Әлеуеті күшті әуехаб
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: құқық тәртібі, экономикалық өрлеу, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет» деп айтқан болатын. Президенттің айтуынша, Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы жыл сайын 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. «Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек» деген Президенттің тапсырмасына орай, биыл «Сарыарқа» әуежайының базасында CargoHubKaraganda мультимодальды әуехабын құру жоспарлануда. Бұл жоба жүк тасымалын едәуір арттыруға бағытталған халықаралық логистиканы нығайтудағы маңызды қадам болмақ.
Сәйкесінше, өңделетін жүктің көлемі жылына 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін өседі деп күтілуде. Ал, 2030 жылға қарай 2000-ға жуық жаңа жұмыс орны құрылады. Бұл өңір бюджетіне түсетін салыққа оң әсер етеді.
Жобаның алғашқы жетістіктерінің бірі – Эквадордан тікелей жүк рейстерін ашу. Бұл халықаралық сауданы дамыту үшін маңызды ынталандыру. Ал, болашақта жүк ұшақтарының техникалық қону саны аптасына 100 рейске дейін көбейеді.
– «Сарыарқа» әуежайы – Қазақстандағы ең ірі әуежайлардың бірі және әуе кемелерінің барлық түрін қабылдай алады. Қазір жыл сайын 320 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетеміз. Олар, негізінен, ішкі рейстер бойынша, атап айтқанда, Қарағанды-Алматы, Жезқазған және Өскеменге бағыттар. Одан бөлек, маусым кезінде Анталияға және жыл бойы Мәскеуге халықаралық бағыттарда қызмет көрсетеміз. Бірте-бірте ішкі бағыттар көбейіп келеді. Мәселен, Air Astana әуе компаниясы жаңа рейстерді шығаруына байланысты жаз кезінде Алматыға бес рейске дейін болды. Одан бөлек, FlyArystan Анталияға аптасына 5-6 рейске көбейтті, – дейді «Сарыарқа» әуежайының басқарма төрағасы Руслан Ғаббасов.
Басқарма төрағасының айтуынша, жолаушылар рейстерінің географиясы мен жолаушылар легін арттыру жоспарда бар. Бірақ, жергілікті және халықаралық әуе компаниялары қызығушылық таныта қоймайды. Соған қарамастан, Қарағанды әуежайының жүк әуехабы ретінде әлеуеті жоғары. Себебі, «Сарыарқа» елдегі әуежайлар ішінде жылына 95 мың тоннаға жуық жүк өңдейтін Алматыдан кейін екінші орында.
– Біз, сонымен қатар, жүк ұшақтарының техникалық қонуына жағдай жасауды дамытамыз. Бұл, өз кезегінде операторларды тартады. Атап айтқанда, ұшақтар осы жерге қонып, жанармай құяды, экипаждарын ауыстырады және шағын техникалық қызмет көрсетіледі. Жүк тасымалдау саласында біз 10 жылдан астам жұмыс істеп келеміз және Қазақстанда жүктерді өңдеу көлемі бойынша екінші орындамыз, – дейді Руслан Ғаббасов.
Жүк тасымалы үшін «Сарыарқа» әуежайының қолайлылығы ретінде жүк өңдеу жылдамдығы мен бағасының арзандығы, қызмет көрсету сапасының жоғарылығын айтады басқарма төрағасы. Одан бөлек, орналасқан орны да тиімді. Себебі, Оңтүстік-Шығыс елдерінен Еуропаға апаратын ең қысқа жол дәл осы Қарағанды үстімен өтеді.
Бүгінде әуежай Эквадордан, Нидерландыдан, Бельгиядан және Оңтүстік-Шығыс Азиядан электроника, автомобильдер мен азықтүлік өнімдерін қоса алғанда, көптеген тауарлармен коммерциялық рейстерге қызмет көрсетеді. Апта сайын Еуропа мен Израильден шамамен бес тонна жаңа өнім өңделеді, соның ішінде, көкөністер мен жидектер де бар.
– «Сарыарқа» әуежайында өңделетін жүк көлемі артқан сайын сабақтас салалар да дамиды. Мәселен, жүк көлігімен тасымалдау жолға қойылады. Одан бөлек, инвесторлардың экипаждың ауысымы кезінде тоқтауына арналған қонақүйлер салуға қызығушылығы артады. Тіпті, әуежай қызметкерлері мен сабақтас салаларға қызмет көрсететіндердің де жалақысы артады. Айта кететін жайт, біз әуежайда 2015 жылдан гүл қабылдап келеміз. Сол кезде Қарағанды қаласында гүл сататын 200 орны болса, қазір олардың саны 700-ге дейін жетіп отыр. Себебі, жылдам жеткізіледі, әрі бағасы да қолжетімді, – дейді Руслан Ғаббасов.
Қазір әуежайға Эквадордан гүл тиелген үш рейс, Амстердамнан бір рейс, Бельгиядан бір рейс бар. Одан бөлек, Оңтүстік-Шығыс Азиядан, атап айтқанда, Гонконгтан халық тұтынатын тауарлар жеткізілетін рейстер де бар.
Руслан Ғаббасов әуежайдың дамуы – өңір өсуінің драйвері болатынына сенімді.
– Соңғы жылдары инфрақұрылымды белсенді түрде жетілдіріп жатырмыз. Ұшу-қону жолағы мен жолаушылар ұшақтарына арналған тұрақ орындарын жөндедік, заманауи жабдықтар сатып алып, жүктерді өңдеу жылдамдығын арттыру үшін білікті кадрларды тартамыз, – деп атап өтті басқарма төрағасы.
Қарағанды әуежайы гүлдер, жабдықтар және ауыр салмақты жүктері бар күнделікті рейстерді қабылдай отырып, халықаралық логистикада шешуші позицияны ұстануға ұмтылуда. Бұл жерге жеткізілген жүк содан кейін бүкіл Қазақстан мен ТМД елдеріне жол тартады.
«Сарыарқа» әуежайының аумағында орналасқан Кaragandy technical center ЖШС қоймаға апта сайын бес бортпен 400 тоннаға дейін гүл қабылдайды. Қойма меңгерушісі Арман Нұрмағамбетов гүлден бөлек, айына екі рет Гонконгтан түрлі жабдықтар да келетінін айтады.
– Қоймалардағы температура режимі жүктің сақталу режиміне қарай -2 градустан +20 градусқа дейін. Қоймаға келіп түсетін гүлдер сұрыпталып, кедендік тазалаудан өткеннен кейін бір тәуліктің ішінде Қазақстанның өзге қалаларына және ТМД елдеріне жіберіледі. Жергілікті кәсіпкерлер де гүлді осы жерден алады, – дейді Арман Жаркенұлы.
Әуежайды одан әрі дамыту жоспарында ұшу-қону жолағын жөндеу, жолаушылар терминалын қайта жаңарту және жүк терминалын салу, сондай-ақ, маршруттық желіні кеңейту бар.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz