Әлеумет пен әлеует үлкен сынға түскен кез
Қасиеті мен қасіреті қатар сезілген 2020 жылдың сабағы айрықша болғаны жасырын емес. Өткен жыл әлеуметтің бірлігі мен әлеуеті сынға түскен жыл болды. Адам мен адамның ара қатынасы алшақтауға мәжбүр болған кезде мемлекет пен қоғамның, бұқара мен биліктің ара жігі ажырамай, керісінше, береке-бірліктің ерен үлгісі көрініс берді.
Осы орайда Қазақстан Республикасы Президентінің індетке дейін жарияланған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өзінің ерекше өзектілігін көрсетті. Тұжырымдаманың басты міндетіне сүйене отырып, карантин жағдайындағы облыс тұрғындарының мұң-мұқтажын білу мен азаматтардың өтініштерін қараудың тың тетіктерін іздестірдік. Осылайша облыс әкімінің бастамасымен қала және аудан әкімдері өңір тұрғындарымен түрлі ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы тұрақты (апта сайын) түрде «Әкім сағаты» форматында жүздесу үшін тікелей эфирге шығып отырды. Өткен жылы бұл кездесулерге облыс бойынша 70 мыңға жуық тұрғындарымыз белсене қатысып, 20 мыңнан астамы өз сұрақтарына тікелей желіде жауап алды. Індет жағдайындағы шектеулерге байланысты бұл бізге ел ішіндегі ахуалдан хабардар болып, азаматтарымыздың нақты мәселелерін шешуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, жаңа жағдайға сай мемлекеттік әлеуметтік қызметті жетілдіру мақсатында ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, бірқатар бастамаларды жүзеге асырдық. Мәселен, оқушылар мен атааналар үшін апта сайын «Отбасы сағаттарын» өткізу тәжірибесі енгізілді. Бұл да карантиннің қиындығына тап болған білім саласындағы өзекті мәселелерді xалықпен еркін талқылауға жол ашып, ауыртпалықты бірге еңсеруге себеп болды деп ойлаймын. Карантин кезінде дәрігерлердің көмегіне мұқтаж азаматтарымызға әрбір емxана онлайн кеңестер өткізді. Мәдени ошақтарымыз, театрларымыз бен концерттік ұжымдарымыз халыққа өз өнерлерін интернет желісі арқылы онлайн форматта өткізіп отырды. Әрине, бұл залдағы атмосферадай бола алмас. Десе де, жерлестеріміз өңірлік өнерпаздардың өнерімен сусындауға мол мүмкіндік алды. Сондай-ақ, үйде отырған халықты салауатты өмір салтына шақыру мақсатында телеарналар мен интернет арқылы түрлі спорттық жаттығулар жүргізілді. Бұқаралық спортты насихаттау мақсатында өткізілген «Сарыарқа» онлайн спартакиадасына облысымыздың 5 мыңға жуық тұрғыны қатысып, біразы жүлделі болды. Халықпен кері байланысты нығайтатын осындай және басқа да заман талабына сай ұтымды тәжірибелер биыл да өз жалғасын таппақ.
«Саусақ бірікпей, ине ілікпейді», дейді халық даналығы. Өткен жылы өңір көлемінде азаматтық қоғаммен өзара қарым-қатынасты нығайту бағытында да оңтайлы шаралар атқарылды. Қоғамдық қозғалыстарды алаңдататын өткір мәселелер бойынша пікір алмасу алаңдары құрылып, проблемаларды жүйелі түрде шешуге бағытталған ортақ жұмыстар ұйымдастырылды. Ел ағалары және қоғам белсенділерімен кеңесе отырып, осынау қиын кезді ауызбіршілікпен өткеруге жан-жақты күш салдық. Әрине, бірігіп атқаратын шаруа әлі де шаш-етектен.
Қоғамның қайырымдылық әлеуеті еріктілер қозғалысының арқасында кең көрініс тапты. Еріктілер індеттен зардап шеккендер мен шектеуде болған мұқтаж жандарды демеп, қыруар қайырымдылық жұмыстар жасады. 7 мыңнан астам еріктілеріміз 150 мыңнан астам көмекке мұқтаж жерлестерімізге қол ұшын созды. Осының барлығы ымыра-бірліктің арқасында жүзеге асқан игі шаралар.
Осындай сын сағатта әлеуметтің қамын ойлаған мемлекет те өз әлеуетін барынша танытып, күрделі жұмыстар жүргізді. Қарағанды облысы бойынша жүздеген әлеуметтік насандар ретке келтірілді. Мәселен, халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін нысандарымызды карантин кезінде бос қаңыратпай, барынша жөндеп алуға тырыстық. Мысалы, былтыр 400-ден астам білім беру мекемелерін жөндеу жұмыстарына 17 млрд. теңге қаражат бөлінді, бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда үш есе көп қаражат. Сол сияқты жүзге жуық мәдениет ошақтарын жөндеуге 4 миллиардтай қаражат жұмсалды (2019 жылғыдан төрт еседей артық). Ал, спорт ғимараттарын жөндеуге 2019 жылмен салыстырғанда 10 еседен артық қаражат бөлінді (1,2 миллиардқа жуық). Үкіметтің берген тапсырмасына сай мектептеріміздің компьютерлік қоры 30 мыңнан астам техникаға жаңарды. Бұл игі шаруалардың барлығы ұл-қыздарымыздың сәні мен салтанаты келіскен ғимараттарда білім алып, өнерін шыңдап, салауатты өмір сүруі үшін жасалуда.
Пандемия өршіген кезде жастардың кәсіпкерлік бастамасын қолдауға бағытталған облыс әкімінің грантын 10 есеге ұлғайтып, 100 азаматқа 100 миллион қаражат табыс еттік.
Руxаният пен тіл саласы да ерекше маңызға ие. “Руxани жаңғыру” кеңсесінің жұмысын жандандыру мақсатында көптеген жобалар қолға алынды. Індетке қарамастан іскер азаматтармен бірігіп, бұл бағытта да біраз жұмыстар жүргіздік. Қарағанды қаласында 10 көшенің аты жаңарып, ұлы Абай атамыздың аты қаланың орталық көшесіне берілді. Аталмыш жұмыстар облыс көлемінде де кеңінен жүргізілді. Ондаған көше мен білім ошақтары тарихи тұлғаларымыздың атын иеленді. Биыл да бұл жұмыс кеңінен жалғасады.
Ұлытау өңірінде Жошы xан кесенесі маңайынан көрікті мәдени-тариxи кешен бой көтеруде. Кешен биылғы жылы ашылады деп жоспарлануда. Абай қаласында ұлы ақынның жаңа, еңселі ескерткіші бой көтерді. Осы және басқа да шаралар руxымызды асқақтатып, ел еңсесін тіктейтіні анық.
Әрине, айта берсең, атқарылған шаруа аз емес. Десек те, алда әлі қыруар жұмыстар күтіп тұр. Биылғы жылы 15 білім ошағының құрылысы жалғасуда, олардың 13-і жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қоса, облыста онға тарта спорт нысанының құрылысы жүріп жатыр, көпшілігін биылғы жылы ел игілігіне тапсыратын боламыз. Бұқаралық спорттың жан-жақты дамуына тың серпіліс беруге бағытталған осындай жұмыстар әлі де аз емес. Оның ішінде өзіміздің төл, ұлттық спорт түрлерін кеңінен қолға алу жұмыстарын ерекше назарда ұстап отырмыз.
Бұл және басқа да әлеуметтік маңызы бар жұмыстар сол қоғамның жіті қатысуымен, бақылауымен жүзеге асатын болады. Әлеуетіне сай әлеуметі жасаған қоғамда әділдік салтанат құрады, мұратына сай мемлекеті бекіген елге берекет қонады – дегеннің бір көрінісі болса керек бұл жоғарыда келтірілген дүниелер. Осынау сын кезеңде ел «төртеу түгел» болып қана тұрақты дамуын сақтап қалады. Ынтымағымыз жарасса, алынбайтын асу жоқ.
Абзал НҮКЕНОВ,
Қарағанды облысы әкімінің орынбасары.