Былтыр елімізге 31,5 мың шетелдік студент келді
Білім мен ғылым – кез келген мемлекеттің даму көрсеткіші. Тәуелсіз ел атанған күннен бастап, Қазақстан білім-ғылымымен әлемдік сахнада өз орнын айқындап келеді. Бүгінде Орталық Азия ғана емес, Еуразия құрлығының түпкір-түпкірінен Қазақстанды таңдап келетін шетелдік студенттер қарасы көп. Мәселен, тек былтырдың өзінде елімізге 31,5 мың шетелдік студент келіп, тәуелсіз ел тарихында болмаған рекордтық көрсеткішке қол жетті. Тіпті, олар экономикаға 30 миллиард теңгеден астам табыс әкелген. Ал, биыл 88 мемлекеттен 35 мыңнан аса студент келіп, Қазақстан университеттерінен білім алуда. Осыншама шетелдік жастың ел оқу орындарын таңдауының сыры неде?

Әлемдік аренадағы ел имиджі
Қазақстанды Еуразияның білім және ғылым орталығына айналдыруға бағытталған ауқымды жұмыс жүзеге асуда. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Нью-Йоркте өткен БҰҰ-ның Ассамблеясында Қазақстанға Үндістан, Қытай, Пәкістан мемлекеттерінен ең көп студент келетінін айтты.
– 2024 жылы Қазақстанда 31,5 мың шетелдік студент оқыды. Бұл тарихымыздағы рекордтық көрсеткіш экономикаға 30 миллиард теңгеден астам табыс әкелді. Шамамен 40 мың жұмыс орнын құруға ықпал етті. Алғаш рет Азия елдерінен келген студенттер ТМД елдерінен келген студенттер санынан асып кетті. Ең көбі – Үндістан, Қытай және Пәкістаннан, – деді Саясат Нұрбек.
Министрдің айтуынша, 2029 жылға қарай Қазақстан шетелдік студенттердің санын 100 мыңға дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Осылайша білім беру қызметінің экспорты 400 млрд теңгеге дейін ұлғаймақ. Шетелдік университеттердің елімізде белсенді ашылып жатқан филиалдары – Қазақстанды Еуразиядағы білім берудің хабына айналдыруды көздейді әрі әлемдік аренадағы имиджін нығайтуға оң әсер етеді. Білім саласының сарапшылары осындай ойды қуаттайды.
Елімізде Ұлыбритания, Италия, Оңтүстік Корея және Ресей университеттерінің филиалдары ашылуда. Нәтижесінде қазақстандық жастар шетелге бармай-ақ сапалы білім алу мүмкіндігіне ие. Шетелдік филиалдардың 85%-ы ұлттық экономика басымдықтарына сәйкес техникалық және IT саласына бағдарланған.
Шетелдік талапкерлердің ел университеттерін таңдауының сыры – басқа мемлекеттермен салыстырғанда оқу ақысының қолжетімділігі. Одан бөлек, қазақстандық жоғары оқу орындары дипломдарының танымал болуы және халықаралық серіктестіктер, инфрақұрылымның жақсаруы және практикалық дайындыққа басымдық берілуі есебінен де шетелдік жастар елімізді таңдауға лайықты деп таниды. Әсіресе, бұл техникалық, медициналық және IT салаларына жаһандық сұраныстың артуын, сондай-ақ, Қазақстанның Оңтүстік және Орталық Азия нарығы үшін кадрлар даярлаудағы рөлін айқын көрсетеді. Жалпы алғанда, Қазақстан – білім беру қызметтерін экспорттау бойынша өңірлік көшбасшы ретіндегі орнын нығайтып келеді.
Өңір университеттерінің әлеуеті
Қарағанды университеттерін таңдап келетін шетелдік студенттер көп. Мұны қала ішінде түрі бөлек, нәсілі басқа жандардың көптігінен байқайсыз. Мәселен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетіне былтыр 114 шетелдік студент келсе, биыл олардың саны 122-ге артқан. Басым көпшілігі ТМД елдерінен, Азия және Еуропадан келіпті. Оқу орнының ректоры Нұрлан Дулатбековтің айтуынша, бұл – университеттің халықаралық деңгейде тартымдылығының артқандығы.
Ал, өңірдегі халықаралық деңгейде медицина мамандарын даярлайтын бірден-бір оқу орны – Қарағанды медицина университетінің Халықаралық медицина факультетінде 10 елден келген 1276 шетелдік студент білім алуда.
Саналы түрде Қазақстанда білім алуды таңдаған шетелдік азаматтар медицина университетінің сапалы білім беру жүйесіне тәнті. Сондықтан да, олар жыл сайын ағылады.
Мәселен, Қарағанды медицина университетінде «Жалпы медицина» мамандығында оқып жатқан үндістандық Саньям Сингх есімді студент елімізде оқу ақысы қолжетімді екенін, оқу орнының сапалы білім беретінін алға тартты.
– Университеттегі білім беру жүйесі мықты клиникалық дайындықпен, жүйелі оқу бағдарламасымен ерекшеленеді. Жергілікті науқастармен, дәрігерлермен тығыз байланыста болып, тәжірибе мен теорияны ұштастырып, ағылшын тілінде білім алудамыз. Міне, қазақстандық университеттер осындай мүмкіндік береді, – деді Саньям Сингх.
Сонымен қоса, ол Қазақстандағы тұрақтылық пен бейбітшілік шетелден келген студенттер үшін жайлылық сыйлайтынын жасырмады.
– Бізді тұрғындардың сыйластыққа құрылған ашық-жарқын қарым-қатынасы тәнті етеді. Шетелдік студенттер үшін мұнда жайлы өмір сүруге, оқуға мүмкіндік бар. Мен көпмәдениетті ортаны, қаладағы қауіпсіздікті және жергілікті халықтың қонақжайлылығын жоғары бағалаймын. Өзім білім алып жатқан Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде одан әрі нығайып, көркейгенін, өз азаматтары үшін де, әрі мен сияқты шетелдік студенттер үшін де қонақжай мекен боп қала беруіне тілектеспін, – дейді шетелдік студент.
Үндістанның Джайпур қаласынан келіп, Қарағанды медицина университетінде оқып жатқан шетелдік студент Сайни Деванг медициналық білім беретін университеттердің әлеуетіне, білім беру жүйесіне дән риза. Ол бейбіт аспан астында өмір сүріп жатқанын, заманауи инфрақұрылымы қолайлы Қарағанды қаласында оқып жатқанын мақтан тұтады.
Шетелдік студенттер халықаралық деңгейде мойындалған қазақстандық оқу дипломдарына ие болып, еліне оралып, қызмет етуді көздейді.
Әрине, мұның бәрі әлемдік аренада тәуелсіз мемлекеттің білім мен ғылым саласындағы орныққан орнын айқындайды. Қазақстанның тұрақтылығы мен бейбітшілігі талай шетелдікті қол бұлғап, шақырып тұрғандай.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»



