Әлемдік көрмеге әзірлік мығым
Жуырда облыстың тарихи-өлкетану мұражайында Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесін өткізу аясында «Мұражай әлеуметтік және мәдени кеңістіктегі туризм феномені» тақырыбында жобаның тұсаукесері өтті.
Биыл Астана қаласында қанат жаятын халықаралық көрмеге шетелден 1 миллионға жуық қонақ және еліміздің 1 млн. 700 мың азаматы қатысады деп болжам жасалуда. Мәні мен маңызы әлемнің айрықша назарын аударған шараға еліміздің түкпір-түкпірінде дайындық жұмыстары жүргізілуде. Соның бірі – қонақтар қызықтай алатын Қазақстанның көрікті жерлері мен тарихи орындары. Яғни, туризмнің туын биіктету.
Туристер мен саяхатшыларды қызықтыратын да еліміздің шұрайлы өңірлері мен таңбаланған төл тарихы. Тарих мәселесіне тоқталатын болсақ, Алтай мен Атыраудың, Арқа мен Алатаудың арасында табылған құнды жәдігерлердің барлығы дерлік өлке мұражайларынан орын алғанына көз жеткізер едік. Аталған шараның арқалаған жүгі де – сол. Арқа қойнауынан табылған асыл мұралардың бары мен жоғын, жетістігі мен кемістігін тағы бір саралау. Өңірлердегі бай мұраның түпсіз тұнығына көз жүгірту. Саралау, сараптау. Бір шаңырақта бас қосып, қонақтарға ұсынар жәдігерлермен, құнды мұралармен танысу. Мұражайлар мүмкіншілігін таразылау.
– Биылғы ел көлеміндегі ең маңызды шара – «ЭКСПО – 2017» көрмесі. ТМД елдері арасында мұндай ауқымды шараны қолға алған бір де бір ел жоқ екен. Бұл көрмеде әр мемлекет өзінің жеткен жетістігін әлем назарына ұсынуға тырысады. Жаһан жұртшылығы тәжірибе алмасу алаңына жиналған сәтте мәдениет пен өнердің, тарихтың алар орны айрықша. Өйткені, кез келген дамыған һәм өркендеген мемлекеттің алдымен алға тартары – мәдениеті мен сал-дәстүрі, тарихы. Сондықтан, біз бүгін облысымыздың барлық мұражай өкілдерін, туристік агенттік басшыларын шақырып, араларына алтын көпір орнату мақсатын қойып отырмыз. Аудан, қалалардағы мұражайлардың қорын таныстырсақ деп жоспар жасадық. Күн ертең көрме алаңына облысымыздағы барлық мұражайлардың жәдігерлері қойылатынын да мақтанышпен айта аламын. Сөйтіп, біздің мұражай қызметкерлері шетел мамандарымен қарым-қатынас орнатып, өзге елдердің мұражай қызметімен танысуға жол ашары сөзсіз. Ең бастысы – біздің мұражайлар аймағымызға туристерді тартуға барын салады деп сенемін, – деді облыстың мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Ағымбаев.
Біздің аймақ – жер аумағы бойынша еліміздің ең ірі облысы. Өңірімізде жалпы саны жиырмаға жуық мұражай бар екен. Шара барысында Қарағанды облысы мұражайларының туристік маршруттарының таныстырылымы да жасалды. Мамандар қызмет жасайтын мұражайларының өзіндік ерекшеліктерін айтып, басымдықтарына тоқталды.
– Өздеріңізге белгілі, туризм саласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы бекітіліп, ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мұндағы даму даңғылының негізгі қоры – мәдениет пен тарих нысандары. Сондықтан, облыстағы мұражайлар мен туристік бизнестің өзара әрекеттестігі – бүгінгі таңдағы аса маңызды мәселе. Бүгінгі шараға облыстың туристік фирмалары, соның ішінде, «ЭКСПО – 2017» көрмесіне қатысушыларының жүру маршрутын әзірлеп жатқан «Nomadic Travel Kazakhstan», «Павлин-Тур» сынды туристік агенттіктері, Қарқаралы мемлекеттік табиғи паркі және облыстың өзге де фирмалар қатысуда, – деді облыстың кәсіпкерлік басқармасының туризм және сыртқы экономикалық байланыстар бөлімінің басшысы Дәурен Әлжанов.
– Біздің фирманың қызметі ішкі туризмге негізделіп, «ЭКСПО – 2017» көрмесінде жұмыс жасауға аккредиттелгендіктен, Қазақстан аумағындағы әріптестерімізбен тығыз қарым-қатынас орнатудамыз. Мұның ішінде Қарағанды облысы да бар. Бүгін бас қосқан мұражай қызметкерлерінің айтқанын, ұсынғаны, көрсеткенін зерттеп, сараптаудан өткізіп, өз маршруттарымызға енгізетін боламыз. Сөйтіп, шетел қонақтары мен отандастарымызға Қарағанды облысына саяхат жасауды ұсынамыз. Ал, бүгінгі таңда біз қонақтарға Долинка кентіндегі ҚарЛаг мұражайын, Теміртау қаласындағы ҚР Тұңғыш Президентіміздің тарихи-мәдени орталығын, Қарқаралының ажарлы табиғатын көрсетуді жоспарлап отырмыз. Дегенмен, еліміздегі туризмді тусыратып отырған ең басты кедергі – Қазақстанның автокөлік жолдары, – деді «Арман-Тур» туристік фирмасының және Астана қаласындағы гид-аудармашылар мектебінің директоры Салтанат Әбжанова.
Рауан ҚАБИДОЛДИН