Әлеуметтік инфрақұрылым: сапалы өмірдің кепілі
Әрбір жетістік – халықтың игілігіне жасалған қадам. Атқарылған ауқымды жұмыстар мен келешекке құрылған жоспарлар – өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын нақты істер. Газ, жылу, су және электрмен жабдықтау, экологиялық ахуалды жақсарту бағытындағы ауқымды шаралар халықтың тұрмыс сапасын арттыруға септігін тигізеді. Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту, экологиялық науқан аясындағы абаттандыру жұмыстары – барлығы да халықтың әл-ауқатын арттыру жолындағы игілік деп бағамдаймыз. Жиынтықтап өтейік.
Газбен жабдықтау бағытынша Қарағанды қаласы бойынша 2024 жылы 5 іске қосу кешені бойынша жұмыстар жүргізіліп, 1 кезектегі 4 және 6 іске қосу кешені бойынша жұмыстар басталды. 2025 жылы I кезектегі 4,5,6 іске қосу кешені бойынша жұмыстар аяқталады. Ал, Теміртау қаласы бойынша өткен жылы ІІ кезектің 1 және 2 іске қосу кешені пайдалануға берілді. I кезектің 4 іске қосу кешені және ІІІ кезектің 1 және 2 іске қосу кешені бойынша жұмыстар басталды. Осы жылы I кезектің 4 іске қосу кешені және III кезектің 1 және 2 іске қосу кешені бойынша жұмыстарды аяқтау жоспарлануда. Шахтинск қаласы бойынша АГРС және жоғары қысымды газ құбырының құрылысы аяқталды, Солтүстік-Батыс кентінде жұмыстар жүргізілуде. Биыл жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жалғастырылатын болады.
Жылумен жабдықтау жүйесі – әрбір өңірдің әлеуметтік және экономикалық дамуы үшін маңызды сала. Жылу тұрғындардың күнделікті өмірінде жайлы жағдай жасаумен қатар, өңірдің тұрақты дамуына да айтарлықтай әсер етеді. Жылу желілерінің тозуы мен олардың уақытында жаңартылуы басты назарда болуы тиіс. Аталған бағыт тек инженерлік инфрақұрылымды жақсартумен шектелмейді. Халықтың әл-ауқатын көтеруге, экономикалық белсенділікті арттыруға және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталмақ. Бұл саладағы алдағы іс-шаралар, атап айтқанда, жылу желілерін қайта жаңарту, аймақ тұрғындарының жайлы өмір сүруін қамтамасыз етумен бірге, энергия тиімділігін арттырып, шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сондықтан, жылумен жабдықтау жүйесіне салынған инвестициялар – болашаққа жасалған стратегиялық қадам, өңірдің тұрақты даму негізін қалап, халықтың өмір сапасын жақсартуға сеп.
Жылумен жабдықтау мәселесіне келсек облыс бойынша жылу желілерінің жалпы ұзындығы 1 125,25 шақырымды (екі құбырлы есептеуде) құрайды. Жылу желілерінің орташа тозуы 66,4% шамасында. Өткен жылы бюджеттік қаржыландыру шеңберінде 13 жоба іске асырылды. Жыл қорытындысы бойынша 26,1 шақырым жылу желілері қайта жаңартылып, салынды. Саран қаласында орталық жылу көзі салынды. Ендігі жылы 3,2 шақырым жылу желілерін қайта жаңарту және салу жөніндегі іс-шаралар жоспарланған.
Ауылды сумен қамтамасыз ету өзекті. Облыста жалпы халық саны 205 677 адамды құрайтын барлығы 342 ауылдық елдімекен (АЕМ) бар. Орталықтандырылған сумен жабдықтаумен ауылдық жерлердегі халықтың 97,9%-ы немесе 268 ауыл қамтылған. 4 394 тұрғыны бар 71 ауылда ауыз суға қолжетімділік бар. Алайда, орталықтандырылған сумен жабдықтау жоқ. Оның ішінде, 3 ауыл 202 адам әкелінген суды пайдаланады. 2024 жылы ауылдық елдімекендерде сумен жабдықтау бойынша 98,7 шақырым су құбыры желілері салынып, қайта жаңартылды (құрылыс – 9 шақырым, қайта құру – 89,7 шақырым). 29 ауылда кешенді блок модулі (КБМ) орнатылды. Осы жылы ауылдық елдімекендерде сумен жабдықтау бойынша 7 жобаны іске асыру және 18 ауылда КБМ орнату жоспарланған. Ауыл тұрғындарын сапалы сумен 100% қолжетімділікпен қамтуға 2025 жылдың соңына дейін қол жеткізу жоспарлануда. Қалаларда сумен жабдықтау желілерінің ұзындығы – 2 513,37 шақырым, тозуы 65,6%. Өткен жылы 85 шақырым сумен жабдықтау желілері салынды және қайта жаңартылды. 2025 жылы 7 жобаны іске асыру жоспарланған. Жыл қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділікті 100%-ға дейін арттыру жоспарланған.
Бүгінгі таңда Қарағанды облысы бойынша мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте 32 961 азамат тұр. Өткен жылмен салыстырғанда кезек 446 немесе 1,3%-ға азайды. Өткен жылы Қарағанды облысы бойынша түрлі қаржыландыру көздерінен мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үйге кезекте тұрған 855 азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Облыста үшінші жыл жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін азаматтардың жекелеген санаттарына төлем бағдарламасын іске асыруға қаражат бөлінеді. Осы жылы 23 млн. теңге сомасына төлемдер жүргізілді. Бағдарламаға барлығы 318 азамат қатысты. Бағдарламаны іске асыруға 2025 жылы 40 млн.теңге көлемінде қаражат бөлінді.
Тұрғын үй мәселесін шешу кез келген өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды бөлігі. Өңірде осы бағыттағы жүйелі жұмыстар азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй алу кезегіндегі азаматтардың санын азайту және тұрғын үймен қамтамасыз ету – аймақ тұрғындарының өмір сапасын арттыруға ықпал ететін басты факторлардың бірі. Жеке тұрғын үй қорынан жалға алынған тұрғын үй үшін төлем бағдарламасы ерекше маңызға ие. Бұл бағдарлама тұрғын үйге мұқтаж жекелеген санаттағы азаматтарға қолдау көрсетіп, олардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Баянды бастама әлеуметтік әл-ауқатты арттыруға және тұрғын үй нарығындағы теңсіздіктерді жоюға бағытталған тиімді құрал ретінде қызмет етеді.
Облыс бойынша электр желілерінің ұзындығы шамамен 24 мың шақырым, орташа тозуы – 68,6% құрайды. Электр желілерінің тозуын және апаттылығын төмендету үшін энергия беруші ұйымдардың инвестициялық бағдарламалары аясында электр беру желілері мен қосалқы станциялардың жабдықтарын реконструкциялау, техникалық жаңғырту және күрделі құрылысы жүргізіледі. Мәселен, 2024 жыл қорытындысы бойынша «Қарағанды Жарық» ЖШС, «Қарағанды АЭК» ЖШС өңірлік электр желілік компаниялардың инвестициялық бағдарламалары шеңберінде «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асыруды есептегенде 9 млрд теңгеге жуық сомаға ұзындығы 67,7 шақырым электр беру желілерін реконструкциялау және салу бойынша жұмыстар орындалды. Бұл облыс өңірлері тұтынушыларын электрмен жабдықтау сапасын едәуір жақсартуға мүмкіндік берді. 2025 жылы 15 млрд.теңгеден астам сомаға 85 шақырымнан астам электр беру желілерін қайта жаңарту, жаңғырту және күрделі салу жөніндегі іс-шаралар жоспарланған.
«Таза Қазақстан» экологиялық науқаны аясында облыс аумағында өткен жылдың 8 сәуірінен бастап, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары басталды. Осы науқанға 242 мың адам, 10 743 кәсіпорын қатысты. 1433 бірлік техника жұмылдырылды, 367 рұқсат етілмеген қоқыс үйінділері жойылып, 171 мың тонна қалдықтар шығарылды. 36 мыңнан астам аула аумағы жиналып, 273 саябақ пен сквер аумақтары жиналды. 441 тарихи-мәдени ескерткіштер жөнделіп ретке келтірілді. 131 034 ағаш отырғызылды (мемлекеттік орман қор аумағында 90 000 ағаш, қалалар мен елдімекендердің аумағында 41 034 ағаш). 7720 бұта, жалпы ауданы 1 623 мың м2 125 су айдынының аумағы жиналды. 45 фонтан қалпына келтіріліп, 15 шақырым арықтар тазаланды. Әкімшілік кодекстің 505-бабы бойынша 10700 ескерту және 1212 айыппұл салынды.
2024 жылы Қарқаралы қаласы бөгетінің жағалауын абаттандыру жұмыстары аяқталды. Балқаш қаласының жағалауын абаттандыру бойынша жұмыстар жалғасуда, 1, 2 кезек. Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі 2024-2026 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары шеңберінде облыстық бюджеттен еуроконтейнерлер орнатуға және контейнерлік алаңдарды жайластыруға 1,4 млрд. теңге көлемінде қаражат бөлінді. Жұмыстар толық көлемде аяқталды. 5 саябақ пен 17 гүлзардың аумағы абаттандырылды. 102 аула аумағында 72 балалар ойын алаңы, 19 футбол алаңы және 7 баскетбол алаңы орнатылған.
2021-2025 жылдарға арналған Қарағанды облысының елдімекендерінің жасыл аймақтарын құру аймақтық көгалдандыру жоспарына сәйкес 2024 жылы 53 175 ағаш отырғызу жоспарланған болатын. Жыл қорытындысы бойынша қалалар мен елдімекендердің аумағында 64 288 (120,8%) ағаш отырғызылды, жоспар 11 113 (20,8%)асыра орындалды.
Тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсартуға бағытталған жобалар жалғасын тауып, алдағы жылдары да нәтижелі боларына сенім мол. Атқарылған жұмыстардың бір парасы мен алға қойылған мақсаттар легі Қарағанды облысының гүлденуіне игі әсер етіп, жергілікті халықтың жарқын болашағы үшін жасалып жатқан ауқымды жұмыстардың көркем көрінісі болмақ. Біз оған бек сенімдіміз!
Тілектес ДОСАЕВ,
Қарағанды облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық
шаруашылық басқармасының басшысы