«Әлемді мейірім құтқарады»
Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Жан шуағы» ХХVII облыстық фестивалі өткен аптада К.Станиславский атындағы орыс драма театрында өтті. Фестивальге Қарағанды, Теміртау, Саран, Шахтинск қалалары мен Абай, Ақтоғай, Қарқаралы аудандарынан 200-ге жуық адам қатысты.
«Жан шуағы» фестивалі мүмкіндігі шектеулі жандардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, жаңа таланттарды ашуды көздейді. Дәстүрлі шара олардың өнерін насихаттау арқылы әлеуметтік бейімдеуді мақсат етеді. Фестивальға саңырау және нашар еститін, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған мамандандырылған мәдени-демалыс ұйымдарының, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталықтарының, мүмкіндігі шектеулі жандардың ерікті қоғамдарының, қоғамдық бірлестіктердің көркемөнерпаздар ұжымдары қатысты. Облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы мәдени шараға мұрындық болғанын да атап өту керек.
– Бұл жоба кезінде біздің ардагерлерден бастау алған. Содан бері әлі күнге дейін жалғасып келеді. Әр фестиваль осы адамдардың көңілін көтеріп, бір сәтке болса да, проблемаларын ұмыттырса деймін. Бұрындары қатысушылара 2-3 мың теңгеден берілетін, биыл әр қатысушыға 5 мың теңгеден беріледі. Бұл қаражат 39 ұжымнан қатысып отырған 195 адамның шотына жіберіледі. Біз мүмкіндігі шектеулі адамдарды қашанда қолдауымыз керек. Мүгедектігі бар адамдарға арналған басқа да шараларымыз бар. Оларға бір рет қана көңіл бөлмей, әр шараға шақырып отырамыз, – дейді облыстық мәдени-сауық және халық шығармашылығының ғылыми-әдістемелік орталығы директоры Индира Қанафина.
Фестивальдің бірінші бөлімінде «Менің қалам, Қарағанды!» тақырыбына арналған «Шексіз мүмкіндіктер әлемі» көрмесі ұйымдастырылды. Оған суретшілер, сәндік-қолданбалы өнер шеберлері қатысып, барлық қатысушылар марапатталды.
Марапатталғандардың бірі – Анара Тұрғанова. Ол Сараннан келіпті. Оның сурдоаудармашысы Ангелина Олеговнаның айтуынша, ол өте талантты. Ангелина оның талантын танытқысы келеді.
– Анараны ғана емес, басқа да есту кемістігі бар адамды қоғамға тартып, оларды түрлі шараларға қатыстырамыз. Саран қаласында екі сурдоаудармашы бар. Екеуіміз 24 адамға көмектесеміз. 2009 жылдан бастап жұмыс жасаймын. Бір рет байқап көргеннен кейін ым-ишара тілін арнайы үйрендім, – дейді ол.
«Біз біргеміз және бұл – біздің күшіміз!» концерті – фестивальдің екінші бөлімі. Мұнда әр ұйым түрлі жанр бойынша 3-4 номер көрсетеді.
Қарағанды қаласының №2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында қызмет алушылар көрмеге де қатысты, ән мен би де ұсынды.
– Біздің қатысушылар ән мен би дайындап әкелді, – дейді орталықтың музыкалық жетекші Индира Бұхарбаева. – Биден бес, вокалдан бір адам қатысып жатыр. Біздегі қызмет алушылардың дені психикалық ауытқулары бар жандар. Би мен ән үйірмесі олардың көңіл-күйіне әсер етеді. Уақыттары бос өтпеуі үшін күнделікті жаттығамыз. Бір биді дайындау үшін ұзақ уақыт кетеді. Ол кісілердің есте сақтауы, қабылдауы әртүрлі. Қайталап отырмаса, ұмытып та қалады. Бірақ, өздері ниеттеніп, бүгін өнерлерін көрсетуге келді.
Саңыраулар мәдениет үйінің басшысы Әсет Әмірбековтің айтуынша, мұндай шаралар өте қажет.
– Фестивальге өнер көрсетуге біздің мәдениет үйінен 39 адам келіп отырмыз. Ым-ишара, клоунада жанрлары бойынша өнер көрсетті, көрмеге де қатысты. Ұйымда үш халық театры бар, «Өнер ұшқыны» өнер студиясы көрмесі жұмыс істейді. 100 адамды тұрақты қамтып отырмыз. Оның ішінде, бала да, үлкен де бар. Шараны ұйымдастырушыларға алғыс, – дейді ол.
Фестивальдің барлық қатысушыларына Алғыс хат табыс етілді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz