Әлеумет қолдаусыз қалған жоқ

Адам – еліміздің басты байлығы. Осы қағидадан айнымаған мемлекетіміз төтенше жағдай кезінде де халықтың әл-ауқатын басты орынға қойып, түрлі көмек көрсетуде. Бұл көмек алдымен, көпбалалы отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-аналарға, ресми тіркелген жұмыссыздарға көрсетілді. Солай болуы заңды да. Себебі, көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері, демек, еліміздің дархан болашағының кепілі. Ал, мүмкіндігі шектеулі жандардың мүддесі үнемі мемлекеттің тікелей назарында.

Назарларыңызға төтенше жағдай кезінде қосымша қолдау шараларына риза көңілмен алғыс білдірген жандардың пікірлерін ұсынамыз…


 Ананы құрметтеген елдің мерейі әрқашан үстем

Елімізде төтенше жағдай басталғалы мемлекетіміздің көпбалалы отбасыларға деген қамқорлығын ерекше сезініп отырмыз. Мен алты баланың анасымын. Бұған дейін әлеуметтік жәрдемақы алып отырсақ, қазір Үкімет азық-түлік, тұрмысқа қажетті заттардан да қат қылмай, қамтамасыз етіп отыр. Оның үстіне, құжат тапсыруда да қиындық туған жоқ.

Үкіметтің бізді, көп балалы отбасыларды ұмытпай, көмек жасап жатқанының арқасында мен өзге де тұрмыстық заттарға алаңдамастан, балаларымның тәрбиесімен айналыса аламын. Қазір олардың сабақтарын қадағалап, алаңсыз білім алуына, елін сүйер елжанды азамат болып өсуіне ерекше көңіл бөлудемін. Әлбетте, осының барлығы мемлекетіміздің бізге, көпбалалы аналарға жасаған қамқорлығының арқасы. Отбасының ғана емес, мемлекеттің де негізгі діңгегі – ананы сыйлаған, ананы құрметтеген елдің мерейі әрқашан үстем болары анық.

Мейрамгүл ШӘКІРОВА,

көпбалалы ана.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы


«Баласы бақытты қоғамның өзі де бақытты»

Әр балам дүниеге келген сайын бақытым еселеніп келеді. Кішкентай сәбиім қазір небары 2 айлық. Бала – отбасы бақыты екеніне ешкімнің таласы да болмас. Оны лайықты азамат етіп тәрбиелеу, балалық шағын алаңсыз етуде көпбалалы отбасыға көмек қолын созып отырған мемлекетімізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ал, баласы бақытты қоғамның өзі де бақыты.

Жолдасым екінші топтағы мүгедек. Елімізге індет келгелі жағдайымыз қалай болады деп, балаларым үшін алаңдаушылық танытқаным рас. Бірақ, оным бекер екен. Төтенше жағдай жарияланғалы Приозерск қаласының жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жасалатын қосымша қолдау шаралары жайлы хабардар етіп, қолдан келген көмектерін жасауда аянып қалған жоқ. Шотымызға аударылған қаржыны, азық-түлікті және тұрмысқа қажетті заттарды 4 қызым мен 1 ұлымның қажетіне жаратып жатырмыз. Ай сайынғы қолдау шаралары қиын кезеңде отбасымыздың бірлігін одан сайын бекемдей түсті.

 Мөлдір ҚҰТЖАНОВА,

ПРИОЗЕРСК қаласы