Спорт

Қарағандылық қос шаңғышы Лиллехаммер қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама еншіледі

Риддер қаласында шаңғы жарысынан Қазақстан жастар чемпионаты өткен еді. Оған елдің түпкір-түпкірінен 10 команда құрамында 173 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады. Дүбірлі додада біздің облыс намысын қорғаған спортшылар да бар.

Сурет облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан

Алдымен жарыс жолына жерлесіміз Диляра Бейсекеева шыққан болатын. Ол классикалық спринт сайысында сынға түсіп, нәтижесінде мәре сызығын үшінші болып кесті. Содан кейін облыс құрамасы 4×5 шақырымдық эстафетада қола жүлдеге қол жеткізді. Айта кетейік, команда сапында Диляра Бейсекеева, Евгения Вадутова, Ясмина Какенова және Алиса Тротно сынды жерлестеріміз бар.

Командалық спринт классикалық бағдарлама бойынша Евгения Вадутова мен Диляра Бейсекеева жұбы алтыннан алқа тақты. Айта кетейік, бұл жетістік – қос спортшының мансабындағы ең ірі жетістіктерінің бірі. Қос шаңғышы бұл жолы алтын медальмен бірге наурыз айында Лиллехаммер қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама еншіледі. Енді жерлестер әлемдік бәсекеде ел намысын қорғамақ.

– Мен қыздарымыздың көрсеткен нәтижелеріне ризамын. Олардың болашағынан зор үміт күтемін. Әлем чемпионатында Диляра бізді қуантады деп сенемін. Спортшылардың негізгі тәлімгері Александр Овсов. Ендігі мақсат әлем чемпионатының алтыны, – деді шаңғы жарысынан Қарағанды облысы құрамасының аға жаттықтырушысы Максим Щербаков.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button