Әлемдік додада дара шықты
30 маусым мен 6 шілде аралығында Астанада World Boxing ұйымының бастамасымен Әлем кубогының кезеңі өтті. Айтулы додаға 30 елден 300-ден астам таңдаулы боксшы жиналып, 10 салмақ дәрежесінде жүлделерді сарапқа салған болатын. Қазақстан құрамасы өз жерінде өткен жарыста шеберлік көрсетіп, 8 алтын, 4 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Солардың қатарында жерлестеріміз Сабыржан Аққалықов Әлем кубогының чемпионы атанса, Аида Әбікеева қола жүлдеге қол жеткізді. Жарыстың соңғы күні, яғни, финалдық жекпе-жектерді көруге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы келіп, спортшыларға қолдау көрсетті. Ал, жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама команда мықтылығын тағы бір мәрте дәлелдеп, жалпыкомандалық есепте І орын иеленді.

Астанада өткен кезең – Әлем кубогы сериясындағы үшінші бәсеке еді. Ауқымы да, салмағы да айрықша. Өйткені, бұл – жаңа форматта алғаш рет өтіп жатқан жарыстың беделін айқындайтын, деңгейін бағалайтын маңызды кезең еді. Бұған дейін бұл турнир Бразилия мен Польшада ұйымдастырылған.
75 келіде сынға түскен Қарағанды бокс мектебінің түлегі Сабыржан Аққалықов финалда Еуропа чемпионы болгариялық Рами Киванмен жұдырықтасып, қарсыласынан айласын асырды. Жерлесіміз бірінші раундтан-ақ әлдеқайда ширақ қимылдады. Қарсыласын соққының астына алып, мүмкіндік қалдырмады. Нәтижесінде, төрешілердің бірауыз шешімімен жерлесіміз өз салмағында үздік атанды.
Сабыржан бұл қарсыласымен Болгарияда өткен «Странджа кубогының» жартылай финалында кездескен екен. Ол кезде де Сабыржан жеңіске жетіп, келесі кезең жолдамасын иеленіпті. Енді елорда төрінде қайта жолығып, бұл жолғы қарымта кездесуді де өз пайдасына шешті.
– Бұл қарсылас – осал емес, Олимпиада ойындарының қатысушысы. Десе де, екі кездесу қорытындысы бойынша алда келе жатырмын. Енді келесі оқу-жаттығу жиынымыз Алматыда өтеді. Одан кейін Астанада тағы бір дайындық кезеңі жоспарланған. Сосын Ливерпульге аттанамыз. Онда шамамен бір апта бойы жергілікті жағдайға бейімделу кезеңі болады. Сол дайындықтан кейін Әлем чемпионатында ел намысын қорғаймыз, – деді Сабыржан Аққалықов.
Елордада өткен байрақты бәсекеде отандастарымыз аянып қалған жоқ. Шаршы алаңда шеберлік көрсетіп, ақтық кезеңге дейін барын салды. Нәтижесінде, ерлер құрамасынан 50 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұдырықтасқан Санжар Тәшкенбай, 55 келіге дейінгі салмақтағы Махмұд Сабырхан, Бекзад Нұрдәулетов (85 келіге дейін), Айбек Оралбай (90 келіден жоғары) қарсылас шақ келтірмеді. Ал, әйелдер арасында 48 келіде сынға түскен Назым Қызайбай, 60 келіге дейін салмақтағы Виктория Графеева мен 70 келідегі Наталья Богданова алтыннан алқа тақты.
Бұл біріншілікте көпшілік 2024 жылғы Олимпиаданың күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайдан жеңіс күткен еді. Алайда, отандасымыз бұл жолы ашылмады. 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, қарсыласынан айласын асыра алмады. Одан бөлек, ұлттық құрама сапынан 51 келіде жұдырықтасқан Алуа Балқыбекова, Надежда Рябец (75 келіге дейін), Елдана Тәліпова (80 келіден жоғары) ақтық кезеңде сүрініп, күміс жүлдені місе тұтты.
Ал, 65 келі салмақ дәрежесінде шаршы алаңға көтерілген Аида Әбікееваның жартылай финалдағы жекпе-жегі тым ауыр болды. Себебі, бұл кезеңде жерлесіміз үш дүркін әлем чемпионы түркиялық Бусеназ Сурменалинмен қолғап түйістірген еді. Әрине, жерлесіміз тәжірибелі әрі сауатты спортшы. Әр кездесуде қарсыласынан бір бас жоғары тұратын. Дегенмен, бұл жолғы қарсыласы әлдеқайда күшті болды. Үш раунд қорытындысы бойынша Аидадан әлдеқайда басым түсті. Бірақ, жерлесіміз чемпионмен жоғары дәрежеде жұдырықтаса білді.
Сонымен қатар, 90 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Сағындық Тоғымбай, Ертуған Зейнуллинов (65 келіге дейін), Айдана Забынбекова (57 келіге дейін) ақтық кезеңге дейін жете алмай, Әлем кубогының қола жүлдегерлері атанды.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»