Білім

Әлемдік жарыста топ жарды

Біріккен Араб әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен RoboCup Asia-Pacific 2025 халықаралық робототехника жарысында Қарағанды қаласындағы «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының «Inspiro» командасы «Super Team» номинациясы бойынша І орын иеленді. Әлемдік сайыста топ жарған жерлестер робототехника мен жасанды интеллект саласындағы жаңашылдықтың жоғары деңгейін көрсетті.

Суреттер «Ақпараттық технологиялар» мамандандырылған мектеп-лицей-интернатынан

Дәстүрлі түрде өтетін әлемдік сайысқа биыл 22 елден 700-ден астам қатысушы жиналған. RoboCup датчиктер, динамикалық қозғалыс, машиналық оқыту, компьютерлік көру жүйесі және көп роботты жүйелерді үйлестіру сияқты технологияларды дамытуға ықпал ететін әлемдегі жетекші жобалардың бірі.

RoboCup – ғылыми зерттеулер мен білім беру тәжірибесі үшін аса маңызды алаң. Командалардың нәтижелері беделді ғылыми журналдарда және конференцияларда жарияланады.

«Біздің команданың осы жарысқа қатысуы бірінші емес» дейді команда капитаты Ясмин Сейфуллина. Айтуынша, алғаш рет лицей оқушылары 2023 жылы Францияның Бордо қаласына, екіншісінде Нидерландыға барған. Биыл ел атынан үш адамнан құралған команда (Ясмин Сейфуллина, Айлин Сейфуллина және Максим Бормин) қатысып, жоғары жетістік көрсеткен.

Әлемдік сайыста оқушылар мульфильмнен шабыт алып жасаған «Айдаһарды қалай баулу керек?» атты шоу-роботты таныстырыпты. Жобаға робот-аниматроник, жасанды интеллект (AI), күшейтілген шындық, дауыс пен бет-әлпетті тану (AR) секілді төрт негізгі техникалық ерекшелік қамтылған.

– Біз халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғағанымызға мақтанамыз. RoboCup Junior OnStage тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Осындай жарыстар арқылы біз болашақ мамандығымызды және оқитын оқу орнымызды таңдай аламыз, – дейді қатысушы Ясмин.

Сондай-ақ, ол оқушылардың әлемдік жарысқа қатысуына мүмкіндік жасаған мектеп басшылығы мен KazRobotics федерациясына алғыс білдірді.

Ал қатысушы Максим Бормин үшін бұл жарыс электроникаға деген қызығушылығын ашыпты.

– Мен үшін бұл жаңа тәжірибе болды. RoboCup-та әсер еткен нәрсе – адамдардың қаншалықты тез жұмыс істей алатындығы. Бір жұмыс тұралап қалса, бірнеше минут ішінде бәрі түзетіледі. Үйренгенім көп. Маған ұнағаны – мұнда бәрі батыл түрде тәжірибе жасайды және қатысушылар бір-бірімен бәсекелес болса да, көмек қолын созуға дайын, – деді ол.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button