Қарағандыда Үлкен Михайловка тұрғындарының көпжылдық мәселесі шешіліп, қауіпсіз және ыңғайлы теміржол өткелі салынды. Бұған дейін ересектер мен балалар оқуға немесе жұмысқа, дүкенге немесе дәріханаға бару үшін күн сайын өмірін қауіпке тігіп, теміржолмен өтуге тура келетін.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды қаласында қауіпсіз және инклюзивті орта қалыптастыру үшін берілген тапсырмалардың орындалуын тексерді.
Аймақ басшысы Үлкен Михайловкадағы жаңа көпірді көрді. Оның ұзындығы шамамен 71 метр. Мүгедектігі бар адамдар мен баспалдақпен жүре алмайтын адамдар үшін лифтілер орнатылған. Жоба бойынша ашық өткел көзделген еді, бірақ, түзетулер енгізіліп, шатыр жасалды. Өткен жылдың соңында нысан пайдалануға беріліп, бүгінде станса ауданында тұратын мыңға жуық адам оны пайдалануда.
Көпір құрылысымен «Темір-Арқа» мердігерлік ұйымы айналысқан. Кәсіпорын басшысы Марат Әбілқайыровтың айтуынша, көпірді екі тірек ұстап тұр. Магистраль жұмыс істеп, пойыздардың қозғалысы тоқтамағандықтан, құрылыс күрделі жағдайларда жүргізілді.
– Үлкен Михайловка тұрғындары теміржолдан өту мәселесін көтергеніне біраз болды. Бұл қауіпті учаске. Жаяу жүргіншілер көпірі жасалды. Осылайша адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Облыс әкімі тәртіпті қадағалау және қандай да бір нысанның бүлінуіне жол бермеу үшін бейнебақылау орнатуды тапсырды.
Облыс әкімі Г.Головкин атындағы спорт кешенінде де болды. Кешенге күн сайын 1200 бала келеді, соның ішінде, жүзге жуығы ерекше қажеттіліктері бар балалар. Бұған дейін ғимараттың құрылысы барысында лифт қарастырылмаған. Бүгінде бассейн мен ойын залы орналасқан жоғарғы қабатқа шығу мәселесі шешілді.
– Облыс әкімінің тапсырмасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналардың сұрауы бойынша мәселе шешілді. Лифт жұмыс істеп тұр. Функционалдық, әрі кең. Бүгінгі таңда ғимарат мүмкіндігі шектеулі жандардың қажеттіліктеріне бейімделіп, стандарттарға сай келеді, – деп атап өтті «Ten Qogam» орталығының басшысы, Қарағанды облысы әкімінің мүгедектігі бар адамдар мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндетәлиев.
Ермағанбет Бөлекпаев күрделі жөндеуден кейін қаңтар айында жұмысын қайта бастаған «Дельфин» бассейні мен «Локомотив» стадионындағы спорт нысандарын аралады.
Мұнда түбегейлі өзгерістер жасалып, сондай-ақ, инклюзивті ортаға да назар аударылған. Мүгедектерге арналған автоматты көтергіштер орнатылып, бейімделген санитарлық тораптар жасалды.
1995 жылы салынған «Дельфин» бассейнінің ғимараты ешқашан күрделі жөндеуден өткен емес. Қазір мұнда заманауи материалдардан жасалған жаңа қасбет, шатыр, терезелер бар. Оның ішінде, екі бассейннің сыйымдылықтары жөнделді, киім ауыстыратын бөлмелер мен жуынатын бөлмелері жаңартылды. Желдету және кәріз жүйелері толығымен ауыстырылды.
«Локомотив» спорт кешенінде жөндеуден кейін күрес, ауыр атлетика және тенниске жаңа залдар ашылды. Бокс залын дайындау жоспарланған. Жазда «Спорт әр аулаға» және «Аула футболы лигасы» бағдарламалары жұмыс істейді. Сондай-ақ, әлеуметтік осал отбасылардың балаларына арналған жазғы спорт лагері жұмыс істейді.
Футбол алаңы қазір ашық. Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындардың жылдың кез келген уақытында және кез келген ауа райында жаттығуы үшін жабық құрылыстың жобасын дайындауды тапсырды. Облыс әкімі хайуанаттар бағына да барып қайтты, онда жаңа ғимаратты жақсартып, жетілдіру жалғасуда.
Бүгінде ғимараттың кіреберісі жаңартылды. Сирек кездесетін көбелектер мен экзотикалық жәндіктер жинақталған жаңа павильон пайда болды. Жаңа жоба бойынша жұмыстар жүргізіліп, жақында динопарк ашылады деп күтілуде.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет облыс әкімдігінің сайтынан