Бас тақырыпРухани жаңғыру

«Әлемнің мәні – әйелде…» немесе кинодағы арулар бейнесі

«Адамдық негізі – әйел» деді әулие Әуезов. Қазақ қашан да әйел-қыздарды қадірлеп, қастерлеген. Олардың ерлігі мен ерекше болмысын түрлі көркем шығармаға арқау еткен. Қазір төрткүл дүние көкжәшікке телмірген заман. Кітап оқымайтын адам да түрлі фильмдер арқылы әйелдің ішкі жан-дүниесі мен нәзік әлеміне үңіле алады. Биылдың өзінде әйелдер қауымының қоғамдағы белсенділігін басты нысана етіп алған 5-6 фильм тамашаладым. Біріне бірі ұқсамайды.

 

Бүгінде осы бағыттағы көркем картиналар үлкен сұранысқа ие. Өйткені, кез келген дамуды қалайтын адам ерекше дүниеге әуес. Шығармашылық адамы ешкімнің миына кіріп-шықпайтын дүние жазып, қиялы арқылы адам аяғы баспаған аралдарға сапар шеккісі келеді.

Осы жағынан келгенде басты рөлді арулардың сомдауы қоғам тарапынан қызығушылық туғызып отыр. Өйткені, өмірде түрлі жағдай орын алуы мүмкін. Адам ғұмыры құпияға толы. Алдыңда не күтіп тұрғанын білмейсің. Ал, осындай қиын да жауапты сәтте негізгі салмақ әйелге түссе, тартымды шығары анық. Сондай қиын әрі тартысқа толы фильмдерде басты рөлде әйел ойнап, күресіп, соңында жеңіп шығуы, тіпті, қызықты.

Себебі, адамзат әу бастан ерліктің бәрін ер азаматтарға теліп келді. Заман өзгеріп, әйелдер өздерінің қолынан көп нәрсе келетінін дәлелдеуде. Шалбарды алды, насыбай-темекіні, арақты да еркектен кем ішіп-шекпейді. Көлікті де жүргізеді. Кәсіпті де жасайды, отбасын да асырайды. Тіпті, тұтас елді дүрліктіріп отырған қылмыстық топпен күресуге де дайын.

– Әйелдер ерлерден саны жағынан көп. Олар сырттай нәзік көрінгенімен, жеме-жемге келгенде өте төзімді. «Әйелдің қырық жаны бар» деген сөз бекер емес. Мәселен, еркектің фильмдегі ерлігі қалыпты жағдай. Ал, әйелдер қылығымен, қулығымен түрлі сынақтан шығып кететін қасиетке ие. Тағы бір ерекшелігі басына қиындық түскенде ширай түседі. Оның үстіне әйел заты уәдеге берік, ізденімпаз келеді. Мәселен, «Соққы» телехикаясын алайық. Анасы өліп, өгей әкесінің қорлығына шыдай алмаған басты рөлдегі қыз бокспен айналысып, ағынға қарсы жүзеді. Кедергіні жайпап өтіп, чемпион болады. Сұраныс бар, неге түсірмеске, – дейді ақын-сценарист Ерболат Қуатбек.

Енді, осы бағыттағы отандық бірнеше кинотуындыға тоқталсақ. Мысалы, 2019 жылы түсірілген режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи фильмінде Ұлы Дала төсіндегі Сақтың ержүрек патшайымы Томирис (Тұмар) ханшайымның ерлігі түгел жұртты таң қалдырғаны ақиқат. Бұл тарихи оқиғаны естіп өссек те, экраннан көргенде әсері бөлек. Күллі әлем жылы қабылдады. Қаршадайынан тағдыр тәлкегіне түскен қыздың темірдей тәртіп пен өжеттіліктің арқасында бір елдің ханшайымына айналуы кімді болса да жігерлендіреді. Отбасының кегін алып, елінің басын біріктіріп, ежелгі дұшпанын жер жастандырады. Қазір әлем елдері осындай бағыттағы фильмдерді көптеп түсіруде. «Томирис» солардың арасында ерекшеленері анық.

Ал, бұдан 10 шақты жыл бұрын түсірілген Ермек Тұрсыновтың «Келін» фильмі үлкен дауға қалды. «Мұндай көркем туындыны түсінуге әркімнің өресі жетпейді» дейді киносыншылар. Десек те, анайы тұстарында «Әттеген-ай» дегеніміз рас. Бір ерекшелігі мұнда сөз жоқ. Санаулы кейіпкер бірін-бірі үнсіз, мимикамен түсінеді. Сөзден мән кеткен заманда, режиссер өте тиімді тәсілді пайдаланған. Бастысы, жүрек бар. Б.з.д. Алтайлық түркілердің табиғатпен етене жақындығы мен қазақтың жесірін қаңғытпай, жетімін жылатпай, елдігін сақтап қалуда септігі тиген әмеңгерлік салты бар. Соңында «Келін» шаңыраққа ие болып қалады. Көп сынға ұшыраған фильмге Сатыбалды Нарымбетов, Болат Атабаев сынды танымал кино майталмандары оң баға берген.

Жалпы, қазір Youtube-ке кірсеңіз қазақша контент әжептеуір көбейген. Фильм мен сериал көптеп түсірілуде. Әрине, оның бәрін сапалы деуден аулақпыз. Бірақ, әлемдік ғаламтор желісінде қазақтілді контенттің етек жайғаны қуантады. Мәселен, Күлпәш жайлы телехикая ауыл өмірін суреттеуімен тартымды болса да, ондағы Күлпәштің рөлін ер азаматтың сомдауы ерсі дүние. Қазақ келінін сомдайтын әйел актрисаларымыз да баршылық қой…

 

Ал, осы кезге дейін екі бөлімін көріп үлгерген «Келінжан» телехикаясы жоғарыдағы екі келінді де шаң қаптырып, олқылығын жуып-шайғандай болды. Бұл туындыны сүйсіне тамашаладық. Өйткені, онда қазақ әйелінің мінезі жан-жақты ашылған. Ананың кеңдігі, абысындар арасындағы қарым-қатынас, кенже келіннің қара шаңыраққа деген құрметі тартымды әрі сенімді шыққан. «Қазақтың әйелі осындай» деп шетелдіктерге ұсынуға болатын картина. Соңғы жылдары түсіріліп жатқан фильмдердің сапасы да жақсарып, көрерменнің де талғамы өскенін атап өткен жөн. Себебі, кітап оқуға уақыт табылмай, рух мәселесі тығырыққа тірелген тұста фильмдерге артар міндет көп.

– Мұндай ауылдан шыққан апаның образын өмірімде бірінші рет сомдауым. Театрда да мұндай образды сомдаған емеспін. Дегенмен, бәріміз ауылдан шықтық қой, сол апа, жеңге, аналарымыздың өмірде жасаған қызықты қылықтарыинақтап, өз кейіпкеріме салдым. Жүріс-тұрысы, отырысы, қарауы, даналығы, ақылдылығы, бәрін-бәрін жинақтап алдым, – депті бір сұхбатында Күлімхан ененің рөлін сомдаған ҚР еңбек сіңірген қайраткері Лейло Бекназар.

Ал, «Ана жүрегі» телехикаясында да басты рөлді осы Лейло Бекназар сомдаған. Алайда, мұнда ол мүлдем басқа қырынан ашылып, қазақтың өте білікті судья ханымының бейнесін шебер ойнаған. Сюжеттері де өмірден алынған, өте тартымды. Мұнда қазақ әйелінің білімділігі, заманға сай белсенділігі сәтті түсірілген. Жалғыз ұлынан көз жазып қалған ана баласының досының құрығына түсіп, бар дүние-мүлкінен айырылады. Бірақ, депрессияға түспей, ыждахаттылығы мен қайсарлығының арқасында жеңіске жетіп, қазақ анасының жүрегі түкті екенін дәлелдейді.

Сондай-ақ, жергілікті «SARYARQA» арнасының қолдауымен көрерменге ұсынылған Қаршыға Игеннің «Адасқан әйел» фильмін де атап өтуге болады. Мұнда Арқа жұртының қиын тіршілігі, қақаған қыста күйеуімен ренжісіп, Жұмыскер ауылынан жаяу шығып кеткен Маржанның ержүректілігі суреттеледі. Қатты аяз бен қақаған боранда құтқарушылар келгенше шыдап отыруы, қазақ қызының қайсарлығын аңғартады. Ал, қиын ауа райында ауылды аңсауы мен жол үсті бала махаббатын кездестіруінен ерлі-зайыптылар арасындағы түсініспеушілікті аңғарасыз. Ер азаматының өзіне деген қолдауы жетіспей, отбасын сақтап қалу үшін ауылдағы ата-анасына шыққан еді. Фильмде отбасындағы әйел затының рөлі сәтті көрсетілген.

Бүгінгі күнде осындай туындылардың көбірек түсірілуі қажет. Өйткені, осы арқылы қазақ әйелінің рухын көтеріп, ұрпағымыздың ірілене түсуіне жол ашамыз. Қазақ кинематографиясы тарихына көз салсақ, Әмина Өмірзақова, Меруерт Өтекешова сынды қазақ қызының табиғатын шебер сомдаған актрисалар баршылық. Жуырда өмірден өткен Ғазиза Әбдінәбиева да «Тоғысқан тағдырлар» фильміндегі қайталанбас рөлімен ел жүрегін жаулаған еді. Осылардың ізін басып өсіп келе жатқан жастар да баршылық. Әйел жұмбағы – адамзат жаралғалы бері жырланып келе жатқан мәңгілік тақырып. Өмірдің мәні де, сәні әйелдер ғой. Мұхтар Әуезов айтпақшы, елдігіміздің негізі әйелдеріміздің асыл бейнесін сомдау, сан қырын насихаттауды жетілдіре түсу қажет-ақ…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button