Әлеуетті әріптестік
Сейсенбі күні облыс әкімі Ерлан ҚОШАНОВ Израиль Мемлекетінің Қазақстан Республикасы және Қырғыз Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Михаэль БРОДСКИЙМЕН кездесті. Кездесу барысында серіктестікті дамыту мәселелері талқыланды.
Кездесуде сондай-ақ, ірі израильдік компаниялар – MER Group және NETAFIM өкілдері болды. Бизнесмендер облыс қалалары мен ауыл шаруашылығында «ақылды» технологияларды енгізу бойынша қызметтерді ұсынды.
Қарағанды облысы – еліміздің ірі өнеркәсіп аймағы болып табылады. Экономиканың негізгі бөлігін қара және түсті металлургия, тау-кен өнеркәсібі, машина құрылысы құрайды. Облысымызда өндірілетін өнімдер 50-ден астам елге экспортталады, – деді Ерлан Қошанов.
Әкім бірінші кезекте, смарт-технологиялар саласындағы жаңашылдықтарға қызығушылықтар зор екенін атап өтті.
– Сіздер білетіндей, Мемлекет басшысы өзінің Қазақстан халқына Жолдауында бүгінгі таңдағы негізгі міндеттердің бірі – «Ақылды қала» концепциясын іске асыру екенін атап өтті, – деді облыс әкімі. – Қарағанды облысында нақты жұмыстар бар. Біз сандық жүйені енгізу үшін 11 бағытты анықтадық. Олар денсаулық сақтау, білім беру, қауіпсіздік, қаланы басқару және тағы басқалары. Нәтижелер бар. Алайда, алға қарай, басқа салаларға жылжу керек. Біз осы бағытта израильдік компаниялармен жұмыс жасауға дайынбыз.
Аймақ басшысы жобалар негізінен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жүйесі бойынша жүзеге асатынына тоқталды.
«Mer Systems» компаниясының өкілдігі – «MER Telecom Kazakhstan» ұйымының бас директоры Владислав Беркович әлеуетті серіктестік үшін бағыттарды ұсынды. Оның сөзінше, компания Израиль мен басқа да елдерде «ақылды» көше жарықтары, қорғаныс және төтенше жағдайлар салаларында мобильді орталықтар құру, ақпараттық қорғанысты қамтамасыз ету бойынша жобаларды сәтті іске асырған NETAFIM израильдік компаниясы тамшылап суару, жылыжай кешендерін салу бойынша өз технологияларын ұсынды.
Астанада өткен «ЭКСПО – 2017» Халықаралық көрмесі барысында бізде Қарағанды облысының экспорттық жағдайымен танысу мүмкіндігі болды. Біз бүгін серіктестікті дамыту бойынша келісу үшін әдейі келдік. Қарағанды облысының мүмкіндіктері көп. Олар – мықты өнеркәсіп, дамыған инфрақұрылым, географиялық орналасуы, яғни, астанаға жақындығы және транзиттік мүмкіндіктер сонымен қоса, халық әлеуеті. Осы басымдықтарды пайдалану керек. Мен біздің келісімге келетінімізге, және де бизнесмендердің өзара пайдалы серіктестікке қол жеткізетіндеріне сенімдімін, – деп қорытындылады кездесуді Михаэль Бродский.
Облыс әкімінің
баспасөз қызметі.