Әлеуметтің әлеуеті әлсіремеуі тиіс
Облыста Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту бағытында ауқымды әрі кешенді жұмыстар жүргізілуде. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы нәтижелер – атқарылған істердің нақты көрсеткіші. Облыс тұрғындарының әлеуметтік әл-ауқатын арттыру, азаматтардың еңбекпен қамтылуы мен әлжуаз топтарды қолдау бағытында ілкімді істер аз емес. Оның бәрі әлеуметтің әлеуеті әлсіремеуі үшін жасалып отыр.

Жұмыссыздық деңгейі төмендеді
Ресми дерекке сүйенсек, 2025 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, аймақта жұмыссыздық деңгейі 4,2%-дан 4,0%-ға дейін төмендеген. Бұл республикалық көрсеткіштен төмен екенін көрсетеді.
– Жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету мақсатында арнайы әзірленген Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 48 мың адамды жұмыспен қамту көзделген. Оның ішінде, жобалар шеңберінде – 3,6 мың адам, бос жұмыс орындарына – 22 мың адам, жеке бастамалар бойынша – 14 мың адам, жастар тәжірибесі және басқа мемлекеттік бағдарламалармен – 8 мың адам және кәсіпкерлік бастамалар арқылы – бес жүзге жуық адам жұмыспен қамтылмақ, – деп атап өтті облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Төлеу Мұхтар.
Ағымдағы кезеңде 22,6 мың адам жұмысқа орналасыпты. Жаңа жұмыс орындарының саны – 3 мыңнан асты. Жастар тәжірибесіне 7 мыңнан астам жас тартылған.
Ешкім де елеусіз қалмайды
Жыл басынан бері мүмкіндігі шектеулі 857 азамат жұмысқа орналастырылды. Сонымен қатар, соңғы 3 жылда жұмыс берушілер есебінен 39 арнайы жұмыс орны жабдықталған.
Облыста «Ten Qogam» әлеуметтік бейімдеу орталықтары Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларында және Абай ауданында жұмыс істейді. Бұл орталықтарда мүгедектігі бар азаматтарға, жұмысқа орналасу, әлеуметтік бейімделу, психологиялық және заң көмегі, мемлекеттік қызметтерді рәсімдеу және «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы қызметтер алу бойынша кеңес беріліп, қолдау көрсетіледі.
Сонымен қатар, инватакси қызметі 12 өңірде 149 автокөлікпен қызмет көрсетіп жатыр. Оның ішінде, 15-і арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Биыл бұл қызметпен 2 218 мүгедектігі бар адам қамтылды.
2025 жылдан бастап, облыста зейнет жасындағы азаматтарға арналған «Алтын жас» жобасы іске қосылды. Бұл бағдарлама арқылы 530 адам жұмысқа тартылды. Мемлекет олар үшін жалақының 50%-ын (бірақ, 85 мың теңгеден аспайтын) субсидиялайды.
Ал кәсіптік білім мен жастарды қолдау мен қысқа мерзімді курстар мен онлайн оқыту жұмысы да белсенді.
Басқарма басшысының айтуынша, жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту ұйымдастырылып, оған 487 адам жіберілді. Оның 62-сі жұмыс орнында білім алуда.
– Skills Enbek платформасы арқылы 2 565 адам онлайн оқытудан өтті (жоспардың 97%-ы). «JUMYS TAP» жобасы аясында 3 колледжде оқыған 150 адам (әлеуметтік осал топтардан) сертификат алды. Сонымен бірге, аймақта 70 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Оған 831 жұмыс беруші қатысып, 5 445 адам тартылып, 261 адам жұмысқа орналастырылды, – дейді ол.
Еңбек министрлігі енгізген «Мансап компасы» қызметі (mansap.enbek.kz) сұранысқа ие 400 мамандық бойынша 12 бағытта күнделікті жаңартылатын аналитикалық деректер ұсынады.
Қолдау бар да, қорғау бар
«Бастау Бизнес» жобасы аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына кәсіпкерлік негіздері бойынша оқыту жүргізілуде.
Бүгінге дейін 91 грант берілді. Тамыз айында тағы 134 грант беріледі деп жоспарланып отыр.
Бірінші шілдедегі жағдай бойынша АӘК алушылар саны 3 482 адамды құраған. Бұл – 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 769 адамға аз. Бұл өзгеріс отбасылардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы және белсенді жұмыспен қамту шараларының нәтижесі ретінде бағаланады.
Бұдан бөлек, облыста жеті отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Олар азаматтарға заңдық, психологиялық, әлеуметтік көмек көрсетеді. Цифрлық технологиялар арқылы «FSM Social» мобильді қосымшасы іске қосылып, 756 кеңес, 131 іс тіркелген.
Мобильді топтардың құрамында 1 420 маман (әлеуметтік қорғау, ішкі істер, денсаулық сақтау, білім беру салаларынан) жұмыс істеуде.
Бүгінде облыста жеті ҰОС ардагері тұрады. Олар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай 5 млн теңге көлемінде біржолғы көмек алды. Сонымен қатар, 2 613 тыл еңбеккеріне – 100 мың, Чернобыль апаты қатысушыларына – 200 мың, Ауған соғысы ардагерлеріне – 200 мың теңгеден және Таулы-Қарабах, Тәжік-Ауған шекарасы, Ирактағы бейбітшілік миссиялары қатысушыларына да қаржылай қолдау көрсетілді.
Одан бөлек, санаторлық-курорттық емделуге 63 ардагерге жолдама берілді. Әр жолдаманың құны – 305 мың теңге.
Қазір облыста 10 стационарлық орталық, 2 оңалту орталығы, 2 күндізгі бөлімше жұмыс істейді. Жыл соңына дейін Аутизм спектрі бұзылған балаларға арналған 125 төсек-орындық орталық және Теміртаудағы 70 орындық Балалар оңалту орталығы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ал 33 мекеме әлеуметтік қызмет көрсетуге лицензия алды, олардың қатарында мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдар бар.
Көші-қон саласында да бірқатар жұмыс атқарылды. Жыл басынан бері 128 адам қандас мәртебесін алып, 176 рұқсат шетелдік жұмыс күшін тартуға берілді. Сонымен қатар, 4 украин азаматы босқын мәртебесін алды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»