АймақҚарағанды

Әлеуметтің әл-ауқаты артады

Арқаның жазы екі-ақ ай. Уақытылы қамданбасақ, қыс та алыс емес. Күннің көзі қыздырып тұрғанымен, билік өкілдері қара күздің қамын қараша халықтан бұрын ойлап жүр. Шахтинск қаласы мен оның айналасындағы елдімекендерде жылуға, суға, газға және жолға қатысты қандай мәселе бар? Осы орайда облыстық мәслихаттың төрағасы Нұркен Кобжанов бастаған депутаттар, атап айтсақ, Мұрат Әбілов, Евгений Буслаев, Абсалям Карин, мемлекеттік органдар мен қоғам өкілдері жергілікті жұртпен жүздесіп, жылыту маусымына дайындықты көзбен көріп, көкейде жүрген көп сауалға жауап іздеді.

Суреттерді түсірген Құрманғазы ЖАНДОС

Құбыр ауысып, қазандықтар жаңарады

Жайма шуақ жаздың бел ортасында қыстың қамына кіріскен елдің тірлігі шынайы жауапкершіліктің көрінісі екені сөзсіз. Қарағанды облыстық мәслихатының депутаттары Шахтинск өңіріндегі жылыту маусымына дайындық барысымен танысу сапарын Шахан кентінен бастады. Алдымен, ат басын тіреген нысан – 2021 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп тұрған орталық қазандық.

Нақтырақ айтсақ, қазіргі таңда кенттегі көпқабатты үйлердің 99 пайызы жылуға қосылып үлгерген. Мектеп, аурухана, кәсіпкерлік нысандар да бәрі де осы орталық жүйеге тәуелді. «Қазандық қазан айына дейін сақадай сай болуы тиіс» деген талапты алға тартқан жергілікті әкімдік оның әр бұрандасын түгел түгендеуге кірісіп кеткен.

Жөндеу жұмыстары ғимараттың сыртын ғана сипап өтпейді. Сонымен қатар, №1,2,3 қазандықтардағы қондырғылардың бүйірлік құбырлары да ауыстырылады. Жылу беретін ішкі құрылғылардың тозығы жеткен бөліктері жаңартылмақ. Бұған қосымша қосалқы құрал-жабдықтар да күрделі жөндеуден өтеді деп жоспарланып отыр.

Қазандықпен ғана шектелмей, жылу жүйесінің күретамыры болып есептелетін құбырлар да назардан тыс қалмайды. Атап айтсақ, биыл 4,8 шақырым магистральдық құбырды ауыстыру жоспарда тұр. Бұл – жай сандар емес, үйдегі жылудың сапасы мен сенімділігіне тіке әсер ететін көрсеткіш.

Осылайша, Шахан кенті – қысқа сақадай сай болуды қазірден бастап қолға алған.

Жол мен көпір жөнделуде

– Өздеріңізге белгілі, жуырда өткен кезекті жиынның бірінде облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев басталған жобаларды мерзімінде аяқтауды мұқият тапсырған еді. Бірақ, жылдамдыққа мән беріп, сапа естен шықпауы тиіс. Ең бастысы – әр бюджет қаржысы нақты нәтижеге жұмыс істеуі қажет, – деп атап өтті Нұркен Кобжанов.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында Нұркен Кобжанов депутаттар Мұрат Әбілов, Евгений Буслаев және Абсалям Каринмен бірге «Қарағанды-Саран-Шахтинск» бағытындағы автожол және «Шерубай-Нұра» өзенінің үстінен өтіп, Шахан кенті мен Шахтинск қаласын жалғайтын көпірдің жөндеу жұмысымен танысты.
Мердігер компания – «Көкшетауавтодор» ЖШС өкілдерінің мәліметінше, барлығы 19 шақырым жол толық жаңартылады. Бүгінгі күні Шахан кентінен Тентек шахтасына дейінгі бес шақырымға негіз төселіп, төменгі асфальт қабаты жабылған. Қалған бөлік бойынша ескі жабын алынып, топырақ төсеу, қиыршық тас пен геотекстиль жаймалау, жол жиегін орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жұмыс сапары барысында жол жөндеу жұмысына байланысты тұрғындар тарапынан түсетін шағымдар да назардан тыс қалмады. Шахан кентінің халқы айналма жолдың болмауына байланысты туындаған қолайсыздықтарды біраз уақыттан бері айтып келеді. Осыған орай мердігер компания жөнделген жол бөлігін осы айдың соңына дейін ашуға уәде берді.

Газ бен су қолжетімді болуы тиіс

Сонымен бірге, халық қалаулылары республикалық бюджет есебінен жүзеге асып жатқан Шахтинск қаласын газдандыру жобасымен де танысып шықты. 2023 жылы бастау алған ауқымды жоба аясында жалпы ұзындығы 229 шақырым болатын газ тарату желілері тартылып, 1434 үйге көгілдір отын жеткізілуі тиіс.

Қазіргі таңда «Шахтинск» автоматтандырылған газ реттеу станциясы мен жоғары қысымды газ құбырының құрылысы аяқталған. Бүгінде төмен қысымды газ құбырлары төселіп, «Солтүстік-Батыс» ықшамауданына шығатын тораптар орнатылып жатыр.

Жұмыс сапары барысында, әсіресе, Шахтинск өңіріндегі жеке секторда тұратын азаматтарды газ жүйесіне барынша көбірек қосу қажеттігі баса айтылды. Бұл әрі әлеуметтік әділдік, әрі экологиялық қауіпсіздік мәселесі екені анық.

Ауыз сумен қамту жайы да назардан тыс қалмады. Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбековтің айтуынша, қалада су желілерінің жалпы ұзындығы 49,4 шақырымды құрайды.

– Су жүйесінің біраз бөлігі тозғанымен, қайта жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Бұл бағыттағы алдағы міндет – апатты учаскелерді анықтап, су сапасын арттыруды көздейтін нақты шаралар қабылдау, – деп атап өтті Мұрат Қыдырғанбеков.

Судың сұрауы, жылудың жауапкершілігі бар

Қазіргі таңда Шахтинск өңірінде су және кәріз жүйелерін жаңғыртуға бағытталған бірнеше жоба іске асырылып жатыр. Атап айтқанда, Новодолинский кентіндегі кәріздік тазарту құрылғыларын қайта жаңарту және су құбыры желілерін салу жұмыстары кестеге сай жүріп жатыр. Сонымен қатар, «Шахтинскводоканал» ЖШС өз қаражаты есебінен Шахтинск пен Шахан қалаларында 52,3 шақырым су құбырын қайта құруды жоспарлап отыр. Бұл жұмыстардың инженерлік желілердің тозу деңгейін 23 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өткен жөн.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейін 50 пайыздан төмендету жөніндегі тапсырмасын толық орындаймыз. Алайда, басталған және алдағы жобаларды аяқтау үшін қосымша бюджет қаражаты қажет. Сіздерден қолдау күтеміз, – деді Шахтинск қаласының әкімі Мұрат Қыдырғанбеков облыстық мәслихат төрағасына атқарылып жатқан жұмыстар жайлы айта келіп.
Бұдан бөлек, халық қалаулылары жұмыс сапары аясында Шахтинск жылу электр орталығындағы күрделі жөндеу барысын да назарға алды. Кәсіпорын басшысы Алтай Елжасовтың айтуынша, барлық негізгі жұмыстар 1 тамызға дейін аяқталуы тиіс. Қала 1 қазанға дейін жылу қабылдауға толық дайын болуы керек.
– Қазіргі уақытта стансадағы көмір қоры 25 мың тоннаға жеткізілуде. Бұл көлем, кем дегенде, желтоқсан айының ортасына дейін жеткілікті. Сонымен қатар, біз кадр тұрақсыздығын азайту үшін жұмысшылардың орташа жалақысын көтердік, – деді Алтай Елжасов.

Бұл – бір кәсіпорынның проблемасы ғана емес, тұтас қаланың қысқа дайындығы мен тыныштығының кепілі.

Халыққа жайлы жағдай қажет

Соңғы екі жылда Қарағанды облыстық бюджеті есебінен Шахтинск өңірінің коммуналдық инфрақұрылымын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінген. Аймақтағы өмір сүру үшін маңызды нысандарды аралап шыққан облыстық мәслихат депутаттары бұл жұмыстардың үздіксіз атқарылып жатқанына көз жеткізді.

Нұркен Кобжанов ЖЭО базасында өткен жиында сөз сөйлеп, мұндай жауапты жұмысты кәсіби деңгейде атқарумен қатар, сондай-ақ, қоғам тарапынан тұрақты бақылау қажет екенін баса айтты.

– Коммуналдық кәсіпорындардың еңбегі – көзге көрінбейтін, бірақ өмір үшін аса маңызды жұмыс. Жылу мен су – жай қызмет емес, бұл – халықтың жайлылығы мен қауіпсіздігінің кепілі. Сондықтан, жазғы дайындық шаралары – әр тұрғынның ертеңгі күніне әсер ететін маңызды процесс, – деді Нұркен Сайфиддинұлы.

Ал, депутат Евгений Буслаев өз кезегінде Шахтинсктегі 2024 жылғы жылыту маусымы бірде-бір ақаусыз өткенін айтып, келесі қыстың да солай болатынына сенім білдірді.

– Былтыр тұрғындардан бірде-бір шағым түскен жоқ. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Біздің өңір – негізінен шахтерлер мекендейтін өлке. Олар – облыс өндірісінің өзегі. Сондықтан, біз оларға барынша қолайлы тұрмыс жағдайын жасауға тиіспіз. Бұл – жылу, жарық және сумен жабдықтау жүйесінің үздіксіз жұмыс істеуіне тікелей байланысты, – дейді ол.

Жұмыс сапарының қорытындысында Нұркен Кобжанов жергілікті атқарушы органдар мен коммуналдық мекемелерге нақты ұсыныс білдірді. Барлық жылу және су жүйелерін толықтай тексеріп, әлсіз тұстарын анықтау қажет. Қажет болған жағдайда, жөндеу және жаңғырту жұмыстарына қажетті қаржыға өтінім беріп, депутаттық корпустың қарауына ұсыну қажеттігін жеткізді.

Бұл – қағаздағы хаттамалық талап емес, ел амандығы мен жайлы тұрмыстың тірегі. Шахтинск өңірі қысқа тас-түйін дайын болса, ол – осындай жүйелі және шынайы жұмыстың нәтижесі.

– Барлық жөндеу және дайындық жұмыстарын жылыту маусымы басталғанға дейін толық аяқтау қажет. Бұл – басты талап. Сонымен қатар, апатты жағдайларда жедел әрекет ету үшін отын, қосалқы бөлшектер мен қажетті жабдықтардың қорын құруды ұсынамыз. Қандай да бір апат болған жағдайда нақты алгоритм белгіленіп, жүйені қалпына келтіруге қажет ресурс толықтай дайын болуға тиіс. Оған қоса, жылу мен судың жоғалуын азайтуға бағытталған арнайы жоспар әзірлеу қажет. Бұдан бөлек, халықты дайындық барысы, жұмыс кестесі, жоспарланған жөндеулер туралы үнемі хабардар етіп отыру керек, – деді Нұркен Кобжанов.

Депутаттық корпустың 2025-2026 жылдардағы жылыту маусымына уақытылы дайындық мәселелерін назарда ұстауы алдағы уақытта жалғасын табады.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button