Медицина

Әлеуметке бағдарланған нақты көмек

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған жаңа Әлеуметтік кодекс әлеуметтік саланы жүйелеуді көздейді. Оның қабылдануы бүгінгі күнге дейін қолданылып келген түрлі 17 заңның күшін жояды. Мәселен, қазір мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бес заңмен реттелетін болса, 1 шілдеден бастап ол бір ғана Әлеуметтік кодекске сүйенеді. Сондықтан, жаңа құжат әр отбасыны нығайтуға және қолдауға бағытталған жаңа әлеуметтік саясатты құруға негіз болмақ. Себебі, онда адамның дүниеге келгенінен бастап зейнетке шыққанға дейінгі өмір жолындағы мемлекет беретін әлеуметтік кепілдіктер айқын көрсетіледі.

Кодекс нені өзгертеді?

Әлеуметтік кодекс жобасында отбасының цифрлық картасын енгізу, жұмыспен қамту саласындағы жаңа тәсілдер, жаңа көшіқон саясаты, балалы отбасыларды қолдау шаралары, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту, зейнетақы төлемдерін арттыру сияқты бағыттар қамтылған.

Бұл ретте қазіргі барлық әлеуметтік кепілдіктер сақталатынын атап өткен жөн. Яғни, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін зейнетақы, жәрдемақы мен төлемдер бұрынғыдай жасала береді. Тіпті, жаңадан енгізілген көмек түрлері де бар. Мәселен, жүріп-тұруы қиын бірінші топтағы мүгедектігі бар адамды жетектеп жүретін 30 мыңға жуық жеке көмекші міндетті әлеуметтік сақтандырумен қамтылады. Бұл дегеніміз әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде жеке көмекшінің қордан төленетін әлеуметтік төлемдерге құқығы болады дегенді білдіреді, сонымен бірге, сақтандыру пакеті шеңберінде әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан медициналық көмекпен қамтамасыз етіледі, сондай-ақ, зейнет жасына жеткенде базалық зейнетақы үшін еңбек өтілі және жинақтаушы зейнетақы төлеміне құқығы болады.

Кодекс күшіне енетін 1 шілдеден бастап мүгедектігі бар адамдарға берілетін жәрдемақылар мен төлемдер 14,5%-ға көбейеді. Бұл төлемдер биылғы жылғы 1 қаңтарда 8,5%-ға өскенін ескерсек, жәрдемақылар мен төлемдердің жылдық мәні 23%- ға ұлғайғанын білдіреді. Аталған шара 533 мың мүмкіндігі шектеулі жанды және қордан еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алатын 92 мыңға жуық адамды қамтиды. Ал, аймақта мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақы алатын 40 013 және еңбекке қабілеттілігінен айырылу бойынша әлеуметтік төлем алатын 10 мыңға жуық адам бар.

Бұдан бөлек, асыраушысынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақылар мен төлемдер де 14,5%-ға артады. Мұндай көмекті республика бойынша 182 мыңға жуық отбасы алмақ. Қарағанды облысында бұл санатқа жататын отбасылар 12 мыңға жуықтайды. Одан бөлек, қордан асыраушысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем алатын 4 мыңға жуық отбасы есепте.

 

Басты алты бағыт

Елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі 2005 жылдан бастап бар. Ол еңбекке қабілеттіліктен айырылу, асыраушысынан айырылу, жұмысынан айырылу, жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға және бала бір жарым жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайларына әлеуметтік тәуекелдердің алты түрі бойынша сақтандыруды көздейді.

Осы мақсатта төлеушілер (жұмыс берушілер) өз қызметкерлері үшін қорға ай сайын 3,5% мөлшерінде әлеуметтік аударымдар аударады. Жоғарыда аталған әлеуметтік тәуекелдер туындаған жағдайда жүйенің қатысушысына, ал ол қайтыс болған жағдайда оның асырауындағыларға әлеуметтік төлем төлеуге кепілдік беріледі. Бұл – жұмыс істейтін азаматтар үшін республикалық бюджеттен базалық әлеуметтік қамсыздандыруға қосымша әлеуметтік қорғау деңгейі. Әлеуметтік төлемдердің мөлшері жүйеге қатысушының әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты болады.

«Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ Қарағанды облысы бойынша филиалы ұсынған деректерге сәйкес, қазіргі уақытта жүйе ел бойынша 6,8 миллионнан аса адамды қамтиды. Өткен жылы шамамен 1,2 млн. адам әлеуметтік төлем алды. Қарағанды облысында 457 мыңнан астам адам жүйеге кіреді. Былтыр өңірдің 66 800 тұрғыны қордан әлеуметтік төлем алды.

Әлеуметтік төлемді кімдер алады?

Еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем мүгедектігі бойынша республикалық бюджет есебінен төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Оның мөлшері жүйеге қатысушының соңғы екі жылдағы әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысына, сондай-ақ, еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесінің, жүйеге қатысу өтілінің және табысты алмастыру коэффициенттеріне (60% немесе 0,6) байланысты болады.

2022 жылы аталған төлемді ел бойынша 97,6 мың адам, биылғы жылдың І тоқсанында 88,1 мың адам алды. Тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 43 757 теңге. Қарағанды облысында бұл мөлшер 50 383 теңгені құрады. Оны былтыр 12 541 адам, биылғы жылдың 1-тоқсанында 11 154 адам алды. Былтыр бұл мақсатқа қордан 4,4 млрд. теңге, биылғы жылы 1,2 млрд. теңге жұмсалды.

Асыраушысынан айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем асыраушысынан айырылу бойынша республикалық бюджет есебінен төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыға қосымша тағайындалады. Қайтыс болған (сот хабар-ошарсыз кетті деп таныған немесе қайтыс болды деп жариялаған) асыраушының отбасы мүшелеріне ол қайтыс болған күннен бастап тағайындалады. Төлем асырауындағы адам 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі оқу нысаны бойынша оқуды жалғастырған жағдайда 23 жасқа дейін төленеді.

Әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 2 жыл ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген қайтыс болған асыраушысының табысына, сондай-ақ, табысты ауыстыру коэффициенттеріне (60% немесе 0,6), асырауындағы адамдардың санына және жүйеге қатысу өтіліне байланысты. Былтыр мұндай 61,4 мыңға жуық асыраушысынан айырылған отбасы 21 млрд. теңге көлемінде көрсетілді. Биылғы жылдың І тоқсанында 6,2 млрд. теңге болатын қаражат 57,8 мың отбасыға төленді. Қарағанды облысы бойынша былтыр асыраушысынан айырылған 4 774 отбасыға 1,6 млрд. теңге төленді. 2023 жылдың І тоқсанындағы дерек бойынша аталған көмек 4 297 отбасыға тағайындалды. Аталған төлемнің облыс бойынша орташа мөлшері – 47 266 теңге.

Бұдан басқа, қордан жұмысынан айырылғандарға да әлеуметтік төлем жасайды. Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушысы халықты жұмыспен қамту туралы заңнамаға сәйкес жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап тағайындалады. Оның мөлшері соңғы екі жыл ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген жүйеге қатысушының табысына, жүйеге қатысу өтіліне және табысты ауыстыру коэффициентіне (45% немесе 0,45) байланысты есептеледі.

Мемлекет Басшысының халыққа Жолдауын жүзеге асыру аясында биылғы жыл басынан бастап табысты ауыстыру коэффициенті 40%-дан 45%-ға өсті. Нәтижесінде аталған төлем орта есеппен 13%-ға өсті. Төлем жүйеге қатысу өтіліне байланысты 1 айдан 6 айға дейін жасалады.

Статистикалық деректерге сүйенсек, былтыр ел көлемінде бұл көмекті 111 мыңға жуық адам алса, оның 5 323-і облыс тұрғындары. Биылғы бірінші тоқсанда 2 мыңнан астам адам осындай әлеуметтік төлем алды. Бұлардың әрқайсы 53 мың теңгеден алған болса, қор бұл мақсатқа былтыр 961 млн. теңге, биыл 298 млн. теңге бөлді.

 

Бала күтіміне көмек бар

Мемлекет басшысының Жолдауда айтқан тапсырмасын орындау аясында жыл басынан бастап бала күтімі жағдайына әлеуметтік төлемді тағайындау кезеңі бір жастан 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды. Осыған байланысты ел бойынша 348 мың анаға берілетін төлем мерзімі автоматты түрде ұзартылды. Оның ішіне 6 мыңнан астам облыс тұрғыны да кіреді.

Былтыр қордан осындай төлемді облыс бойынша 31 775 адам алса, биылғы жыл 15 322 адам алып отыр. Бұл үшін былтыр 8,4 млрд. теңге, биыл 2,3 млрд. теңге жұмсалды.

Жүктілікке және босануға байланысты кірісінен айырылған жағдайда төленетін біржолғы әлеуметтік төлемнің мөлшері соңғы 12 айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген табысқа және еңбекке жарамсыздық күндерінің санына байланысты болады. 2022 жылы аталған төлем елдің 251 мың, облыстың 12 387 келіншегіне төленді. Облыс бойынша тағайындалған төлемдердің орташа мөлшері 1 021 660 теңге. Жаңа туған баланы асырап алуға байланысты кірісінен айырылу жағдайына төленетін әлеуметтік төлем еңбекке уақытша жарамсыздық туралы парақта көрсетілген баланы асырап алған қызметкерге берілген демалыс күнінен бастап тағайындалады. Былтыр оны алған 13 адамға 3,9 млн. теңге, биыл алған 4 адамға 2,7 млн. теңге төленді. Аталған төлемнің көлемі 742 мыңға жуықтайды.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button