Әлем назары – Астанада
Кеше Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Саммиті басталды. Дүниежүзі халқының жартысына жуығы тұратын мемлекеттердің басшылары қатысатын жиын екі күнге созылады және «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбына арналады. Осы екі күнде Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық өзара іс-қимылдың ауқымды мәселелерін қарастырады. Жалпы, Елордаға 16 мемлекет пен үкімет басшылары, сондай-ақ, халықаралық ұйымдардың басшылары, оның ішінде, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш келеді.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы 2011 жылы құрылған болатын. Осы жылдар ішінде көпсалалы және көпфункционалды ұйымға айналып, мұнда өзара іс-қимылдың саяси, экономикалық және гуманитарлық аспектілері бірдей басымдыққа ие болды. Қазір ШЫҰ аймағының халқы жер шары халқының жартысына жуығын құрайды, оның кеңістігі жер бетінің төрттен бір бөлігін алып жатыр. Ұйымға қатысушылар құрамы да жыл сайын кеңейіп отыр.
Ұйымға тоғыз ел мүше. Олар – Қазақстан, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан. Биыл Беларусь Республикасы да ШЫҰ толық мүшесі болады.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Саммиттің маңыздылығына тоқталып, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының ерекше мәртебесін атаған болатын.
– Мен 1996 жылы ұйымды құру шараларына атсалыстым, келіссөздер жүргізуге, ұйым құжаттарын дайындауға қатыстым. Осы жылдары «Шанхай бестігінің» қатары артты, Астана Саммитінде олардың саны бестен, онға дейін жеткелі отыр, әрине, Саммит барысында біздің қатарымызға Беларусь қосылмақ, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Президент сонымен қатар, Қазақстанның «Әділетті әлем және ортақ келісім туралы» доктрина жобасын Саммитке қатысушы тараптың барлығы қолдап отырғанын да айтты.
– Астанадағы Саммитке қатысушылар халықаралық қауымдастықты адал және ашық жаһандық диалогты бастауға, қауіпсіздіктің жаңа парадигмасын қабылдауға, әділ экономикалық орта құруға және планетаның тазалығын сақтау үшін қажетті күш-жігерді барынша жұмсауға шақырады, – деді осы орайда Мемлекет басшысы.
Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы әскери блок емес. Оның негізгі мақсаты – қауіпсіздік пен тұрақтылықты күшейту, өзара сенім мен достықты нығайту, ортақ мүддеге сай салаларда аймақтық ынтымақтастықты дамыту болып табылады. Одан бөлек, бұл қатарда халықаралық қақтығыстарды болдырмау және реттеу, есірткі саудасы, терроризм және сепаратизммен күрес те бар.
Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің елімізге мемлекеттік сапарын Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік әрі жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп бағалайтынын айтты.
– Қазақстан елдеріміз арасындағы тату көршілік пен ғасырлар бойғы достықты нығайтуға ерекше мән береді. Біз бірлескен күш-жігеріміздің арқасында өзгелерге үлгі болатын және түрлі бағытты қамтитын мемлекетаралық ықпалдастық орнаттық. Біздің екіжақты қарым-қатынасымыз дамудың жаңа «алтын кезеңіне» өтті деп нық сеніммен айтуға болады, – деді Қазақстан Приезиденті.
Ал, ҚХР Төрағасы Қазақстанның қарқынды дамып келе жатқанына тағы да куә болғанын атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен қазақ халқы анағұрлым қуатты әрі өркендеген жаңа Қазақстан құратынына сенім білдірді.
Саммит қорытындысы бойынша 20-дан астам құжатқа қол қойылады деп күтіліп отыр. Оның ішінде, терроризмге, сепаратизмге және экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы, ШЫҰ-ның 2024-2029 жылдарға арналған есірткіге қарсы стратегиясы жоспарланған.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz