Бас тақырып

«Әлемнің мәні – әйелде…»

Елдік мүдде жолында аянбай еңбек етіп жүрген әйелдер көп бүгінде. Баласының һәм халқының жарқын болашағы үшін әр іске асқан ыждаһатпен, пейілмен, махаббатпен қарайтын іскер әйелдерді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев құттықтады. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аймақтың дамуына үлес қосып жүрген әйелдер қауымына бірқатар мемлекеттік наградалар мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын және «Алтын алқа» мен «Күміс алқаны» табыстады.

Аймақ басшысы өз сөзінде іскер әйелдердің бүгінгі қоғамдағы маңызды рөлін атап өтті.

– 8 наурыз – арулардың құшағын гүлге, жанын нұрға бөлейтін күн ғана емес. Бұл мейрам – аяулы жандардың қоғамдағы орнын бағалап, қадірін түсінетін күн. Мейірім мерекесі. Бүгінгі мерекелік жиынға еңбек ардагерлері, өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері, ғалымдар, дәрігерлер, мұғалімдер, мәдениет және спорт қайраткерлері, журналистер, полиция мен Төтенше жағдайлар саласының, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысып отыр. 8 нау­рызда ерлер аналарымызға, жарларымызға, жалпы, жанымызды нұрға, мейірімге, махаббатқа бөлеп жүрген нәзік жандарға алғыс айтамыз! – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Аймақ басшысы бұл күнде әйелдер ерлермен бірге бизнеске араласып, өңір экономикасын көркейтіп жатқанын атап өтті. Мәселен, аймақтағы 52 мың компанияны қыз-келіншектер басқарады екен. Мәслихаттар мен қоғамдық ұйымдардағы әйелдердің үлесі – 40 пайыз.

Әйел өзінің баласы үшін небір ерліктерге бара алатыны мәлім. Тіпті, Отанға қатер төнгенде от кешкен Әлиялар мен Мәншүктерді еске алыңыз. Олар кез келген жерде еңбек етуге бар. Мәселен, Ақтоғай ауданындағы «Қуандық» шаруа қожалығының жұмысын Панар Ертаубаева есімді 73 жастағы ақ жаулықты ана жүргізіп келеді. Ол III деңгейдегі «Еңбек даңқы» орденімен марапатталды.

– Шаруа қожалығын 1992 жылы жекешелендірдік. Өкінішке қарай, құдай қосқан қосағым ертерек қайтыс болып кетті.

Қазақтың ақ бас тұқым сиырларын көбейтуді жоспарлап едік. Бірақ, мен мойыған жоқпын. Әкесінің көзіндей 2 қызымды, 4 ұлымды аяққа тұрғызу үшін еңбек ету керек болды. Шөбін де тасыдым, малын да жайғадым, техниканы да жүргіздім, етті де, сүтті де саттым. Айта берсем, біраз бейнетті бастан өткердік. Құдайға тәубе, балаларым төккен маңдай терімді, үмітімді ақтады. Ерекше алғысымды айтамын! Шалғайда жатқан менің еңбегімді елеп жатыр! Барша әйелдерді мерекесімен құттықтаймын! – деді Панар Ертаубаева.

«Қазақстан темір жолы» «Қала маңындағы тасымалдар» филиалының бас маманы Назгүл Ғалиасқарова мен «Кәусар» оқушылар сарайының директоры Айгерім Исбекова «Ерен еңбегі» үшін медалімен марапатталды.

7 баласы бар 39 жастағы Шахтинск қаласының тұрғыны Перизат Омароваға «Алтын алқа», 6 баласы бар 38 жастағы Шынар Түкбаеваға және 6 баласы бар 42 жастағы Перизат Ысқақоваға, 6 баласы бар 41 жастағы Самал Бақытгүлге «Күміс алқа» табысталды. Облыс әкімі көпбалалы аналар еліміздің демографиясына үлес қосып жатқанын, ал, бұл үлес мемлекетіміз үшін аса маңызды екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Ләззат Қожахметоваға Әйелдер істері жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының Алғыс хаты берілді. Алғыс хат иесіне мінберде сөз сөйледі.

Облыс әкімінің Алғыс хатын әріптесіміз, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі, облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Оксана Мягких алды. Облыс әкімінің Алғыс хаты жалпы саны 28 адамға табысталды.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Back to top button