Ленин мен Октябрь кетті, Абай мен Әлихан келді
Өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілді. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына Қарағандыға тамаша тарту жасалды. Шаһардың Октябрь ауданы енді Әлихан БӨКЕЙХАН атымен аталады. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ қатысуымен өткен облыстық мәслихаттың кезекті IX сессиясында Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атындағы аудан деп өзгерту туралы облыс әкімінің Қаулысы мақұлданды. Қарағандылықтар көптен күткен арман-тілегі орындалып, тарихи шешім қабылданды. Мерейтой қарсаңындағы үлкен жеңіс, зор қуаныш – бұл.
Алашорда көсемі Әлихан Бөкейхан – қазақтың тәуелсіздігін аңсап, сол жолда басын бәйгеге тіккен аса ірі ұлт қайраткері. Сондықтан, Арқаның киелі топырағынан түлеген батыр есімі мерейтой қарсаңында асқақтауы заңды. Осы мақсатта Октябрь ауданының атауын Әлихан Бөкейхан атымен атау туралы бастама көтеріліп, жыл басында қоғамдық тыңдау өтіп, бір ауыздан мақұлданған еді.
Енді, осы мәселе заңды күшіне еніп, қаулы қабылданып отыр. Бұл – тұтас қазақ халқының, қазақ рухының жеңісі. Енді, біз «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деп өзі айтпақшы, сөзімен де, ісімен де ұлтына қызмет еткен қайраткер Әлихан Бөкейхан атындағы аудан тұрғынымыз.
Осы Ақжолтай жаңалықпен бірге, тағы бір қуанышты хабар жетті. Балқаш қаласындағы ең негізгі Ленин атымен аталатын орталық көшесіне қазақтың бас ақыны Абай есімі берілді. Бұл мәселе де биыл көктемде Балқаш қаласында өткен қоғамдық тыңдауда мақұлданып, қалалық ономастика бөлімінде қаралып, облысқа жіберілген. Облыстық мәслихаттың IX сессиясында бұл шаруаның да нүктесі қойылып отыр. Ал, қаланың Жұмысшы кентіндегі шағын ғана Абай көшесі Ынтымақ көшесі болып өзгертілді. Біршама уақыттан бері шешімін таппай келе жатқан бұл мәселе де Тәуелсіздің 30 жылдығы қарсаңында оң шешіліп, қала тұрғындарының рухын бір серпілтіп тастағанын айта кету керек.
Осылайша, Ленин мен Октябрь кетті, Абай мен Әлихан келді.
Жәлел ШАЛҚАР.