алынған жаңа жоба. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында төлемдерді цифрландыру үшін «әлеуметтік әмиян» жобасын енгізуді тапсырған болатын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министлігінде айтылғандай, әлеуметтік әмиянды қолданушылар тауар сатып алуға, басқа төлем карточкасына ақша аударып, қолма-қол ақша ретінде шешіп ала алуға мүмкіндік бар. Бүгінде тиісті заң жобасы бекітілді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылардың келер жылы төлемдерін «әлеуметтік әмиян» арқылы алуы жоспарланып отыр.
Жобаның техникалық және ұйымдастырушылық жұмысы – ҚР Ұлттық банк мойнында. Оны ҚР Ұлттық банк Сауда және интеграция министрлігімен, Цифрлық даму, Инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, сондақ-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп іске асырады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкеновтің айтуынша, «әлеуметтік әмиян» банк шоттарына балама ретінде қолданылады.
– «Әлеуметтік әмиянның» артықшылығы – азаматтардың банкке жүгіну қажеттігі жоқ. Шот Ұлттық банк жүйесінде әрбір азаматқа жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы ашылады. Артынша шоттарға біз 44 әлеуметтік төлемді проактивті түрде төлеуді жоспарлап отырмыз. «Әлеуметтік әмиянға» аударылған әлеуметтік төлемдер банктердің, салық органдарының немесе коллекторлық ұйымдардың тарапынан өндіріп алуға жатпайды. Яғни, қорғалады, – деді Серік Шәпкенов.
Осы жайлы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан сұрағанымызда, басқарма басшысының орынбасары Төлеу Мұхтар жобаның жаңа екендігін, әлі нақты мәліметтердің жоқ екендігін алға тартты.
Министрлік сайтындағы мәліметтерге сүйенсек, «әлеуметтік әмиянды» енгізудің тиімді тұстары көп.
Бүгінде барлық әлеуметтік төлем екінші деңгейлі банктер арқылы аударылатыны белгілі. «Әлеуметтік әмиян» іске қосылса, азаматтар банктерге бармайды, кезек күтіп, банктен шот ашпайды. Әмиянның арқасында қаражат банктің банкрот болуы сияқты қауіптен қорғалады, әрі сот орындаушылары мен борышты қайтару қызметімен айналысатын коллекторлық ұйымдардың тәркілеуінен сақталады. Министрлік зейнетақыны да осы әмиянға аудару тетігін іске қосуы әбден мүмкін.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі цифрлық әмиянның өзіндік мобильді қосымшасы болатынын да мәлімдеді. Төлем әмиянға кедергісіз, бірден аударылады. Кез келген адам мобильді қосымша арқылы жеке кабинетіне кіріп, қаржысын басқара алады. Осы қосымшада қанша ақша барын көруге, төлем жасауға, QR код арқылы тауар мен қызметті комиссиясыз сатып алуға, ақша аударуға және картаны толтыруға болады. Әдеттегі карталардағы қызметтердің барлығы мұнда да қолжетімді. Сауда және интеграция министрлігінің айтуынша, бұл әмиян әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатып алуға жәрдемдесетін көрінеді. Министрлік кейбір азық-түлік түрлерін 45%ға дейін жеңілдікпен алуға жағдай жасамақ. Бұл бір жағынан азықтүлік бағасы аспандап кеткен шақта қымбатшылықтың алдын алуға сеп болмақ.
«Әлеуметтік әмиян» банктік төлем құралы ретінде барлық қауіпсіздік талаптарына сәйкес келеді екен. Бірінші кезекте, пайдаланушы тарапынан екі факторлы аутентификация жүргізіледі. Дербес деректердің қорғалуын сақтау, өңдеу деңгейінде қамтамасыз етіледі. Екінші деңгейдегі банктер мен электрондық төлем жүйелеріне қойылатын қолданыстағы барлық талаптар «әлеуметтік әмиянда» қамтамасыз етілетін болады.
Әуеліде «әлеуметтік әмиянды» қолданысқа енгізу биылға жоспарланған еді. Азаматтардың кейбір құжаттарының цифрлық нұсқаларының жоқтығы қолбайлау болып, пилоттық жоба келесі жылдың еншісінде қалды. Төлемдерді тағайындауға қажетті ескі құжаттар қазір цифрландырылуда. «Әлеуметтік әмиян» игілігін келесі жылы көрсек те кеш емес. Ұлттық банк мәлімдегендей, халықтың ақшасын қорғай алса, Сауда және интеграция министрлігі сөз еткендей, қымбатшылықты ауыздықтайтын болса, цифрлық әмиянның пайдалы болғаны. Дегенмен, «қолға ұстамайтын» әмиянның қаншалықты тиімді екенін уақытында көреміз.
Жансая ОМАРБЕК.