Бас тақырып

Әлемдік додаға әзірлік ойдағыдай

Көшпелі ұлт екеніміз сақ заманынан тасқа жазылып тарих­та таңбаланып қалды. Ұлттың ұлылығы да сол көшпелі халық екендігінде. Ал, «Көшпелі ұлт несімен ерекшеленеді?» де­ген сұраққа жауап біреу – салты мен сол ұлтқа тән ұлттық құн­дылықтарымен. Ұлттық құндылықты ұлықтау­дан кенде емес­піз. Алайда, биылғы қыркүйек айына жоспарланған V Дүние­жүзілік Көшпенділер ойынының маңызы бөлек, алар орны ерек. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та атап өтті. 

Сурет kaznovosti.kz

Алаш елі Астанасындағы мереке маңызы

– Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.

Ел Президентінің  сөзінен аң­ғар­ғанымыз бұл жарыста тек жеңу мен жеңілу ғана емес салты ұқсас, тілі ұқсас, мәдениеті ортақ бауырлас елдердің арасындағы байланысты нығайту басым маңызға ие. Осындай жауапкершілігі мол міндетті абыроймен атқаруға Қазақстан толық дайын. Сол үшін де болар, Дүниежүзілік көшпенділер ойындары ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілгені.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен, еліміз биыл Дүние­жүзілік көшпенділер ойындарын өткізеді. Бұл – әлем жұртшылығына көшпенділердің даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ететін халықаралық деңгейдегі айтулы мереке. Қазақ елі бұл жарысты өткізбекке ниеттенген алғашқы сәттерден-ақ, 73 мемлекеттен қатысуға өтініш келіп түсті. Демек, әлем елдерінің қызығушылығы әлі де артып, қатысушылар саны едәуір көбеюі бек мүмкін. Жарысты жоғары деңгейде өткізу үшін ұйымдастыру комитеті бар күшін салады, – деп атап өтті Туризм және спорт министрі, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Ұйымдастыру комитеті төрағасының орынбасары Ермек Маржықпаев. 

Министр бұған қоса  Көшпенділер ойындары өтетін нысандардың инфрақұрылымы мен дайындық барысына да тоқталды. Ол ұлттық спорт түрлері мен этникалық туризмге қызығушылық танытқан барлық саяхатшыға қауіпсіз әрі жайлы жағдай жасалатынын айта келе, көшпенділер ойындары кезінде Астанаға 100 мыңнан астам турист келетінін жеткізді. Конференцияға қатысқан шетелдік меймандар да Қазақстанда өтетін дүбірлі додаға барынша қолдау білдіріп, Көшпенділер ойындарының әлемдегі этномәдени және этноспорт қозғалысының дамуына жаңаша серпін беретінін айтты.

Елімізде тұңғыш өткелі жатқан Бү­кіләлемдік V Дүниежүзілік Көш­пен­ділер ойындарының бағдарла­масы 3 бағытты қамтиды. Олар спорт, мәдениет және ғылым. Көш­пенділер ойындарына Астанаға ха­лықаралық ұйымдар (қауымдас­тықтар, федерациялар, одақтар, клуб­тар) шақырылды. Қатысушы елдердің делегациялары тек спортшылардан ғана емес, сондай-ақ, мәдениет және ғылым өкілдерінен құрылады. Көшпенділердің дүние­жүзілік ойындары – еліміздің әр өңірінің мәдени байлығы мен алуан түрлілігін көрсетуге мүмкіндік беретін ауқымды әлемдік оқиға. Бүгінгі таң сайысқа қатысуға 89 елден 2500 спортшы тіркелген. Олар 21 спорт түрі бойынша 110 медаль жиынтығын сарапқа салады. Жалпылама сыйақы көлемі 253 млн. теңгені құрайды. Командалық спорт түрлерінен топ жарғандар 10 млн. теңге алады. Сайыстың күміс жүлдегерлері 6 және 4 млн. теңге еншілемек. Ал, ат спорты түрлерінің сыйақысы салыстырмалы түрде жоғары. Мәселен, Аламан бәйгенің алдынан келгенге 5 млн. теңге тағайындалса, топ бәйге жеңімпазы 4 млн.теңге иеленеді. Жорға жарыс пен құнан бәйгесінің жүйріктеріне 3 млн.теңгеден беріледі.

Сурет sportqory.kz

Арқадан барар арда топ

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында ат спорты түрлері, ұлттық күрес түрлері, садақ ату, дәстүрлі интеллектуалды ойындар, саятшылық өнер, садақ ату, жамбы ату, арқан тарту сынды ұлттық және халықтық ойындардың 20 түрінен жарыс өтеді. Бұған қоса ресми бағдарламадан тыс, ұлттық өнердің 10 түрін таныстыру мақсатында өтетін арнайы көрсетілім сайыстары белгіленген. «Қазанат» ипподромы мен оның маңында орналасатын «Көшпенділер әлемі» этноауылында ат жарыс, көкпар, саятшылық өнері мен садақ ату жарыстары жоспарланған. Осы орайда Қарағанды көкпар федерациясының басшысы Нұрлан Мерекеұлының пікіріне назар салсақ.

– Сәуір айынан бері алдағы V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу сайыстары өтіп жатыр. Әлем назарындағы дүбірлі додада біздің жерлестеріміз дәстүрлі садақ ату, жамбы ату, көкпар мен аударыспақтан бақ сынайды. Оған қоса, қазіргі таңда аймақтағы 23 команданың көкпардан алдына қара салмайтын қабілеті бар деуге негіз жоқ емес. Кейде команда саны 25-ке дейін жетеді. Бұл ел ішіндегі палуан жастардың көкпарға ден қойғанын айғақтаса керек. Тіпті, Шет, Қарқаралы секілді аудандардан ойын сайын 8-10 команданың жиналуы – бұған дәлел. Бұдан бөлек қарағандылық көкпарсүйер қауыммен қатар елге де танылған көкпаршылар біршама. Олардың дені 2000-2003 жылғы палуандар. Атап айтсақ, Шет ауданының палуаны Темірлан Тілеубек, Ақжалдан Әнуар Жаңбырбаев, Мирас Тахауиов, Бұқар жырау ауданынан Мұхтархан Серғазиев, ақтоғайлық Айбар Мәни сынды білекті жігіттерді біз түгілі өзбек пен қырғыз, қала берді америкалық экстрималды спорт өкілдері де танып қалды. Деңгейлері де өте жоғары. Ең бастысы, ойынға ынтасы зор. Әр ойында көкпаршылардың жанарынан «жеңем» деген жасындай от байқаймыз. Сондықтан дүбірлі додаға сақадай саймыз деуге болады, – деп атап өтті ол.

Ал, Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайы мен «Алау» мұз айдынында» ұлттық күрес түрлері мен халық ойындары, «Думан» қонақ үй кешенінде инттелектуалдық ойындар сайысы ұйымдастырылды. Еліміз бойынша доданың бұл санаттарында бой көрсетем деген үміткерлер баршылық. Оның барлығын өтіп жатқан іріктеу чемпионаты анықтайды. Іріктеуге облысымыздан қатысатын спортшыларға тоқталсақ, тоғызқұмалақтан спорт шебері Аңсаған Қожанәсіп, жамбы атудан Талғат Омарбаев, дәстүрлі садақ атудан Мая Казнева, аударыспақтан Азия чемпионы Нұрбек Аманжол, асық атудан Ерболат Қаржаубай дайындық үстінде. Сонымен қатар, саятшылықтан сайысқа түсер жыртқыш құстар бүгін томағасы сыпырылып топ бастауға дайын көрінеді. Қарағандылық бүркітшілер Темірәлі Төлегенов, Төлеген Махамбетчиндердің қырандары «Ақжелке» мен «Найзағай» бапталуда. Тағы да өзге жас саятшылардың сұңқарлары мен бүркіттері сайыс сапына іріктелуде. Тек ұлттық қана емес, біздің спортшылар өзге елдердің де спорт түрлерінен сайысқа түседі. Мысалға, қырғыздардың «алыш», өзбектердің «кураш», кәріс елінің «ссирым» күрес түрлері бар. Осыларға қазақ балуандары жеке сабақ алып дайындалып жатыр. Спортшылардың барлығы іріктеу сайысынан соң анықталады. Бүгінгі таңда облыстың 60 спортшысы іріктеу жарыстарына қатысуда. Еліміздің құрама командасы республика көлемінде өтетін іріктеу жарыстарының қорытындысы бойынша жасақталады.

Қарағандылық бүркітші Төлеген Махамбетчин және бүркіті «Найзағай»

Мәдениет мәресінен де үміттіміз

Ұлы даланы дүбірге бөлер көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты «Астана-Арена» стадионында, жабылуы «Қазанат» ипподромында өтеді деп бекітілді. Бүгінгі таңда «Қазанат» ипподромында қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жарысқа сақадай сайланды. Толық іске қосылып, техникалық жағынан жабдықталған ипподром 10 мың көрерменді қабылдауға қауқарлы. «Астана-Арена» мен «Алау» мұз айдыны» сарайында да жөндеу жұмыстары өтті.

Сондай-ақ, Көшпенділер ойындарының идеясын толық ашу үшін еліміздің барлық аймағында «Бірлік керуені» жобасы іске асырылды. «Қазанат» ипподромының аумағында «Көшпенділер әлемі» атауымен этноауыл құрылады. Этноауылда апта бойы Қазақстан мен әлем елдерінің үздік қолөнер шеберлерінің көрме-жәрмеңкесі, шеберлік сабақтары өтеді. Қарағанды облысынан 6 зергер барады. Олар – Илья Казаков, Настасья Карамышева, Александр Жуков, Серіп Елубаев, Сергей Таскин және Александр Цейхмаструк. Сонымен қатар, Наталья Вшивцева, Перизат Құлымбетова, Самат Қожабаев, Мәлік Жомарт және Евгений Шульц  сынды 6 қолөнерші де сайыс сапына тіркелді. Этноауылдағы мәдени бағдарламаның ажырамас бөлігі дәстүрлі ақындар айтысы болмақ. Байрақты бәсекеге ақындар айтысы сайысының жүлдесін сарап­қа салмаққа сайланған қарағандылық айтыскер ақын – Мақсат Аханов. Сонымен қатар, төрткүл дүние көз тіккен сахнада қарағандылық дәстүрлі әншілер Төлеутай Баянды мен Дәуренбек Әркенов, Сержан Мұсайын, Гүлмира Тапай, күйші Балқан Смағұлов және қобызшы Шахназе Ильясова өнер көрсетеді. 

Этноауылда этникалық үлгіде сән көрсетілімі өтетін алаң болады. Этникалық сән фестивалі аясында Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің этнографиялық сән театры мен «Нұрасем» сән үйінің этнография­лық киімдерінің әртүрлі үлгілері ұсынылады. Этноауыл сахнасында үздік халық театрлары, С.Сейфуллин атындағы қазақ драма театры, «Арқа сазы» фольклорлық ансамблі, Тәттімбет атындағы ұлт аспаптары академиялық оркестрі өнерін ортаға салады.

Сурет e-orda.kz

Бұдан басқа, этноауыл қатысушыларының бейнероликтерін дайындау, әлеуметтік желілер бойынша орналастыру және ілгерілету және баспа өнімдері (флайерлер, афишалар, бағдарламалар, бейдждер, баннерлер) көзделген. Ал, жоғарыда аталған этноауылдарға келер болсақ, олардың әрқайсы жеке маңызға ие. Мысалы «Көшпенділер әлемі» этноауылын ұйымдастыру және безендіру үшін ішкі әшекейлері бар бес көрме киіз үйі тігілуде. Оның біріншісінде көшпенділер тақырыбында Қарағанды облысы музейлерінің көрмесі өтеді. Екінші киіз үйде театрландыру арқылы қазақ халқының әдет-ғұрыптарын көрсету жоспарлануда, үшінші киіз үйде Қарағанды облысының жетістіктері мен туризм көрмесі ұйымдастырылады. Төртіншісінде облыс суретшілерінің үздік жұмыстарымен Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінің көрмесі топтарылса, бесінші киіз үйде облыс қолөнершілері мен зергерлерінің шеберлік сағаттарын өткізу жоспарда.

Этноауылда жоспарланған барлық шаралар әр елдің мәдени мұрасын, ұлттық құндылықтарын дәріптеудің бірден-бір жолы болса керек. Бұл сында Қазақстан халқының бай тарихы мен мәдениетін танытуға еш кедергі жоқ.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button