Әлеуметтік көмекте алалау жоқ
Жаңа форматта атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша өтініштер қабылдана бастағанына бір апта өтті. Қарағанды қаласының халықты жұмыспен қамту орталығына осы мәселе бойынша күніне 250-300 адам келеді екен.
Олардың барлығы әуелі арнайы ұйымдастырылған анықтама бұрышына барып, барлық сұрақтарын қоя алады. Орталық қызметкерлері Саят Мұқажанов пен Серік Оспанов отбасының жиынтық табысын есептеп, келушінің аталмыш көмекті алу мүмкіндігі бар-жоғын айтады.
Келушілер негізінен жеке басын куәландыратын құжатын ұсынса болады. Ол азаматқа қатысты барлық мәлімет «Е-халық» ақпараттық базасынан көрінеді. Дегенмен де көпшілік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың мән-жайынан әлі де бейхабар сияқты.
– Күйеуім – Өзбекстан азаматы, – дейді Жанар Алибаева. – Ол сол жақта, бізге ешқандай көмегі жоқ. Төрт балам бар, үлкені колледжде оқиды, кішісі 1,5 жаста. Алдында қалалық әкімдік бізді көпбалалы отбасы ретінде есепке алып кеткен. Кейінірек мекен-жайға хат жолдады. Осы хат бойынша атаулы әлеуметтік көмек ала аламын ба, жоқ па соны білгелі келдім.
Анықтама бұрышындағы мамандар Жанар Алибаеваға аталмыш көмекті алу мүмкіндігі бар екенін айтып, өтініш жазу үшін операциялық залға жіберді.
Электрондық кезекте тұрғандардың қарасы көп. Жұмыспен қамту орталығы директорының орынбасары Мереке Мамраева да келушілерді қабылдап, егжей-тегжейлі түсіндіруде. Себебі, келушілер легін бір адамның қамтуы мүмкін емес.
– Өтініш жазылғаннан кейін Қазыбек би және Октябрь аудандарының үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінде құрылған учаскелік комиссия сол отбасының әлеуметтік жағдайын, тұрғын жайын аралап көреді. Сол комиссияның мақұлдауымен атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Өтініш жазылған күннен бастап жеті күннен кейін тиісті қаражат өтініш жазушы ұсынған банк шотына түсетін болады,– деп түсіндірді халықты жұмыспен қамту орталығының директоры Нұркен Баянов.
Оның айтуынша, тұрғындар тіркеуге тұру мәселесін реттемесе, атаулы әлеуметтік көмектен қағылуы мүмкін.
– Мысалы, Қарағандыда тіркеуде тұрып, Теміртау қаласында тұрып жатса, олар атаулы әлеуметтік көмек ала алмайды. Отбасы Қарағандыда тіркеуде тұрса, қала аумағында тұруы да тиіс. Тұрғылықты жері Теміртауда болса, сол жаққа тіркеліп, ондағы жұмыспен қамту орталығына барулары керек. Әр азамат өзінің тұрғылықты жері бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтарына, халықты жұмыспен қамту орталығына, ауылдық жерлерде болса, ауыл әкімдігіне барулары тиіс,– деді Нұркен Ақылбекұлы.
Жеке кәсіпкерлер, өзін-өзі қамтығандардың табысы мемлекеттік кіріс департаментіне берген есептерінен алынады. Атаулы әлеуметтік көмек алатын өзін-өзі қамтыған адамдар жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа тартылуы міндетті екенін мамандар ескертеді.
Отбасының жиынтық табысына салық салымдары алынбаған еңбекақы көлемі, отбасы мүшелерінің зейнетақысы, баланың 1 жасына дейін төленетін жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін тегін жол жүру ақысы жататынын тағы қайталаймыз. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін өтінішті сәуірдің кез келген күнінде сағат таңертеңгі 09.00-ден кешкі 18.30-ға дейін беруге болады.
Өткен бір аптада Қарағанды қаласының халықты жұмыспен қамту және халыққа қызмет көрсету орталықтарына 2057 өтініш келіп түскен. Оның 534-і атаулы әлеуметтік көмек алу мүмкіндігіне ие болады.
Жансая ОМАРБЕК.