Бас тақырып

Әлемдік ғылым Арқаға келеді

Қарағандыда шетелдік университеттердің филиалдары жұмысын бастайды. Атап айтсақ, Ә.Сағынов атын­дағы Қарағанды техникалық университеті базасында британдық Exeter университеті, Теміртаудағы Қарағанды индустриалдық университеті базасында Мәс­кеудің «МИСИС» ұлттық технологиялық зерттеу университетінің филиалы ашылмақ. Сондай-ақ, Қарағанды медициналық университеті негізінде Қазан федералды уни­верситетінің филиалы жұ­мыс істейтін болады.

Қарағандыдағы Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ғылыми-технологиялық хакатонға қатысқан Ғылым және жоғары білім минис­трі Саясат Нұрбек ғылымды елдің индустриялық қажеттілігіне бағыттау маңызды екенін атады.

– Өндірісті жаңа технологияға, ғылымға бағыттау керек. Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру маңызды. Оның үстіне бұл қадам қосылған құн салығын арттыруға, бизнестің және тұтастай елдің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға жол ашады. Экономика салалары бойынша жобалар портфелін негізінен агроөнеркәсіп кешені, денсаулық сақтау және химия өнеркәсібі құрайды. Нақты салалардағы бизнестің сұранысына қарамастан, машина жасау, туризм және өңдеу өнеркәсібі секторында төмен деңгей байқалады. Өңірлер бойынша ғылыми жобаларды коммерцияландыруда Қарағанды қаласының ғалымдары белсенділік танытып келеді. Осы орайда ғалымдар игілігі үшін өңірде беделді университеттердің филиалдары ашылады, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Жиынға қатысқан облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңірде өндіріске бағытталған жобаларға, ғылым мен бизнестің өз­ара ықпалдастығына ерекше көңіл бөлінетінін атады.

– Коммерцияландыруға ұсынылатын басым ғылыми жобаларды жүзеге асыру бағалы металдарды өндірудің тиімділігін арттыруға сеп. Жобалар экологиялық жүктемені азайтып, сондай-ақ Қазақстанның тау-кен өн­ді­рісіндегі жетекші орнын ны­ғайтуға мүмкіндік береді, – деді Ер­мағанбет Бөлекпаев.

Министрдің айтуынша, университеттер жаңа білім беру технологияларын енгізетін, стартаптарды қолдайтын, ғылыми зерттеулер жүргізетін орталықтарға айналуы тиіс. Бұл орайда бизнес-сектормен ынтымақтастықты күшейту және студенттерге ғылыми зерттеулер жүргізетін мүмкіндіктер жасау маңызды.

– Бүгінде мемлекеттің ғылыми-технологиялық саясаты түбегейлі өзгерді. Алдымызда ғылымды қажет ететін экономикаға көшу мақсаты тұр. Ғалымдарды ірі өндірістерге әкелеміз. Өндірістің нақты мәселесін анықтап, ғылыми қаржыландыруды сол мәселелердің шешілуіне жұмсаймыз. Ғалымдарды өндіріске бағыттай отырып, әр цехты зерттейміз. Қазіргі таңда кез келген тау-кен орындарын жер астынан игерудің жаңа әдістемелері қарастырылуда, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Жиын барысында көтерілген бастама мен ұтымды ұсыныстар туралы газеттің келесі санынан оқитын боласыздар.

Аяулым СОВЕТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button