Жаңалықтар

Әлем мойындаған тұлға

Кешегі Ресей мен Түркия арасында соғыс болу қаупі туғанда екеуімен де тығыз байланыс орнатқан Қазақстан үнсіз қала алмады. Бірі – көршілес, бірі – бауырлас ағайынға араша түсіп, екі ел арасындағы кикілжіңнің бейбіт жолмен ғана шешілуі үшін Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ батыл қадамдарға барды. Жалпақ әлемге саясаткерліктің ерен үлгісін көрсетті. Бұл Жер бетіндегі бейбітшілікті, тыныштықты сақтап қалу мақсатында бітімгершілік жолын таңдаған Елбасының ерлігі болды.

БӘРІ ҰШАҚТАН БАСТАЛҒАН…

Ресей мен Түркияның арасы ажырауына себеп болған жайт – рұқсатсыз ұшқан ұшақ. Еске сала кетсек, 2015 жылдың 24 қарашасында Түркияның Сириямен шектесетін шекарасында түріктің «F-16» ұшағын тізгіндеген әскери ұшқыштар Ресейдің «Су-24» бомбалаушы ұшағын атып түсірді. Биліктің таратқан мәлімдемесіне сәйкес «Ресейдің әскери ұшағы Түркияның мемлекеттік шекарасын бұзып кіріп, 17 сек. бойы Түркияның әуе кеңістігінде ұшқан. 10 рет ескерту жасалған соң, ол ұшақты атып түсіруге тура келіпті-мыс». Осылайша, «жарылуға» себеп таппай тұрған халықаралық жағдай одан сайын ушығып, шиеленісе түсті. Олардың арасындағы саяси қарым-қатынас қана емес, экономикалық және қоғамдық байланыстар да үзілді. Ресей Түркияға қарсы экономикалық сипаттағы санкциялардың түгелге жуығын жасап үлгерді. Оның ішінде түрік тауарларын өз ішінде сатуға шектеу қойылды, визасыз режимді жойып, түрік азаматтарын жұмысқа алмау жөнінде арнайы қаулы шығарылды. Түркия бағытындағы туризм тоқтап, Еуразиялық экономикалық одақ және Кеден одағына кіретін постсоветтік елдердің Түркиямен сауда-саттық жасауына тосқауыл қойылды. Сол кездегі дерек бойынша Ресей мен Түркияның арасындағы сауда көлемі жыл сайын 35 млрд. долларды құраған. Екі ел арасындағы экономикалық майдан осылайша басталып кеткендей болды. Орыс-түрік қатынасын жақсартуға ықпал ететін, араағайындық жасаушы ел болуға Қазақстанның нақты мүмкіндігі бар. Түркия Президенті Р.Ердоған бастама жасап, 2015 жылдың 30 қарашасында Қазақстан Президенті Н.Назарбаевқа телефон соққан. Сол кезде Елбасы білікті, көпті көрген, көңіліне көп түйген саясаткер ретінде өз ақыл-кеңестерін айтқан және екі жақты келісімге келу туралы ойын жеткізген.

ЕЛБАСЫ В.ПУТИНГЕ ӨЗ ҚОЛЫМЕН ХАТ ТАПСЫРҒАН

Президент Н.Назарбаев барлық мәселенің мән-жайы кешірімде тұрғанына көзі жеткен соң, Түркия жағын хат жазуға көндірген. Сондай-ақ, Елбасы Н.Назарбаев Түркияның Президенті Р.Ердоғанның хатын ШЫҰ-ға мүше елдердің Ташкенттегі саммитінде Путинге өз қолымен тапсырған. Түріктің «Хьюриетт» басылымы нақ осылай деп жазды. Президент хатты неге өз қолымен тапсырған? Егер Анкара осы хатты дипломатиялық арналармен ресми түрде жіберген болса, оның оң нәтиже бере қоюы екіталай еді. Өйткені, онда Кремль талап еткен «кешірім» жоқ, ұшақтың құны туралы да сөз айтылмаған. Сондықтан, хаттың қабылдануы тек Назарбаев сөзінің өтімділігінен екені көрініп тұр. Тек соның арқасында ғана мазмұны сан-саққа шашыраған «кешірім» сөзсіз қабылданған екен. Осыдан соң бүкіл Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары «Түркия кешірім сұрады» деп жарты әлемге жар салды. Арада 8 күн өткенде екі ел басшысы телефон арқылы сөйлесіп, келісімге келді. Түркияның барлық қайраткерлері, соның ішінде Президент Р.Ердоғанның өзі, Ресей Президенті В.Путин – екі елдің арасындағы татулықты қалпына келтіруге қосқан зор үлесі үшін Н.Назарбаевқа алғыс айтты.

ЕРЕН ЕҢБЕК ҮЛГІСІ

Елбасы Н.Назарбаевтың Түркия мен Ресейдің ымыраға келуіне қосқан зор еңбегі туралы түрік басылымдары да бірінен соң бірі жариялап жатты. Соның ішінде, «Önce Vatan» газетінің тілшісі Кемал Саллының қаламынан туған «Сізге шексіз алғыс, құрметті Н.Назарбаев» атты мақала жарық көрді. Бұл мақалада Анадолы жерін мекендеген 78 миллион «қазақ жұрты» атынан Елбасы Н.Назарбаевтың ұстанған саясаты мен еларалық дәнекерлігіне ризашылық білдіріп, Қазақстанның қарқынды дамуы туралы сөз етілген. Бұдан басқа газеттер мен сайттарда «Түрік әлемінің Ақсақалы» деп танылған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың түрік-ресей қарым-қатынасын қалыпқа келтіруде ерен еңбектің үлгісін көрсетті деп хабарлады. Қазақ халқының бейбітшілік және бітімгерлік ұстанымын ту еткен Елбасы Н.Назарбаев мемлекет басына келгеннен-ақ осы ұстанымынан таймады. Елбасының қазақ халқының ғана емес, әлем халықтары арасындағы келіспеушілікті жойып, бейбітшілік пен бітімгерлікке, татулыққа шақырған еңбегіне бүкіл әлем тәнті болды. Ұлы тарих көшінің бүгінгі белесінде Қазақстан Президенті Н.Назарбаев әлем халқын осылайша бір таңырқатты. Сонымен қоймай, мойындатты да.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.

Басқа материалдар

Back to top button