Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтады – Мемлекет басшысы
Бұл туралы бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты іс-шарада айтты.

– Қазір Қазақстан ауқымды жаңғыру жолына түсіп жатқан кезеңде әйелдердің жасампаздық рөлі арта түсетіні анық. Республикалық референдумға шығарылған халық Конституциясының жобасы мемлекетіміздің болашағын, даму бағдарын айқындайтын тарихи құжат деп айтуға толық негіз бар. Әлемдегі ахуал ушығып тұрған уақытта жаңа Конституция Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтады, еліміздегі барлық қоғамдық-саяси институттардың қызметіне жаңа серпін береді. Жаңа Конституция жобасының негізгі арқауы – Қазақстанның Тәуелсіздігін, Егемендігі мен территориялық тұтастығын, азаматтарымыздың құқықтары мен еркіндігін қорғау. Ата Заңның жаңа жобасында көптеген дамыған елдерде кездесе бермейтін нақты әлеуметтік нормалар кеңінен қамтылған. Мен бұған сенімдімін. Конституциядағы аталған ережелер мемлекетіміздің әлеуметтік сипатын күшейте түседі. Қазақстанда халықты әлеуметтік қолдау жүйесі өте жақсы дамыған. Мемлекет осы саладағы өз міндеттемелерін мүлтіксіз әрі уақтылы орындап келеді. Жүзден астам неше түрлі әлеуметтік төлемдер мен жеңілдіктер бар, тегін қамтамасыз етілетін бағдарламалар көп. Бұл – бүгінгі күннің жағдайы. Ал біз ертеңгі күнге, алыс болашаққа қарауымыз керек. Ең бастысы – адам капиталын жақсартып, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру. Сондықтан біз білімді, еңбекқор, жасампаз ұрпақты, яғни адал азаматтарды тәрбиелеуге баса мән беруіміз қажет. Қазіргі таңда дүние жүзінің әрбір түкпірінде адам капиталы немесе адам сапасы туралы айтылуда. Бұл – бүгінгі технологиялық заманның сұранысы, талабы. Еліміз үшін бұл – аса маңызды стратегиялық міндет. Осы істе әйелдердің рөлі айрықша екені сөзсіз, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ, технология дамуында нақты прогреске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек екендігін баса айтты.
– Халық Конституциясының жобасы референдумда жұртшылықтың жаппай қолдауына ие болған жағдайда мемлекеттігіміздің озық инновациялық жүйесін құруға зор мүмкіндік беретін болады. Сондай-ақ бас құжат жасанды интеллект және жаппай цифрландыру дәуірінде Қазақстанның тұрақты дамуына ұзақ мерзімді және мызғымас негіз қалайтыны сөзсіз. Дей тұрғанмен сапалы адам капиталы болмаса, қарқынды технологиялық дамуға қол жеткізудің қиын болары айдан анық. Сондықтан осы маңызды міндетті орындау үшін ел өмірінің барлық саласына, атап айтқанда, әлеуметтік саясат пен иммиграцияны реттеу мәселесіне жаңаша көзқараспен қарап, тың тәсілдер әзірлеу қажет болады. Тағы да қайталап айтамын, технология дамуында нақты прогреске қол жеткізу үшін сапалы адам капиталын қалыптастыру және дамыту ісін шындап қолға алу керек. Бұл проблемаға көз жұма қарауға болмайды. Демек әлеуметтік саясатты, соның ішінде иммиграция мәселесін қайта қарап, жаңа тәсілдер әзірлеген жөн. Әлем түбегейлі өзгерді. Бұл үдеріс барған сайын үдей түседі. Бізге де, яғни күллі Қазақстанға өзгеретін кез келді. Әйтпесе өте қиын болады, – деді Президент.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



