“Евней Арыстанұлы тек ғалым ғана емес, мейірімді әке де болды”
Қазақ халқының маңдайына біткен ұлы ғалымы, атақты химик, академик Евней Бөкетовтің биыл 100 жылдық мерейтойы елімізде кең көлемде атап өтілді. Мерейтойлық іс-шаралар легі жер-жерде өткізілген болатын. Бұл жолы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінде «Е.Бөкетовтің ғылыми көкжиектері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Конференцияға Ұлыбритания, Қытай, Венгрия, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстаннан келген шетелдік ғалымдар, Парламент депутаттары, еліміздегі жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, университет түлектері қатысып, Евней Бөкетов тұлғасының және оның еңбегінің халықаралық маңыздылығын атап өтті. Бұл жиын – Евней Арыстанұлының ғасырлық мерейтойының қорытындысы болды.

Конференция басталар алдында облыс әкімі мен қонақтар академик Бөкетовтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
– Бұл мерейтой – өңір үшін ғана емес, барша қазақ елі үшін маңызды айтулы шара. Біз бір жыл бойы Евней Арыстанұлының 100 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар өткіздік. Тіпті, АҚШ-тың беделді университетінің бірі Джордж Вашингтон университетінде «Вашингтондағы Бөкетов күні» ғылыми-танымдық жиыны өтті. Бүгінгі конференция сол атқарылған жұмыстың негізгі түйіні болмақ, – деді Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков.
Конференцияға облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысып, қатысушыларды ғалымның 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, университет ұжымының атына келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
Президент конференцияның ашылуымен құттықтап, Евней Бөкетовтің 100 жылдығына арналған халықаралық жиында ғалымның есімін мәңгі есте қалдыруға және оның бай мұрасын сақтауға қатысты мазмұнды ойлар мен ұсыныстар айтылатынына сенім білдірді.
– Осы оқу орнының түлегі ретінде мұндай маңызды шараға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Шын мәнінде ауқымды ойлайтын тұлға негізін қалаған университеттің болашаққа сеніммен қарайтынын көру – ерекше сезім. Бұл мұраны сақтап, дамытуға атсалысыңыздар. Білімге деген құштарлықтарыңыз сарқылмасын, әрқашан жандарыңыздан қолдау көрсетіп, шабыт беретін жандар табылсын! – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Конференцияға Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, Ұлыбритания, Қытай, Венгрия, Түркия, Ресей, Беларусь, Өзбекстаннан келген шетелдік ғалымдар, еліміздің жоғары оқу орындарының басшылары мен ғалымдары, университеттен білім алған елге белгілі тұлғалар, Е.Бөкетовтің туыстары, мәдениет қайраткерлері мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.
– Бұл конференцияның маңызы өте зор. Ата-бабаларымыз білім мен ғылымды – дүниенің қозғаушы күші деп санаған. Евней Бөкетов – қазақ халқының арасынан шыққан ғұлама ғалым, өмірде із қалдырған тұлға ретінде барлық құрметке лайық. Әрі бүгінгі таңда университеттің оның есімін алып жүруі – бәріміз үшін зор мәртебе. Өйткені, ол – әлемге танылған ғұлама, үлгілі ғалым. Адамдық болмысы, оның ғылыми жаңалықтары мен жүріп өткен өмір жолы қанша уақыт өтсе де, жас ұрпақты тәрбиелеуге өнеге болып қала береді, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Құдайберген Бексұлтанов.
Аталған шарада Мемлекеттік сыйлықтың иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Серік Ақсұңқарұлы академик Евней Бөкетовтің мерейтойына жүрекжарды лебізін өлеңмен өрді.
Алқалы жиынға Евней Бөкетовтің қызы, Қазақ-Британ техникалық университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы Ақсұлу Евнейқызы Алматы қаласынан арнайы келді. Ақсұлу Евнейқызы Бөкетовтер әулетінің атынан кең көлемде мерейтойлық іс-шаралар ұйымдастыруда белсенділік танытқан облыс әкімдігі мен университет басшылығына шынайы ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде Евней Бөкетовтің өндірістік өлкеге келіп, ғылым саласын қалыптастыру жолында еңбек етуіне академик Қаныш Сәтбаевтың зор үлесі болғанын айтты. Бөкетовтің өзі таңдаған мықты кадрлардың, оның көзін көрген, тәлімін алған шәкірттерінің осы өлкеде еңбек етіп келе жатқанын, олардың әлі күнге дейін әкесі жайлы жылы естеліктер айтатынын тілге тиек етті.
– Евней Арыстанұлы Химия-металлургия институтын басқарған кезде жанына бір топ үзеңгілестерін жинады. Оның көптеген шәкірттері ұзақ ғұмыр кешіп, ғылыми әлеуетін арттырды. Бүгінде бәрі оны ұмытпай, құрметпен еске алады. Таңғаларлығы, ол 1972 жылы таңдаған кадрлар әлі күнге дейін осы жерде еңбек етуде, – деді ол.
«Жақсының аты өлмейді» деген осы болса керек. Ақсұлу Бөкетова отбасында ғалымның қандай әке болғанын да айтып берді.
– Евней Арыстанұлы тек ғалым ғана емес, мейірімді әке де болды. Бала күнімізде біз мерекелер қарсаңында балалар концертін ұйымдастыратынбыз, ол бізге арнап өлеңдер жазатын, газетімізді шығаруға көмектесетін. Қойған концертімізді тамашалап, көңіл көтеретін. Бірақ бала тәрбиесінде өзіне тән талаптары бар еді. Ол тамаша эрудицияға ие болатын, кез келген жағдайда өлеңді жатқа оқып сала беретін еді. Өміріндегі ең күрделі сәттерде де ол әзіл айтатын, қалжыңқойлығын жоғалтпады, – деді қызы Ақсұлу Бөкетова.
Ғалым халықаралық конференцияның барлық қатысушыларына ғылыми идеяларын дамытуға сәттілік тіледі.
Конференция барысында Евней Бөкетовтің ғылыми еңбектері мен шығармалары топтастырылған 7 томдық кітаптың тұсауы кесілді. Мұнда бұрын-соңды еш жерде жарық көрмеген, тың дүниелер мен мұрағаттан алынған құнды деректер, сонымен қоса, ғалымның ғылыми баяндамалары, дәрістері, сұхбаттары мен құжаттары енген. 7 томдық кітап ғалымның зерттеу көкжиегін, идеялардың эволюциясын және ғылыми мектебін тұтас қамтыған құнды қор деп бағаланып отыр.
Сондай-ақ, академиктің ғасырлық мерейтойына орай шығарылған «Евней Бөкетов – 100 жыл» монеталық коллекциялары таныстырылды. Мұнда академиктің портреттік бейнесі көрініс тапқан. Салмағы 15 грамм, диаметрі 33 мм, номиналы 200 тг болатын монеталар 5000 таралыммен айналымға шықты.
Конференцияда үш бағыт бойынша ғылыми баяндамалар оқылды: химия, металлургия және технология саласындағы зерттеулер; әдеби-публицистикалық мұра; Бөкетовтің гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардағы қоғам қайраткері ретіндегі рөлі.
Евней Арыстанұлы Бөкетов тарихта металлург-ғалым, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қарағанды мемлекеттік университетінің тұңғыш ректоры, жазушы және аудармашы ретінде қалды. Оның есімі университетке ғана емес, елдімекендердегі көшелерге де берілген. Ғалымның бай ғылыми және мәдени мұрасы бүгінгі ғылым мен қоғамға әлі де зор ықпал етіп келеді. Өйткені, ол – әлем мойындаған құбылыс.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»