Әлемнің жарығын сыйлаған
Әлемнің жарығы мен шуағын сыйлаған анаға күнде алғыс айтсақ, артық емес. Жалпы, аналарды қорғау – еліміздегі әлеуметтік саясаттың басым міндеттерінің бірі. Осы орайда елімізде Президенттің Жарлығымен 2023 жылы «Аналар күні» ресми түрде бекітіліп, жыл сайын мамыр айының екінші жексенбісінде аталып өтеді. Бұл жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Шын мәнінде, әрбір адам үшін анадан ұлы, анадан қымбат ешкім жоқ. Ең қастерлі құндылықтарымыз «Жер-ана», «Отан-ана» ұғымдарымен тығыз байланысты. «Ата ұлды, ана ұлтты тәрбиелейді» дейді. Бұл сөздің айрықша мән-маңызы бар» деп атап өтті.

Әлемде Аналар күнін атап өтудің тарихы 100 жылдан асады. Көптеген елдер ресми мәртебе беріп, мемлекеттік деңгейде тойлайды. Қазақ үшін ананың орны бөлек. Қастерлейтін құндылықтардың өзі «Жер-Ана», «Отан-Ана» ұғымдарымен байланысты. Осының бәрі ана ұғымының қоғамдағы мән-маңызын айқындайды.
Әрбір ана дүниеге сәби әкеледі әрі ұрпақты тәрбиелейді. Отбасына, балаларына қамқорлық таныта жүріп, мемлекеттік қызметке, қоғамдық өмірге де белсене араласады. Бұл сөзімізге – ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген Ұмай ана, Домалақ ана, Рабия Сұлтан Бегім, Айғаным, Зере, Ұлжан секілді қазақтың дана әйелдері жарқын мысал.
Бүгінде Қазақстанда балалар мен жастарды тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуда әйелдерді біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясының жанынан құрылған «Аналар кеңесі» жұмыс істейді. Отбасылық құндылықтарды насихаттап, отбасы институтын және тәрбиені нығайту мақсатындағы ашылған кеңесте аймақтағы белсенді аналар жиналған. Мәселен, аймақтағы «Аналар кеңесі» жанындағы «Ісмер» клубының басшысы, «Jadiger» қауымдастығының төрағасы, «Күміс алқа» иегері Перизат Құлымбетова – көпбалалы ана.
–Отбасы үшін жанын беруге даяр жанды мәңгі қастерлеп өту – парыз. Көпбалалы ана және әже ретінде елімізде аналарға жайлы жағдай жасалып отырғанын айтқым келеді. Мысалы, маған көпбалалы ана ретінде 2019 жылы үй берілді. Медициналық тексерулерде көптеген жеңілдіктер қарастырылған. Республиканың кез-келген өңірінде қоғамдық көліктерде тегін қатынаймын, – дейді Перизат Құлымбетова.
Көпбалалы ана «Аналар күнін» отбасында атап өтеді. Шаңырақ шаттығын балаларымен бірге бөлісіп, қоғамдық жұмыстан демалады.
–«Аналар күнінде» анамды әрі қыздарымды, келіндерімді құттықтадым. Балаларым күтпеген жерден гүл шоқтарымен қуантты. Осындай әрбір мерекеде балаларымызбен шаңыраққа жиналып, бір-бірімізге тілек айту дәстүрі қалыптасқан. Қызым жақында анамның жолын қуамын деген мақсатта тігін цехын ашты. Әйел адамға отбасынан қолдау болса, ол бәріне үлгереді. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді», – дейді ол.
Бүгінде төрт бала тәрбиелеп отырған тағы бір қарағандылық ана Алмагүл Алдабекова Төтенше жағдайлар министрлігіне қарасты азаматтық қорғау органдарында жұмыс істейді. Отбасындағы ана мәртебесінен бөлек ол шұғыл медициналық көмек көрсету бөлімінің шұғыл әрекет ету бригадасының дәрігері. Лауазымдық міндеттеріне сәйкес ол төтенше жағдайда зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсетеді.
–«Аналар күнінде» отбасымызбен тауға серуендеуге шығып, атқа міндік. Мерекелік көңіл күйде балаларымызды мейірімге бөлеп, жақсы көретінімізді айттық. Балаларға осылайша үлгі көрсетуге тырысамыз.
Аналар әртүрлі болады. Дегенмен, бәрі де отбасының берекесін кіргізгісі келеді, – дейді Алмагүл Амангелдіқызы.
Әскери салада қызмет атқаратын Алмагүл Алдабекова 2023 жылы облыстағы ТЖД күштері тобының құрамында Түркиядағы жойқын жер сілкінісінен зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсеткен. Әскери тәртіпке бағынатын ана үй тірлігіне де осал емес екенін айтады. Кейіпкерлердің сөзінен түйгеніміз, ананың алақаны – балаға пана, жүрегі – қоғам үшін қамқорлықтың алтын бесігі. Ал, мейірімі – бүкіл әлемді жылытатын шырақ.
Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»