Бас тақырып

Әлеуметтің әлеуеті артады

«Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыр­тудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін», – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің халықпен кездесулері туралы жарлығында. Соған байланысты Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Ол мұнда Шахтинск қаласы мен оның аумағына кіретін Шахан, Долинка, Жаңа Долинка, Северо-Западный кенттерінің 2023 жылғы әлеуметтік-­экономикалық дамуының қорытындыларын баяндап, биылға белгіленген жоспарларымен таныстырды.

Коллажды жасаған А.Рахымжан

Мұрат Есетұлы бірінші кезекте аймақ экономикасындағы оң өзгерістер мен қол жеткен көрсеткіштерге тоқталды. Атап айт­қанда, есепті мерзімде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 20 миллиард 361,5 миллион теңге болып, негізгі капиталға салынған инвестициялардың мөлшері 2022 жылға қарағанда 59,7 пайыз өсіп, 36 миллиард 810,6 миллион теңгеге жеткен.

Ауыл шаруашылығында да жалпы өнімнің көлемі 6 миллиард 062,2 миллион теңгені құрап, оның алдындағы жылмен салыс­тырғанда 1,7 пайызға артқан.

Бөлшек тауар айналымының көлемі де 21,1 пайыз өсіммен орындалып, 18 миллиард 008,2 миллион теңгеге айналса, құрылыс жұмыстарының көлемі 15 миллиард 359,4 миллион теңгеге немесе 105,9 пайызға атқарылыпты. Яғни, өткен жылы 5 мың 468 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, енді ағымдағы жылы Шахтинскінің Карл Маркс көшесіндегі 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын аяқтау міндеті тұр. Пәтер кезегінде тұрғандарды баспанамен қамтамасыз ету үшін Шахан кентінің 14-ықшамауданындағы №3, №4а үйлердің бос тұрған кіреберісі мен 21-ықшамауданның №3 үйін қалпына келтіру жоспарланған екен.

Шағын және орта бизнесті дамыту барысында 2023 жылы 41 кәсіпкер 348,1 миллион теңгенің қаржылай көмегін алса, 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті қолдаудың Ұлттық жобасы шеңберінде 12 жобаға 327,5 миллион теңгесінің қолдауы көрсетіліп, 17 жас кәсіпкерге қала әкімінің гранты берілген Ал, мемлекеттің қолдауынсыз аймақта 19,4 миллион теңгедей сомаға ашылған шағын және орта бизнестің 17 нысанында 17 жаңа жұмыс орны құрылған. Осылардың шығарған өнімінің көлемі 2023 жылдың 1 қазанына дейін 15 миллард 945 миллион теңгені төңіректеп, жұмыс істеп тұрған нысандардың саны 9,3 пайызға өскен екен.

Жалпы, қала экономикасын дамытуға бағытталған шаралар жеке табыстың жоспарын 14,7 пайызға асыра орындауға мүмкіндік берді.

Бұдан әрі қала әкімі әлеуметтік салада байқалған оң динамиканы сөз етті. Мәселен, 3-6 жас аралығындағы бүлдіршіндер қала бойынша балабақшамен 100 пайыз қамтылса, «Kanysta» жекеменшік балабақшасы 1-3 жастағы 25 сәбиді қабылдап, ағымдағы жылы 50 орындық «Болашақ» жекеменшік балабақшасы ашылыпты.

Өткен жылы білім беру нысандарын күрделі және ағымдағы жөндеу толық аяқталып, қаладағы барлық 12 мектеп үшін спорттық жабдықтар, оқулықтар мен цифр­лық электрондық платформалар сатып алынған.

Денсаулық саласында Шахан кентінің денсаулық орталығының ғимаратына ағымдағы жөндеу жасалып, Шахтинск қалалық емханасына өз қаржысы есебінен медициналық жабдық сатып алынып, енді биыл қалалық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізілмек. Сол сияқты стационарлық қызмет орталығының ғимаратына жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, оны қаржыландыруға өтінім облыстық денсаулық сақтау басқармасына жіберіліпті. Ғимаратта күрделі жөндеу біткен соң хирургия, реанимация, операциядан кейінгі науқастарды оңалту бөлімшелерін ашу жоспарда бар.

Аймақта жұмыссыз 1 510 адам мен жұмысқа орналасу мәселесі бойынша жүгінген азаматтардың 71 пайызына жәрдем көрсетілген.

Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде 2023 жылы бопсалау, бұзақылық, интернет алаяқтығы бойынша тіркелген қылмыстар азайған. Биыл қаладағы бейнебақылау камераларының санын 252-ге дейін көбейту көзделуде.

Өткен жылы қала ішіндегі 13 километрдей жол жөнделіп, соның ішінде, су өткізгіш тораптар жаңғыртылған соң 1-орамның жолдары орта жөндеуден өткен. Бұдан бөлек, 25-орамда осындай жұмыстар атқарылған. Абай Құнанбаев, Жеңістің 40 жылдығы мен Карл Маркс көшелерінің автожолдары орта жөндеу көріп, «Снегурочка» бөбекжайы мен №6 мектепке барар жолдар да жөнделді. Ағымдағы жылы қала жолдарының 6,6 километрі немесе 9,7 пайызы орта жөндеуден өткізілмек. Соған қосымша №5 мектеп-гимназия мен №9 мектепке, «Еркетай» балабақшасына кіреберіс жолдар асфальтталып, көлік қоятын орындар ұйымдас­тырылмақ.

Авто және аула жолдарын жамап-жасқау да жоспарланып отыр.

Қазіргі көктемгі су тасқыны қаупі бар кезеңде қала мен кенттерде оның алдын алу шаралары қабылдануда.

Абаттандыру тұрғысында қаланың 4 көшесінде жарық желілері қалпына келтіріліп, 40 жарық бағанасы орнатылған. 31-орамда көпбейінді спорт корты қойылып, балалардың 4 ойын алаңы реттеліп, 4 футбол алаңы жаңғыртылып, қаланың екі көшесіне жүргінші жолдары төселген.

Биыл 1-орамда футбол алаңы бар балалардың ойын алаңын ретке келтіріп, 4-орамда 345 жарық тіреулерін қою, 3 мың шаршы метрдей жүргінші жолдарын реттеу, 3 футбол алаңын ағымдағы жөндеу, Жеңістің 40 жылдығы көшесіндегі гүлзарды абаттандыру жоспарға енгізілген.

Мұрат Қыдырғанбеков өткен жылы қала аумағына кіретін 4 кентте де осындай жұмыстар атқарылғанын тілге тиек етіп, ол биыл да жалғасатынын айтты.

Сонымен бірге, ол аймақта қысқы жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтіп келе жатқаны мен Жылу-энергия орталығында жасалған жөндеу жұмыс­тарын да атап өтіп, 2023 жылы қаладағы су өткізгіш тораптарды жөндеудің екінші кезегі аяқталып, 43,9 километр тораптар төселіп, 475 құдық орнатылғанын мәлім етті. Енді, оның үшінші кезегі қолға алынып, ол жүзеге асқанда тораптар тозуын 43 пайызға дейін азайтуға болады екен.

Осы биыл Жаңа Долинка кентінде су өткізгіш тораптар төсеу, Шахан кентінде кәріз тазалау құрылысын салу, Шахтинскіде кәріз коллекторын салудың жобалық-сметалық құжаттамасы даярланғанын да Баян қылды ол.

Брифинг соңында Мұрат Қыдырғанбеков журналистер қойған көптеген сұрақтарға жауап берді.

Ержан ИМАШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button