Ресми

Əлеуметтік кодекстің игілігі

Халықты əлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту – мемлекет үшін маңызды міндеттерінің бірі. Осы міндетті жетілдіру, əрі маңыздылығын арттыру мақсатында 1 шілдеден бастап, оң өзгерістерге толы əлеуметтік кодекс күшіне енді. Елімізде алғаш рет қолданысқа енгізілген бірыңғай əлеуметтік құжаттың халыққа əсері қандай? Аймақ тұрғындарының тұрмыс-тіршілігін жақсартуға септігі тиді ме? Осы сұрақтар төңірегінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мəслихатында Қазақстан Республикасы Еңбек жəне халықты əлеуметтік қорғау Министрлігі Еңбек жəне əлеуметтік қорғау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысы Нұркен Блялов аймақта жүзеге асқан əлеуметтік өзгерістер жөнінде баяндап берді.

Жəрдемақы өсті

– Кодексті енгізудің басты мақсаты – азаматтарды əлеуметтік қолдау шараларын жақсарту. Бұл ресми құжат қазақстандықтар үшін басты əлеуметтік құжат. Өйткені, ол өмір бойы мемлекеттен əлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ететін болады. Яғни, ол қазақстандықтардың туғаннан кəрілікке дейінгі базалық əлеуметтік құқықтарын белгілейді, – дейді департамент басшысы.

Бұл кодекстің басты міндеті – мемлекеттен кім қандай жағдайда, нендей көмек алатынын нақты бекіту. Əлеуметтік кодекстің негізгі жаңалықтары – отбасының цифрлық картасы енгізілді, əлеуметтік қолдаудың жаңа парадигмасы бекітілді, əлеуметтік қызмет көрсету толық трансформацияланды, азаматтарды зейнетақымен қамсыздандыру жүйесіне өзгерістер енгізілді.

Халықтың əлеуметтік əлеуетін арттыруға бағытталған кодекс бойынша биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап, аймақтың 102 239 тұрғынына қатысты төлемдер мен жəрдемақылар мөлшері 14,5% – ға артты. Атап айтқанда, мүгедектігі бойынша жəрдемақы мөлшеріне дейін жеткізілген зейнетақы төлемін алатын 6136 адамның, мүгедектігі бар адамдардың мемлекеттік əлеуметтік жəрдемақыларын алатын 39 893 адамның, асыраушысынан айырылуына байланысты төленетін жəрдемақыны алатын 12 677 адамның, мүгедек бала тəрбиелеуіне байланысты төленетін жəрдемақыны алатын 4 589 адамның, мемлекеттік əлеуметтік сақтандыру қорынан (МЭСҚ) еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша əлеуметтік төлемдер алатын 10 749 адамның, мемлекеттік əлеуметтік сақтандыру қорынан асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша əлеуметтік төлем алатын 4 404 адамның, сонымен қатар арнаулы мемлекеттік жəрдемақылар – 1 2, 3 топтағы мүгедектер, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккендер жəне Қазақстан Республикасы алдында ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған 12 693 адамның əлеуметтік төлемдері өсті.

Кодекстің тағы бір жаңалығы «марапатталған аналар» ұғымы енгізіліп, бұл мəртебе «Күміс алқа», «Алтын алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр Ана» атағын алған жəне І, ІІ дəрежелі «Ана даңқы» орденімен марапатталғандарға берілді. Алты, жеті, одан да көп бала туған аналарға төленетін жəрдемақы мөлшері 7,4 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріне артты. Бұндай əлеуметтік қолдау облыстағы 3600 анаға тиесілі.

Əлеуметтік қолдауды тағайындаудың тиімді бағдарламасының бірі, жыл басынан іске қосылған отбасының цифрлық картасы. Аталмыш ақпараттық жүйеде əлеуметтік төлем алушы туралы барлық ақпараттар бар. Жəне сол арқылы əлеуметтік төлем тағайындалады. Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшасы арқылы да зейнетақы жəне жəрдемақы бойынша ақпарат алуға болады.

Əлеуметтік кодекстің тағы бір артықшылығы – мамыр айынан бастап, жұмысынан айырылғандар үшін төлем алу мүмкіндігі пайда болды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сай, 1 қаңтардан бастап 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін кепілдендірілген əлеуметтік пакет қаржылай көмек түріне ауысты. Аталмыш көмек түріне 210,7 млн. теңге қарастырылып, 4 675 бала қамтылатын болады. Бұл ата- аналардың балаға қажетті өнімдерді өздері сатып алуына мүмкіндік береді.

Аймақта 1507 отбасы атаулы əлеуметтік көмек алады.

Жаңа жоба

Əлеуметтік кодекс аясында аймақта пилоттық жоба іске асырылмақ. Арнаулы əлеуметтік қызметтер бөлігін негізге ала отырып, психоневрологиялық аурулары бар жəне тірек-қимыл аппаратына тəуелді мүгедек балаларға арналған 12 төсекорындық үй-жай ашылады. Мұнда мүгедек балалар тек күндіз ғана болады.

Ал, кішірек үйлерде тұратын мүгедектерге де арнайы сегіз түрлі əлеуметтік қыз мет көрсетіледі.

Медициналық-əлеуметтік сараптаманы трансформациялау

Əлеуметтік кодекс шеңберінде мүгедектікті белгілеудің сырттай немесе проактивті форматы заңнамалық түрде бекітілген. Мүгедектікті белгілеудің проактивті форматы кезінде адамға басқа инстанцияларға бармай-ақ, тек емханаға жүгіну жеткілікті болады. Бұл ретте, тиісті əлеуметтік төлемдер мен көрсетілетін қызметтерді сараптау, тағайындау Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінен алынған деректер негізінде өтініш берушінің қатысуынсыз автоматты түрде жүргізіледі. Осы жылдың 1 сəуірінен бастап, мұндай жұмыс форматы нозологияның 22 түрі бойынша іске асырылатын болады

Зейнетақы жүйесінің тиімділігі артады

Кодексте зейнетақы жүйесінің тиімділігін арттыруға қатысты да бірқатар шаралар қабылданды. Нақтырақ айтқанда, əйелдердің зейнеткерлік жасын 2023 жылдан бастап бес жылға тоқтатты. Яғни, 61 жасқа межеленді.

Қазіргі қолданыстағы жүйе зейнеткерлердің 3 буынын қамтиды. Біріншісі – аға буын. Бұл санатқа 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін зейнетке шыққан, толық еңбек өтілі бар зейнеткерлер кіреді. Осы санаттағы адамдар базалық жəне еңбек зейнетақысын мемлекеттік бюджеттен алады. Олардың басым көпшілігіне 120 мыңнан 160 мың теңгеге дейінгі аралықта зейнетақы төленеді. Екіншісі – бүгінгі буын.

Бұл – зейнет жасына 1998 жылғы 1 қаңтардан кейін жеткен азаматтар. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек өтілі болғандықтан, олар да еңбек жəне базалық зейнетақыларын мемлекеттік бюджеттен, ал бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан өз жинақтары есебінен жинақтаушы зейнетақы алады. Бұл жерде бір мəселенің шеті қылтиып көрініп тұр. 1998 жылдың 1 қаңтарынан кейін шыққандардың жұмыс өтілі аз. Демек, мемлекеттен зейнетақыны алып отырған зейнеткерлердің ынтымақты зейнетақы мөлшерінің азаюы жəне болашақ зейнеткерлердің жинақтары жеткіліксіз болмақ. Сондықтан, кодексте бүгінгі буын зейнеткерлері үшін алдағы 5 жылда базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көбейту қаралуда. Оның ең төменгі мөлшері күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-ына дейін, ал жоғары мөлшері 120%-ға дейін арттырылады. Сондықтан, биылғы жыл басынан бірінші жəне екінші буын зейнеткерлердің ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерін күнкөріс деңгейінің 54- 60%-ға дейін көбейтілді. Бұл шара 2028 жылға дейін жалғасып, базалық зейнетақының көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге өсетін болады. Зейнеткерлік жасына жеткен азаматтар үшін 1998 жылға дейін еңбек өтіліне сəйкес, төленетін зейнетақының мөлшері 55 айлық есептік көрсеткішке тең келетін табыстың көлемінен есептеледі. Нəтижесінде орташа зейнетақының мөлшері биыл 120 мың теңгеден асып, орташа еңбекақының 50%-ын құрап отыр. Бұл өзгерістер бүгінгі буын зейнеткерлері зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен алатынын жəне толық мемлекеттік қолдауда болатынын көрсетеді.

Үшіншісі – болашақ зейнеткерлер. Олар зейнетке 2038 жылдан кейін шығады. Бұл санаттағы азаматтар мемлекет тарапынан базалық зейнетақы жəне бірыңғай жинақтаушы қорынан өздері жинақтаған қаржының есебінен зейнетақы алады. Ал, зейнетақысы өз жинақтары есебінен қалыптасатын болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізіледі. Бұл жарна қолданыстағы заңда көзделген шартты жинақтаушы зейнетақы жүйесі үшін база қалыптастырады. Осылайша бұл топтағы азаматтар да зейнет жасына жеткенде қазіргі зейнеткерлер сияқты зейнетақының 3 түрін (мемлекет есебінен – базалық зейнетақы, жұмыс берушілер есебінен – шартты-жинақтаушы зейнетақы, өз жинақтары есебінен – жинақтаушы зейнетақы) алады. Аталған шаралар азаматтарды лайықты зейнетақымен қамтуға мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, кодекс жобасына өз активтерін басқару бойынша салымшылардың құқығын кеңейтуге қатысты өзгерістер енгізіледі. Енді азаматтар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге жəне тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады. Сондай-ақ, салымшыларға зейнетақы жинақтарының 50 пайыздан аспайтын бөлігін активтерді басқару компаниясына беру жəне мұндай компанияны өздері таңдау құқығы беріледі.

Сағыныш ƏБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button